Жаңа зейнетақы жүйесі қартайғанда жарылқай ма?

0
104

Ағымдағы жылдың маусым айында «Зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» бекітілді. Аталмыш жоба Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын ескере отырып, зейнетақы реформасы мәселелері жөнінде айтылған тапсырмаларын орындау үшін әзірленген болатын.

 Аталмыш тұжырымдаманың мақсаты қандай? Зейнетақы төлемдері қалай жүзеге асырылады? Базалық зейнетақы қалай тағайындалмақ? Осы және басқа да мәселелерді кеңінен қарастырып көрелік.

Базалық зейнетақы кедейліктен құтқарады

Атап айтқан жөн, зейнетақы жүйесін жаңғырту қазақстандықтардың өмір жасын арттыру қажеттілігінен туындап отыр. Тұжырымдаманың негізгі көздегені – зейнеткерлік жаста лайықты зейнетақымен және зейнетақы жүйесінің ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету. Аталмыш тұжырымдама екі кезең бойынша жүзеге аспақ. Оның бірінші кезеңі зейнетақымен қамсыздандырудың үш деңгейлі жүйесін дамытуды көздейді. Бұл қолданыстағы ынтымақты зейнетақы төлемімен қатар базалық зейнетақыны, шартты- жинақтаушы жүйесіндегі зейнетақы мен қолданыстағы жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі зейнетақыны біріктіреді.

«Базалық зейнетақы – бұл кедейлікті қысқартуға және азаматтардың зейнетақы жүйесіне қатысуын ынталандыруға бағытталған. Қазіргі уақытта базалық зейнетақы зейнеткерлік жасқа жеткен барлық азаматтар үшін еңбек өтіліне және жалақыға қарамастан біркелкі мөлшерде тағайындалады. Ал, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы азаматтардың тек жалпыға бірдей белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткен кезде және зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты тағайындалады. Осылайша: азаматтардың жүйеге қатысу өтілі кемінде 10 жыл болған жағдайда, жүйеде оларға ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50%-ына тең болатын әлеуметтік зейнетақы берілетін болады. Егер жүйеге қатысу өтілі 20 жылды құраса, онда базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ын құрайтын болады. Ал қатысу өтілі 35 жылды құраса, ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең есептеледі», – дейді Астана қаласы бойынша Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы Дәмежан Садуақасова.

Үш буынның мәселесі қалай шешіледі?

Мамандардың айтуынша, зейнетақы жүйесін жаңғыртудағы өзгерістер зейнетақы жүйесіне қатысушы барлық үш буынның мәселесін шешуге үлкен мүмкіндік бермек. Атап айтқанда, біріншісі – еңбек өтілі жоғары, алайда заңмен белгіленген шектеулерге байланысты зейнеткерлікке шығар сәтте табысы туралы мәлімет ұсынбаған, ең төмен зейнетақы алатын азаматтар. Бұл санаттағылар үшін зейнетақы жинақтаушы жүйелеріне қатысу өтілі ескеріле отырып, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақыны біржолғы қайта есептеу жүргізілетін болады. Ал екінші буын – 2043 жылға дейін зейнеткерлік жасқа жететін және жинақтаушы зейнетақы жүйелеріне қатысу өтілі толық емес адамдар тобы. Мұндай жағдайда базалық зейнетақы аталған санаттағы адамдар жалпыға бірдей белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткен кезде тағайындалады. Яғни, олардың 1998 жылғы 1 қаңтарға жинақтаған еңбек өтіліне және зейнетақы жарналарын жинақтаушы зейнетақы жүйесіне 1998 жылдан кейін төлеген кезеңге байланысты тағайындалатын болады. Ал зейнеткерлікке 2043 жылдан кейін шығатын адамдар базалық зейнетақыны жинақтарының көлеміне қарай алады. Бұл санаттағы адамдарға зейнетақы мөлшері белгіленген әлеуметтік қолжетімді деңгейден төмен болған жағдайда тағайындалатын болады.

Жаңа жүйенің ерекшелігі

Жоғарыда базалық зейнетақы жөнінде айттық. Сонымен қатар, өз қызметкерлерінің пайдасына жұмыс берушілердің 5% жарналары есебінен қалыптасатын жаңа шартты-жинақтаушы жүйеден берілетін зейнетақы қарастырылған. Жаңа жүйе жинақтаушы, сол сияқты бөлу ұстанымынан айнымай жұмыс істейді. Атап айтсақ, біріншіден, әрбір жүйеге қатысуға БЖЗҚ-да жеке зейнетақы шоты ашылады. Ол жерде аударылған жарналардың сомасы немесе зейнетақы жинағы есептеліп отырады. Екіншіден, жинақтар шартты болып табылады, мұраға қалдырылмайды және жүйеге қатысушының меншігі болып есептелмейді. Үшіншіден, зейнетақы, азаматтар жалпыға бірдей белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткен кезде және жүйеге қатысу өтілі кемінде 5 жыл болған жағдайда тағайындалады. Төртіншіден, зейнетақы мөлшері шотындағы қордаланған жинақ пен ықтимал өмір сұру ұзақтығына қарай анықталады. Яғни, зейнетақы азаматтардың еңбек қызметінің барлық кезеңі үшін қалыптасқан зейнетақы жинақтарының сомасына эквивалентті болады. Бесіншіден, зейнетақы өмір бойы төленеді. Зейнеткердің жасы шамамен болжаған ғұмыр сүру ұзақтығынан асып кетсе, зейнетақы жұмыс берушінің ағымдағы жарналары есебінен төленеді. Алтыншыдан, инфляция деңгейін ескере отырып жарналарды сақтау бойынша мемлекеттік кепілдік шартты-жинақтаушы компонентке жүрмейді. « Айта кетерлігі, жұмыс берушілерден түскен зейнетақы жарналары капиталға айналмайды. Сонымен қатар, жеке тұлғалардың меншігі болмайды. Керісінше, зейнеткерлік жасқа жеткен тұлғалардың зейнетақы төлемдеріне, яғни жұмыс берушілермен жүзеге асырылған жарналарды төлеудің пайдасына жұмсалады» , –дейді әлеуметтік сала маманы Мерей Жоламанов.

Келесі – қолданыстағы жинақтаушы зейнетақы жүйесінен берілетін зейнетақы. Ол қызметкерлердің өздерінің 10 пайыздық міндетті зейнетақы жарналарының есебінен қалыптасады. Бұл ретте, алатын зейнетақы төлемдерінің көлемі азаматтардың жүйеге қатысуына және зейнетақы жинақтарының кіріс деңгейіне байланысты. Инфляция жағдайы ескеріле отырып жарналардың сақталуы бойынша мемлекеттік кепілдік жойылмайды. «Жинақтаушы есебінен зейнетақы алуға кімдер құқылы?» деген сауалға келсек, оған зейнет жасына жеткендер, күш құрылымдарының қызметкерлері, 5 және одан да көп бала тапқан аналар (53 жастан), 1-ші және 2-ші топтағы мүгедектер, Қазақстан Республикасынан тысқары көшіп кеткендер және марқұм болғандардың мұрагерлері жатады. Бұл ретте зейнетақы төлемдері жинақтау қорындағы қаржы таусылғанға дейін төленетін болады. Төлемнің мерзімділігі алушының өз еркімен таңдауына байланысты жүзеге асырылады. Яғни ай сайын, тоқсан сайын немесе жылына бір рет 30 есені құрайтын ең төменгі зейнетақы мөлшерінде төленеді. Ескерте кету керек, қазіргі сәтте бұл 625 мың теңге көлеміндегі қаржы.

Бұдан бөлек, қазіргі уақыттағы зейнеткерлер үшін және сол сияқты 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін кемінде 6 ай еңбек өтілі бар азаматтар үшін ынтымақты зейнетақы төлемдері сақталады. Аталмыш зейнетақыны тағайындау және төлеу базалық, шартты-жинақтаушы және жинақтаушы зейнетақылармен қатар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады. «Ынтымақты зейнетақы мөлшері зейнетке шығар алдындағы еңбек өтілі мен орташа айлық табысқа байланысты болып келеді. Талап етілген еңбек өтілі болған жағдайда (ерлерге 25 жыл, әйелдерге 20 жыл) зейнетақы мөлшері орташа айлық табыстың 60%-ына тең және оның сыртындағы талап етілетін әр еңбек өтіліне 1%-дан үстемеленеді, бірақ ол орташа айлық табыстың 75%-ынан артық болмауы тиіс. Табыс 1995 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыстағы үзілістерге қарамастан зейнеткерлік жасқа жеткенге дейінгі жұмыстың кез келген кезеңі үшін 41 айлық есептік көрсеткіштің шегінде есептелінеді. Сонымен қатар, ынтымақты зейнетақы мөлшерін қолданыстағы зейнетақы заңының шарттарында тиімді деңгейде ұстау үшін олардың мөлшері жыл сайын инфляция деңгейінен екі пайызға ілгерілеп, индекстеліп отыратын болады», – дейді Д. Сәдуақасова.

Сонымен қатар, аталмыш тұжырымдамада халықты зейнетақымен қамту аясын кеңейту және жүйенің тартымдылығын арттыру жөніндегі шаралар кешені қарастырылуда. Мәселен, денсаулыққа зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдар үшін 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап қызметкерлердің міндетті зейнетақы жарналарына қосымша еңбекақы төлеу қорының 5 %-ы мөлшерінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары енгізілді. Бұл ретте, жұмыс берушілер оны өндірістің тек зиянды түрлері бойынша және сонда жұмыс істейтін адамдарға ғана аударады. Ал, зиянды өндіріс түрлері мен онда қамтылатын мамандықтардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен және ол еңбек жағдайларының өзгеруіне кезең-кезеңімен қайта қаралып отырады.

Сонымен, Елбасы Қазақстанда Зейнетақы жүйесін реформалауды еліміздің алдағы даму стратегиясымен сабақтастыра отырып, оны халықтың өмір сүру сапасын жақсартумен үйлесімді етуді міндеттеді. Жоғарыда айтқандай, елімізде зейнетақы жүйесін реформалаудың шешуші кезеңі басталды. Бұл заман талабы тудырған қажеттілік екенін ұмытпағанымыз жөн.

Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ
www.bnews.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз