ТҮРКИЯЛЫҚ БІЛІМ ГРАНТТАРЫ КЕМЕЛ КЕЛЕШЕККЕ ЖОЛ АШТЫ

0
566

Уәлихан ӘБДІБЕКОВ, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті, 
профессор:  

Қасиетті Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті еліміздегі ең алғашқы ашылған халықаралық жоғары оқу орны. Түркітілдес мемлекеттер арасында халықаралық мәртебеге ие болып отырған жалғыз білім ордасында бүгінде әлемнің 14 мемлекетінен келген 25 ұлт пен ұлыстың өкілдері білім алуда. Оқу ордасында түрік халықтары жастарының бір шаңырақ астында толыққанды білім алуына жан-жақты жағдай жасалған. Сондай-ақ, Қазақстан бойынша Халықаралық қазақ-түрік университетінде ғана Түркия тарапынан бөлінген білім гранттары негізінде тегін білім алуға мүмкіндік бар. Ендеше, білімге құштар жастар, бәріңізді 1-қыркүйек білім күнімен шын жүректен құттықтаймын, жарқын болашаққа қарай басқан қадамдарыңыз сәтті болғай!

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университе­тінде оқу орнының президенті, профессор Уәлихан Әбдібековтің бастамасымен оқу үдерісінде игі бастамалар қолға алынды. Оқу ордасындағы факультеттердің атаулары өзгертіліп, қазіргі заман технологияларын қолдана отырып, білім берудің жаңаша үрдісі қалыптасты. Университет құрамына 4 ғылыми-зерттеу институты: Түркология, Экология ғылыми зерттеу институттары, Археология ғылыми зерттеу орталығы және Еуразия ғылыми институты, 7 ғылыми-зерттеу лабораториясы мен 70 ғылыми зерттеу тобы кіреді.

Қазіргі таңда университет әлеуметтік ғы­лымдар, гумани­тарлық ғылымдар, филология, жаратылыстану, инжинерия, өнер, медицина факультеттері бойын­ша мамандар даярлайды. Сондай-ақ, оқу орнында білім із­деген жастарға қажетті жағдай­дың барлығы дерлік жасалған.

Университеттің негізгі миссиясы – түркітілдес мемлекеттер мен қауымдастықтардың жастарына бір шаңырақ астында терең тарихи құндылықтарға және демократиялық зайырлы қоғам негіздеріне сүйене отырып, заман талаптарына сай деңгейде білім беріп, оларды ұлттық және рухани құндылықтарға берік, адам құқықтарын құрметтейтін, достық, ынтымақтастық негізін түсінетін маман ретінде қалыптастыру.

Ахмет Ясауи атындағы Ха­лықара­лық қазақ-түрік универси­тетінде Қазақстан Республи­ка­сының тарапынан бөлінген мемлекеттік білім гранттарынан өзге, Түркия Республикасынан бөлінетін білім гранттарының негізінде жыл сайын студенттер тегін білім алуға қол жеткізеді. Қазақстан бойынша басқа ЖОО-да кездеспейтін мұндай білім гранттарының ХҚТУ-де болуы оқу ордасының білім іздеген жастарды шынайы қолдайтындығын көрсетсе керек. Аталған білім грантын иеленген студенттер шетел тілдерін меңгеру мақсатында университеттің 1 жылдық «Тіл білімін жетілдіру курсында» қазақ, түрік, орыс, ағылшын тілдерінен (Foundation) дәріс алады. Одан кейін арнайы сынақ тапсыру арқылы өз мамандығы бойынша білімін жалғастырады.

2014-2015 оқу жылына Түркия Республикасы тарапынан бөлінген білім гранттары негізінде өткізілген конкурс қорытындысымен оқырман қауымды таныстыру мақсатында Ахмет Ясауи атын­дағы ХҚТУ-нің қабылдау комиссия­сының жауапты хатшысы Мұрат Жүнісовті әңгімеге тартқан едік:

«ҰБТ мен КТ нәтижесі бойынша жоғары ұпай жинап, жалпы конкурс барысында мемлекеттік білім грантын иелене алмаған талапкерлер үшін Түркия Республикасы тарапынан 200 орын бөлінді. Бұл орынға ҚР Білім және ғылым министрлігінің шешімімен Қазақстанның барлық облысынан 77 талапкер оқуға қабылданды. Олардың арасында 5 алтын белгі иегерлері бар. Ал, 100 орын қазақ-түрік лицейін бітірушілерге бөлініп, олардың ішінен, 19 талапкер біздің университетте оқуға өтініш білдірді. Сондай-ақ, 35 орын Халықаралық және пәндік олимпиада жүлдегерлеріне беріліп, оған 13 олимпиада жүл­дегері қабылданды. 12 орынды республикалық, әлемдік дең­гейде жүлдегер атанған спорт саң­лақ­тары иеленді. Конкурс бары­сында 5 орын ата-анасынан айрыл­ған тұл жетім және мүм­кін­дігі шектеулі талапкерлерге берілді.

Жоғарыда атап өткен арнайы белгіленген орындардан қалған гранттық орындарды қосқанда, барлығы 243 орын жалпы конкурсқа түсті. Конкурс министрліктің ережесіне сәйкес құжат тапсырған талапкерлер арасында таңдаған 4-ші пәні бойынша өткізілді. Сонымен қатар, жоғары білімнен кейінгі білім беру бағдарламасы бойынша магистратураға 40, докторантураға 10 орын бөлінді. Түркия Республикасының ЖОО-на түсушілерге 9 орын бөлінді».

Бәсекеге қабілетті, жоғары білімді мамандарды даярлап келе жатқан оқу ордасы түрлі сынақтан сүрінбей өтіп, өзінің халықаралық статусқа сай екендігін дәлелдеп келеді.

2012 жылдың қараша айында Халықаралық қазақ-түрік университеті мемлекеттік аттестациядан, 2013 жылдың наурыз айында институционалды аккредитациядан өтті. Университет шетелдік серіктес жоғары оқу орындарымен 52 келісімшарт жасасқан және халықаралық университеттер ассоциациясы мен халықаралық университет президенттерінің ассосациясына мүше. Түркияның алдыңғы қатарлы университеттерімен «Мәулана» академиялық ауысу Халықаралық бағдарламасы аясында (Хажеттепе, Гази, Эржиес, Стамбул, т.б) университет студенттері бір семестр бойы түрік, ағылшын тілдерінде Түркияда білім алады. Ал Түркия, ҚХР, Мысыр, Кувейт мемлекеттерінің жоғары оқу орындарында студенттер білімдерін жалғастырып, магистранттар мен доктаранттар өз біліктіліктерін арттыруда. Сондай-ақ, студенттеріміз Америка, Еуропа, Азия елдерінің алдыңғы қатарлы университеттерінде оқуға мүмкіндік алып, тәжірибе алмасуда. Сондай-ақ, Халықаралық қазақ-түрік университетінің Клиникалық-диагностикалық орталығы еліміздің медицина саласына жаңа бір леп әкелді.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев: «Қожа Ахмет Ясауи атын­дағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Түркістан қаласын түркі халықтарының рухани астанасына айналдырады» деген болатын. Иә, бүгінгі күні киелі Түркістанды түркі халықтарының рухани астанасына айналды деуімізге толық негіз бар. Елбасы сенімін ақтаған еліміздегі бірден бір ЖОО-ны, ол – Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті. Алдағы уақытта да оқу ордасы түркітілдес елдердің басын біріктіріп, білім нәрімен сусындатқан қара шаңырақ ретінде жүйелі жұмыс жүргізе бермек.

Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Берік АХМЕТОВ, Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-нің оқу-әдістемелік жөніндегі вице президенті:

БАСТЫ МАҚСАТ – БІЛІМ КӨШІНДЕ БИІКТЕН КӨРІНУ

– Берік Бақытжанұлы, 2014-2015 оқу жылын Халықаралық қазақ-түрік университеті қандай жағымды жаңалықтармен қарсы алмақ?

– Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті түркітілдес мемлекеттер арасында Халықаралық мәртебеге ие болып отырған және соған сай жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқан бірден-бір жоғары оқу орны. Бүгінгі таңда университеттің ауқымын кеңейту мақсатында нақты жоспарлар құрылып, соған сәйкес жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ, қазіргі таңда университетіміздегі факультеттер мен кафедралардың құрылымына біршама өзгерістер енгізілді.

Әкімшілік басқару жүйесінде және профессор-оқытушылар құрамында қызмет ететін 2 вице-президент, 11 әкімшілік басқару персоналы, 43 профессор-оқыту­шы Түркия азаматтары болып табылады. Түркия тарапы білікті маман кадрлары арқылы да, университеттің ғылыми потенциалын көтеруге атсалысып келеді.

Жаңа оқу жылының қарсаңын­да атқарылатын жаңа бір шараның бірі – Түркия Республикасының білім саласындағы жоғары деңгейлі бағдарламасының қолға алынатындығы. Бұл жүйенің ерекшелігі – оқу орнында атқарылуға тиіс біраз жүйенің авто­маттандырылатындығы. Осын­дай игі шаралар универ­ситеттің білім көшінде биіктен көрінуіне мұрындық болары сөзсіз.

– Университеттің өзге жоғары оқу орындарынан ерекшелігін атап өтсеңіз…

– 2013-2014 оқу жылынан бастап университетте мамандар дайындаудың біліктілік пен құзіреттілікке негізделген тұжырымдамасы қабылданды. Бүгінде оқу ордасында 14 мемлекеттен келген 25 ұлт пен ұлыстың өкілдері білім алуда. Үкіметаралық келісімшартқа сәйкес университетте жыл сайын түркітілдес елдерден 200 тыңдаушы дайындық тобында, тіл үйрету орталығында білім алады.
Халықаралық стандарттарға сәйкес білім беріп келе жатқан университет бакалавриат бағыты бойынша – 54, магистратура бойынша – 29, докторантура бойынша – 9, резидентура бойынша – 3 мамандық дайындайды.

Ахмет Ясауи атындағы Ха­лықа­ралық қазақ-түрік университеті Қазақстан Республикасы тарапынан бөлінген мемлекеттік білім гранттарынан өзге, Түркия Республикасынан бөлінетін білім гранттары арқылы жоғары білім аламын деген жастарға тегін білім алуға мүмкіндік жасап келеді. Мұндай жеңілдік еліміздегі ешбір ЖОО-да қарастырылмағанын айта кеткеніміз жөн. Осы мүмкін­діктің өзі оқу ордасының басты ерек­шеліктерінің бірі деуге болады.

Оқу орнында Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Үш тұғырлы тіл» саясатын қолдау, әрі шетел тілдерін жетік меңгерген білімді кадрларды дайындау мақсатында ТР тарапынан бөлінген білім гранттарының иегерлері университеттің 1 жылдық «Тіл білімін жетілдіру курсында» (Foundation) дәріс алады. Одан кейін арнайы сынақ тапсыру арқылы өз мамандығы бойынша білімін жалғастырады.

– Халықаралық жоғарғы оқу орны қандай талаптарға жауап беруі керек?

– Халықаралық ЖОО-на қойылатын арнайы талаптар бар. Біріншісі, студенттердің білімді болуы, екінші білікті маман-кадрлардың болуы және халықаралық талапқа сай оқу ғимаратының болуы. Халықаралық қазақ-түрік университеті аталған талаптардың барлығына жауап бере алады.

Бұрын Қазақстанның бірқатар өңірлерінде ХҚТУ-нің филиалдары жұмыс істеген болатын. Бірақ Елбасымыз Н.Назарбаевтың: «Саннан сапаға көшіңіздер» деген сөзінен кейін, қазіргі таңда оқу ордасы тек қана Түркістан қаласына шоғырланып отыр. Басты мақсатымыз – жоғары білімді, сапалы маман кадрларды дайындау.

– Оқу ордасының болашағы жайында не айтасыз?

– Халықаралық қазақ-түрік университеті бүгінгі күні еліміздегі жаңа ғимараттар мен соңғы үлгідегі лабораториялары, қазіргі заманның зертханаларымен жабдықталған бірден-бір жоғары оқу орны болғандықтан, мұнда сапалы білім алуға, шетет тілдерін терең меңгеруге мүмкіндік бар. Білім көшінде биіктен көрініп келе жатқан оқу ордасының келешегі кемел, болашағы жарқын екені сөзсіз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Г.САДЫҚОВА

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз