ТҰРСЕКЕҢ НЕГЕ ЕЛЕГЗИДІ?

0
132

Ғұлама ғалым Тұрсынбек Кәкішев өзінің еңбек жолын алғаш драма театрының артисі болып бастаған деген сөзге біреу сенсе, біреу сенбес.
Бурабай іргесіндегі Бұланды ауданынан шыққан бозбала 1944 жылы күз қарсаңында құстай ұшып Ақмолаға жетеді. Мақсаты – осындағы алты айлық педкурстан өту-ді. Алайда кешікккен екен. Қабылдау әлдеқашан тоқтапты. Бір бүйірінде мұғалім болу туралы да ой жүретін.

Тосылып, үрпиіңкіреп тұрған Тұрсын­бек­ті оқу орнының директоры Әбіжан Қай­даров (Халық суретшісі Әмен Қай­да­ровтың әкесі) тани қалып, балаң жігіттен:
– Иә, батырым, ат-көлік аман ба, қайда түстің? – деп сұрайды.
Мән-жайын бірден түсінген сұңғыла кісі мәселе түйінін шешу жолын сол заматта-ақ іздеуге кіріскен секілді.
– Жеткен бетім осы еді, аға.
– Ә-ә, онда, үйге барайық қазір…
Кірген мезгілде, сөйлеп, сылаңдап жүрген сұрша келіншек бірден жалт етіп, бейтаныс жеткіншекке тесіле қараған. Амандасып болып, қол шайып, дастархан басына отырған кезге дейін де көз айырмады. Әлден уақытта:
– Жігітім, әртіс болғың келе ме? – дегені.
Мұнша тосын ұсынысты күтпепті. Сөйтсе, бұл әйел қалада жаңада ғана құры­лып жатқан драма театрының қызмет­кері екен. Тұрсынбектің сайдауыттай кесек тұл­ғасын, сергек көз жанарын, алғырлығын, яғни, артистке қажетті амплуаны аңдап үлгерген сияқты.
– Жо, о не дегеніңіз! Не ән салуды білмеймін. Не домбыра тарта алмаймын. Қалай… Ондай ойым жоқ…
– Домбыра тартып, ән салу міндетті шарт емес. Қалғанын біртіндеп реттейміз. Оның үстіне біз әскерден алып қаламыз.
– А-а, онда ойланайын…
Соғыс жүріп жатқан кез. Мұның да әскер қатарына шақырылатын шағы таянып қалған еді.
Осылайша ертеңіне сахна сарбазы болып шыға келгені бар. Содан 3-ші дәрежеден 1-ші категориялы артист деңгейіне көтеріліп, Алматыға ауысқанға дейінгі аралықта бір жарым жылдан аса еңбек етіпті.
Бұдан кейін шексіз Журналистика әлемі, Ғылым дүниесі басталады.
Ғұмыр бойы кітап жинауды әдетке айналдырған Тұрсекеңнің бұрынырақта жеті мың кітабын «Отырар» кітапханасына тапсырғанын білетін ек. Қазір бұл байлықты Еуразия университетінің студенттері пайдаланып жүр.
– Сол сәтте өзіме тек кәсіби әде­биет­тануға, сынға байланысты нәрселерді ғана қалдырған едім. Әйтсе де, қарап отырсам, кітап дегеніңіз тағы да қаптап, өрлеп, сыймай бара жатқандай. Үздіксіз жинай береміз. Мұнсыз тіршілік жоқ. Енді осының бір бөлігін Астанаға жөнелтсем бе, әлде өз университетімізге берсем бе, – деп аңтарылып отыр кейіпкеріміз.
Ғалымның жұмыс бөлмесінде домбыра да, қобыз да тұр. Сонадайда ілінген жүген мен қамшы, кәдесый түріндегі қаптаған әшекейдің бәрі үй иесінің туған халқының тұрмыс-салтына деген айрықша құрметін анық байқатады.
– Қазақтың ұлттық қасиетін танытатын әрбір дүние жай ғана сән емес, мазмұны терең әсемдік қой. Құмартатыным содан.
Профессор Тұрсынбек Кәкішұлының көп әуестенген ісі – тігіншілік. Нақтырақ айтқанда, негізінен, күмәжнік жасауды ұнатқан. Кәдімгі әмиян.
– Бұл өзі сонау жасырақ кезден бастал­ған ермек еді. Ақшам аз болғандықтан көбейсін деген ниеттен бе екен, қолыма түскен теріні кәшөлекке айналдыра беріппін.
Өз айтуынша, қол шеберлігі Қырғыз Өтебай деген етікші нағашысынан дарыса керек.
– Жұрт со кісінің етігіне керемет құмар-тын. Қазір өзім жасаған отыз шақты күмәжнік жатыр. Кейде, тіпті, үкіметтің бұйымын да бұзып, қайтадан тігетінмін. Соның бірін барлық өнерімді салып, биттің қабығындай жұқа қылып жасап шыққаным бар. Қалтада бұлтиып тұрмайды. Және өзі көз тартатындай әдемі. Жеп-жеңіл. Жұп-жұмсақ. Осыған Зейнолла Қабдолов досым қатты қызықты. Бірақ сұрауға батпады білем. Дегенмен, бірде: «Әй, сен Балтық жағалауына барып келіпсің. Маған бірдеңе әкелдің бе өзің?!» деген кезде сасқанымнан әлгіні бере салғанмын. Әр затты тоздырғанша пайдаланып дағдыланған әріптесім сол күмәжнікті де өмір бойы ұстады…

Әлбетте, қолының ебі бар адам тек әмиян тігумен шектелмеген. Үйдегі балалардың да, өз киімдерінің де талай өз­геріске ұшырап, өзгеше пішілген тұстары аз еместей. Шебер әр нәрсені ылғи өз талғамымен қайта дайындауға тырысқан.
– Баяғыда бір ұзын пәлтем бар-тын. Недәуір киілген. Соның етегін кесіп, бел тұсын тарылтып, курткаға айналдырып алған кезім болды. Осыны көрген жұрт: «Мынаны қайдан алдың?! Не деген ыңғайлы, жарасымды нәрсе» деп қызығып жатты…
Әуестік дегеніңіз де бір жан құмары. Оның ырқына бағынған адам ешбір пайда табуды көздемейді.
– Мұның көбі әшейін алданудың, ауыр еңбектен кейін ойды бөліп, демалудың амалы ғой. Әйтпесе осыларды кәсіп қылып, жан бағайын деген мен жоқ…
Ұлт руханиятына қисапсыз олжа салған Тұрсекең әуелгіде инженер-геолог болуды армандапты. Сол іске деген махаббаты әлі сақталған. Әрине, өз тағдырына еш өкінбейді. Тек анда-санда кең-байтақ қазақ даласының бір пұшпағында мен ашпай қалған әлдебір орындар бар-ау деп елеңдеп қоятыны да жоқ емес.

Құлтөлеу МҰҚАШ

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз