Астанада ақсүйек қыздарға арналған оқу орны ашылды. “Қазақ қызы” деп аталатын институт шәкірттерге Еуропаның озық мәдениеті мен қазақтың дәстүрлерін қатар үйретпек. Яғни, қалталылардың қыздарына дастархан басында шанышқы мен пышақты қалай ұстаудан бастап, гольф ойнап, йоганың қимылдары үйретіледі.
Қымбат жиһаздармен жабдықталған, іші-сырты көздің жауын алатын оқу орнының салтанатты ашылуына Мәжілістің вице-спикері Дариға Назарбаеваның өзі келеді деп жоспарланып отыр.
Астананың сол жағалауында, тура орталықта тұрған “Қазақ қызы” деп аталған институттың ішіне кірген адамның көзі талады. Қымбат жиһаздар, көздің жауын алатын жауһарлармен безендірілген бөлмелер құдды мұражайда жүргендей әсер қалдырады. Дәл осы жерде 300 қыз қыркүйектің ортасынан бастап оқуын бастайды. Сегіз жастан бастап 17 жасқа дейінгі бойжеткендер мұнда Еуропаның мәдениетін үйреніп, әдемі сөйлеп, нағыз ақсүйектерше жүріп-тұруға дәріс алмақ. Мәселен, мына үстелде қыздарға шарап пен шампанды қай бокалға құйып, дастархан басында қылығымен қымсынып қалай отыру керектігі айтылатын сабақтар өткізіледі.
Соңғы үлгіде салынған, әр орындығының өзі тапсырыспен жасалған оқу орнында Астанадағы министрлер мен депутаттардың қыздары ғана, я болмаса бизнесмендердің балалары оқуы әбден мүмкін. Өйткені, қарапайым ата-аналар мұндай элиталық жерге баласын жіберіп, ақсүйектердің тәрбиесін алмақ түгілі мектепке әрең әзірлеп отырғаны белгілі. Ал дәулеттінің қыздары әрбір ұсақ-түйекті біліп өсуіне мұнда барлық жағдай жасалған. Пышағына дейін гүлмен көмкерілген, ас үйден гөрі сарайға ұқсайтын бұл жерде аспаздар шәкірттерге Еуропаның ең атақты тағамдарын әзірлеуге үйретпек.
Осы мінберден қыздарға Дариға Назарбаева, Гүлшарат Әбдіхалықова, Зағипа Бәлиева сияқты елге белгілі әйелдер мен Бибігүл Төлегенова сияқты әншілер дәріс оқып, өмірден түйгендерімен бөліспек. Жоба авторлары ауылдағы елге өнеге болған әжелерді де шақырып, тәрбие сағаттарын ұйымдастырамыз дейді.