Басы дауға қалған Қостанай облысы Қамысты ауданы әкімінің орынбасары Дәулетбай Құлманов тәртіптік кеңестің шешімімен келіспей, соттаспақшы.
Құлманов бюджет қаржысын Астанадағы мейрамханаларға жұмсап, қалған ақшаны қайтармағаны үшін жұмыстан шығарылған. Қаржы полицейлерінің тексерісі кезінде 3 миллион теңге Қостанай облысының Астанадағы мәдени күндері мен ауылшаруашылық жәрмеңкесіне қатысуы үшін бөлінген.
Аудан әкімінің орынбасары Астанадан келісімен 1 130 000 теңгені кассаға қайтарып, 865 мың теңгеге мейрамханада тамақ ішкенін дәлелейтін чек әкеліп берген. Ал 500 мыңға жуық ақшаны қайтармаған.
“Сүрінбейтін тұяқ жоқ. Әрине мен барлық құжаттарды тапсырып үлгергем жоқ. Бірақ 35 жыл осы ауылда адал еңбек еттім. Сенімсіз адам емеспін. Қалған ақшаның құжаттарын дайындаймын ғой. Неге мені бірден ұры, ақшаны талан-таражға салды деп даурығып шықты. Ия, әкімнің орынбасарын қызметтен қуды деген біреуге жақсы атақ беретін болар. Егер мен сондай адам болсам талай қызметте болдым осы күнге дейін байып алар едім ғой. Мен 3 бөлмелі пәтеріме әлі несие төлеп отырмын, тіпті көлігім де жоқ”, – дейді Қамысты ауданы әкімінің орынбасары Дәулетбай Құлманов.
Дәулетбай Құлмановтың айтуынша, ол бұл мейрамханаларда Қостанай облысынан барған делегацияны тамақтандырған. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі өкілдері жұмыстан шығарылған шенеуніктің бұл айтқанын растап отыр.
“Құлманов жұмсаған ақшасы туралы ешқандай құжат тапсырған жоқ. Міне, сол үшін жұмыстан шығарылды. Тәртіптік кеңес нұсқау берді, ал әкім жұмыстан шығарды”, – дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Асқар Шоманов.