Мансап қуған қыздар арасында бедеулікке шалдығатындар көп

0
145

– Үміт апай, кез-келген қыздың арманы – отбасын құрып, балалы болу десек артық айта қоймаспыз. Алайда, тағдыр деген тағы бар, біреу күйеуге ерте шығады, біреу кеш шығады. Қазір жасы келіп тұрмыс құрған қыздар балалы болып жатыр. Сол секілді ерте күйеуге шыққандардың да арасында бала сүйе алмайтындары аз емес. Демек, бедеулік тек жасы келген қыздардың ғана ауруы емес, оның басқа да себептері бар сияқты. Сол жайында айтып өтсеңіз…

– Ең алдымен бедеулік деген ауруға қысқаша сипаттама беріп кетейін. Бұл – әйелдердің бала көтере алмауы. Медицинада оның екі түрі бар: біріншілік және екіншілік деген. Біріншілік бедеулік ешқандай жүктілік болмағанда, ал екіншілік бедеулік дегеніміз осыған дейін жүктілік болып, ол жүктілік босанумен, түсікпен немесе жатырдан тыс жүктілікпен аяқталған жағдайы. Ғалымдардың зерттеуінше, бедеуліктің 70%-ы алғашқы жүктілікте түсік жасатқандықтан болады. Отбасылық жұпты тексерген уақытта тек әйелге байланысты бедеулік 35 пайыз шамасында, әйел мен ері бірге себеп болатын жағдай 45-50 пайызды көрсетіп отыр.

Жылдан жылға үдеп бара жатқан дерттің негізгі себептерінің бірі – қыз-келіншектердің салауатты өмір салтын ұстамауы. Жыныстық қатынастан болатын жұқпалы аурулар, тұрмыс құрғанға дейін жасалатын түсіктер, алкогольдік ішімдік ішу және темекі тарту – тек ер кісілердің емес, әйелдердің де репродуктивтік функциясына кері әсерін тигізеді. Қазіргі таңда әр адамның күнделікті қажеттілігіне айналған электрондық құралдар: қалта телефоны, компьютер, интернет желілерінің әсіресе еркек ұрық клеткаларының саны мен сапасын төмендететіні ғылыми түрде дәлелденген.

– Аурудың қалай алдын алған жөн?

– Бедеулікпен дәрігерге қаралып тексерілген науқастардың 35%-на жасанды ұрықтандыру арқылы көмек қажет. Немесе нақты себептерін анықтай отырып алдын алуға да болады. Бедеулікті болдырмаудың негізгі жолдары – салауатты өмір салтын ұстану, уақтылы жүктілікті жоспарлау, орта мектептерден бастап репродуктивтік қызмет, ерте жыныстық қатынасқа түсудің, жасанды түсіктердің келешек денсаулыққа тигізетін зиянды әсерлері сабақтар өтуді қолға алуымыз керек. Сонымен қатар, жасөспірім шақтан балаларының денсаулығына ата-аналарының жауапкершілікпен қарауы өте маңызды. Тұрмыс құрып 1 жылдан кейін бала көтеру мүмкіндігі болмаған жағдайда, әсіресе 35 жастан асқан әйелдер тез арада дәрігерге қаралғаны жөн.

– Қазақстанның қай өңірлерінде бедеулікке шалдыққандардың саны басым?

– Бізде өкінішке қарай, нақты деректер жоқ, бұл әлі күнге дейін бала көтере алмайтын отбасылық жұптардың дәрігерге бармайтындығынан десек болады. Бірақ, облыстық денсаулық сақтау басқармаларының берген мәліметтері бойынша Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстары алдыңғы орында тұр. Бедеуліктің себептері өте көп. Ол климат, экология, тамақтану, түрлі аурулардың әсерінен болады. Қоршаған орта мен экология адам денсаулығындағы негізгі фактор. Ауаның ластануы, химиялық элементтердің де адам ағзасына кері әсерін тигізері сөзсіз. Дүниежүзі бойынша бедеулік дерті 15-17 % десек, Қазақстандағы жағдай да осымен шамалас болып отыр.

– Эко ұрықтандыру жүйесін болашақта қолданатындар қатары арта ма, қалай ойлайсыз?

– Қазақстанда жылына шамамен 5 мыңға жуық жасанды ұрықтандыру жасалады. Бұл емдеу тәсілі негізінен ақылы түрде жүргізіледі, дәрі-дәрмексіз бағасы шамамен 300-350 мың теңге. 2010 жылдан бері Қазақстан үкіметі тарапынан тегін квота бөлініп келеді. Алғашқы жыл квота саны 110 болса бұл жылы бұл сан 600-ге көтерілді. Квотаны алу үшін облыстарда жергілікті дәрігер гинекологтарда тіркеуге тұру қажет. Квота бойынша жасалатын жасанды ұрықтандыру бағдарламаларының нәтижесі ақылы жасалған бағдарламаларға қарағанда едәуір жоғары. Өйткені, науқасты таңдауда қатаң шектеулер болады. Мысалы, әлемдегі ЭКО әдісімен 1978 жылы дүниеге келген алғашқы қыз бала – Луиза Браун қазір 34 жаста. Оның сіңлісі де осы әдіспен дүниеге келген. Екеуінен қазіргі уақытта табиғи жолмен дүниеге келген 5 бала бар. Дүниежүзінде қазір осы әдістің қолдануымен 3 миллионнан астам бала өмірге келді. 2011 жылы ЭКО ұрықтандыруды ойлап шығарған Англияның физиологы, профессор Роберт Эдвардсқа Нобель сыйлығы 33 жылдан кейін әбден зерттеліп берілгені де тегін емес. Жалпы, ЭКО әдісімен және табиғи жолмен дүниеге келген балалардың денсаулығында айырмашылық болмайды, керісінше ЭКО әдісінде әйелге ең мықты эмбриондар салынатындықтан, денсаулығы жақсырақ болуы да ғажап емес. Дегенмен, мүмкіндік болса табиғи жолмен бала көтерген дұрыс қой. ЭКО-ға мәжбүр болған жағдайда ғана барған дұрыс.

– Уақыт тауып әңгімелескеніңізге рахмет!

P.S. Айта кетейік, Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми орталығы негізінде құрылған экстракорпоралды ұрықтандыру мектебі бедеулік мәселесі бар отбасыларға, жүктілікті жоспарлап жүргендерді нақты ақпараттармен қамтамасыз ету мақсатында жұмыс атқарып келеді. Қазір өз бетінше әртүрлі сенімсіз ақпарат көздеріне жүгінудің қауіпті екенін ескерсек, бедеулікті сауатты жолмен емдеуге бағытталған бұл мектептің тигізер көмегі зор.

Ая ӨМІРТАЙ

Ummet.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз