ӘРКІМ ӨЗ АРЫНЫҢ АЛДЫНДА ҰЯЛА БІЛУІ КЕРЕК…

0
71

Жұмабек АШУҰЛЫ, ҚР Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар қауымдастығы төрағасы:

          ӘРКІМ ӨЗ АРЫНЫҢ АЛДЫНДА ҰЯЛА БІЛУІ КЕРЕК…

Тарихымызды таразылап, лайықты бағасын беру – бүгінгі ұрпақтың үлесі. Қазақтың басынан қиын-қыстау кезеңдер көп өтті. Ұлан-байтақ жеріміздің әрбір тасы мен әрбір түйір топырағына тіл бітсе, тарихымызды күңірене де, тебірене де толғар еді. Ол шаттыққа да, шерге де толы – түпсіз, терең толғау. Соның бір тарауынан алаш арыстарының атын табар едік. Тірілер тани бермейтін, ірілер танығысы келмейтін талай есімдер еліне оралар еді. Әттең, арыстарымыздың атын ардақтауға келгенде кейбіріміздің кежегеміз кейін кететіні өкінішті-ақ. «Қазақ үні» бұл тақырыпты тұрақты көтеріп, асыл арыстарымыз жайлы жиі жазып келе жатқанын көзіқарақты оқырмандарымыз жақсы біледі. Өз ұстанымызды жалғастыра отырып, ҚР Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлымен болған тілшіміздің сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

– Жұмеке, қазақ халқының басынан небір нәубеттер өтті, алаштың тартпаған азабы жоқ-ау, сірә? Азамат ретінде қоғамға қызмет ете жүріп, осы бір мәселені көп жылдар зерттедіңіз. Сәті түскен болар, біздің «Қазақ үні» газетінің оқырмандарымен өз ойыңызды бөліссеңіз…

– Әріге бармай-ақ, тек қана соңғы өткен бір ғасырға жуық уақытты ғана алайықшы. Қазақ не көрмеді, басынан не өткермеді? Оны бірауыз сөзбен, біркүндік әңгімемен айтып шығу мүмкін емес. Бір ғана кеңестік кезеңде, қазан айындағы төңкерістен бастап қазақтың басынан бұлт кеткен жоқ. 1918-21 жылдарғы азамат соғысынан бастап, кеңестік үкіметтің бар «қызық-шыжығын» қазақ көрді. Бай мен кедей, аға мен іні айқасқан «азаматтық соғыс» атты аласапыран заманда қазақтың басты байлығын «Қызыл әскерге мал керек» деген желеумен бір сыпырып алды. «Жұт жеті ағайынды» демекші, аласапыран аяқталмай жатып, 21-жылы қатты қуаңшылық болып, қазақ халқы тағы бір қыспаққа тап болады. Малсыз, егінсіз қалған 1 млн. 700 мыңнан астам алаш ұрпағы аштықтың аранына түсті. Бұл қазаққа қарсы жүргізілген «қызыл саясаттың» басы ғана болатын.

1928-жылы Мәскеуде үлкен жиналыс болып, біздің елімізді сол кезде басқарып отырған Голощекин баяндама жасап, Сталинге Қазақстанға қазан төңкерісінің исі де жетпегенін айтып, «қазақтарға тағы бір кіші октябрь революциясын жасау керек» дейді. Сол жиналысқа қатысқан Қазақстан Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Нығмет Нұрмақов бірден Голощекинге қарсы шығып, оның қазақ ұлтының салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын, жалпы менталитетін мүлдем білмейтінін ашық айтады. Сталиннен тайсалмай, қазақты асырап отырған байлардың малын тартып алмай, салық арқылы реттеуге болатынын, әйтпесе халықты қырып аламыз деген қаупін білдіреді. Тіпті, олай болса мен қызметтен кетемін деген батыл ойын да тура айтып салады. Бірақ, қазақты қазақтың қолымен құртуды мақсат тұтқан Мәскеу оны орнынан босатпайды. Қызыл саясаттың құйтырқы әдісін алдын ала түсінген Нұрмақов келесі жылы оқуға барамын деген желеумен қызметтен өзі кетеді. Онысы, ақ патшадан кем түспейтін қызыл империяға жалғыз өзі қарсы тұрғанмен, түк бітіре алмасын біліп, тым болмаса, өз халқының обалына қалмаудың қарекеті еді. Айтыңыздаршы, сұсынан адам шошырлық Сталинге батыл ой айта алған, қазір Нұрмақов сияқты өз лауазымынан халық мүддесін биік қоятын басшылар бар ма? Жоқ. Өйткені, олардың көбі өз жағдайын қарапайым халықтан жоғары қойғандар, тек өзінің қарабасының қамы мен құлқынын ғана ойлағандар.

Сөйтіп, 1929-жылдары қазақ­тың күн көріп отырған малын тәр­кілеп, екінші рет қайта сыпырып алып, байлы-бақуаттыларды қуғынға түсіреді. Ал, оның соңы немен тынғанын тарихтан жақсы білеміз, ол 1932-33 жылдардағы жаппай аштыққа әкеліп соқтырды. Осы зұлматқа байланысты тарихшыларымыз 2,5 миллион қазақ аштан қырылып, 1,5 милллион қандастарымыз шетел ауып кетті деген деректер келтіріп жүр. Оған сенуге болады, ал нақтырақ зерттеулер жүргізілсе, аштан қырылғандар саны бұдан әлдеқайда көп болғанына көз жеткізеріміз анық.

Қазақты ұлт ретінде құрту мұнымен де тоқталған жоқ. 1937-жылы көктемде Мәскеуде Орталық комитеттің пленумы болып, онда «социализмге жат элементтер туралы» үлкен мәселе көтеріледі. Осыған байланысты сол жылдың тамыз айында Ішкі істер халық комиссариатының кеңейтілген жиналысы өтіп, республикаларда елді халық жауларынан тазарту үшін бірінші және екінші дәрежелер бойынша жедел жұмыс жүргізуге шешім қабылданады. Біріншісі – ату жазасы, екіншісі – соттап, жер аудару. Бір сұмдығы, алдын ала әрбір республикаға арналған арнайы жоспар беріледі. Қарап отырсақ, орталық жүргізген сұм саясатқа қайран қаласыз, республикада қанша «халық жауы» бар екенін анықтамай жатып, жоспар беру барып тұрған қаныпезерлік емес пе? Осы тұста бұл жоспарды орындаудағы Қазақстанға басшы болып келген Левон Мирзоянның «еңбегін» айтпасқа болмайды. Кейбіреулер оны «Мырзажан» деп атап кеткен бұл басшы орталықтың жаңағы жоспар бойынша 2,5 мың адамды ату, 5 мың адамды cоттап жер аударуға берген тапсырмасын бірден орындап тастап, Сталинге «Бізде социализмге жат элементтер әлі де бар, сондықтан қосымша жоспар беріңіз» деген мазмұндағы жеделхат жібереді. Нәтижесінде қазір тарихшылар айтып жүргендей, 130 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мың адам атылған. Ең өкініштісі, бұл саяси қуғын-сүргінде қазақтың Әлихан Бөкейханов, Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин сияқты көптеген бетке ұстар зиялылары жазықсыз оққа ұшты. Сөйтіп, қазақты әлсіретті. Бұдан қандай қорытынды шығады? Бізге шеттен келген, орталық жіберген жатжұрттық басшылардың бірде-біреуінің қазаққа жаны ашымаған, халықтың қамын ойламаған. Өзімен бірге жандайшаптарын ертіп келіп, бүкіл басшы орындардың басым бөлігіне отырғызып, құйтырқы жоспарларын іске асырған. Әрине, бұл жерде орталық жүргізген үлкен саясат басты рөл ойнағаны белгілі. Оның бір-ақ себебі бар, қазақтың бай жерін иемдену, ұлттың санын азайтып, рухын таптау. Орталық осындай сұрқия саясат жүргізбесе, қазақ деген ұлы халықты, батыр халықты жеңе алмайтынын, құрта алмайтынын жақсы білді. Бұл сонау патшалық Ресей кезінен бері жүргізіліп келген империялық саясаттың тікелей жалғасы болып табылды. Ол да аз болғандай 1954-жылы тың игеру науқаны басталды. Миллиондаған орыс, украин және де басқа ұлттарды орталықтан Қазақстанға тың игересіңдер деген желеумен жер аударды. Бұл науқанның да елімізге тигізген пайдасынан зияны көп болды. Қазақтың қасиетті құнарлы жерінің қыртысын қақ айырып қана қоймай, елдегі онсыз да аз жергілікті ұлт санын кемітіп жіберді. Соған байланысты қазақ өз ұлттық салт-дәстүрлерін біртіндеп ұмыта бастады. Елде орыстілді мектептер көбейіп ана тілімізден айрылып қала жаздадық. Орыс тілін білмегендер оқи алмады, қызметі өспеді. 1959-жылғы санақ бойынша қазақтар саны еліміздегі халықтың небары 29 пайызын құраған. Ал, кейбір зерттеушілеріміздің мәлімдеуінше, қазақ саны 1910-жылдары Ахмет Байтұрсыновтың айтқанына сілтеме жасап, 6 миллион болған деп жүр. «Орынборда 1921-жылы шыққан басылымнан орыстың Чулочников деген ғалымының жазғанын тауып оқыдым. Онда 1911-жылы қазақтардың саны 8 миллион 260 мың болды деп көрсетілген» дейді қазақтың белгілі жазушысы Смағұл Елубаев. Мен өз басым соған сенемін. Қарап отырсақ, бір ғасырдан аса уақытта қазақ саны айтарлықтай өспеді. Қалай десек те қазақты өсіруге емес, өшіруге ұмтылған саясатты ешкім жоққа шығара алмас. Одақты басқарып отырған Хрущевтың «Мен патшалық Ресейдің ғасырлар бойы іске асыра алмаған мақсатын екі-ақ жылда іске асырдым» деп мақтанғаны әлі де ұмытыла қойған жоқ. Тарихымызға тереңірек үңілсек, осы кеңестік саясатқа қарсы қазақ жерінде 372 үлкенді-кішілі көтерілістер мен баскөтерулер болған екен. Оған қазақтың саналы, білімді, жігерлі азаматтары жетекшілік жасаған. Бұл туралы сирек айтылғанмен, ол да біздің тарихымыз ғой. Бірақ, оларға кезінде «басбұзарлар», «басмашылар». «бандылар» деп атақ таңып, айтуға тиым салынған болатын. Қазір де жетістіріп жатқан жоқпыз, сол ардақтыларымыз саяси қуғын-сүргіннің құрбандары ретінде көбісі әлі де ақталған жоқ.

– Реті келіп тұрғанда, бұл тұр­ғыда Алаш арыстарының атын қайтару, олардың есімін ел есінде сақ­тау бағытында сіздердің қауым­дастық қандай қызметтер атқарып жатыр?

– Біздің қауымдастықтың құрылуы Бекболат Мұстафин ағамыздың есімімен тікелей байланысты екенін айтпасақ болмайды. Өйткені ол да сол саяси қуғын-сүргіннің құрбаны. Ол 29 жасында Қазақстан коммунистік партиясының екі бөлімін басқарып, хатшылық қызметін қоса атқарған өте білімді жан болатын. Өзі де саяси қуғын-сүргіннің көкесін көріп, екі рет ату жазасына кесіліп, аман қалған адам. 18 жыл айдауда болып, көрмеген қорлығы жоқ. Сол кісінің қасында ондаған жылдар жүріп, тәрбиесін көрдім. Бір ғажабы, ол кісінің рухы мықты, әділ, қарапайым халық десе, ішкен асын жерге қоятын, сөйлер сөзге екі тілде бірдей шешен және жадыда сақтау қабілеті керемет болатын. Қай жылы қандай жиналыс болып, онда кімдердің не айтқанын айна-қатесіз айтып бере алатын. Кейде тіпті «Осы бала не біледі» деп ойлайтын шығар деген де басыма ой келіп, айтқандарын қолға түскен құжаттар арқылы тексеріп көрген кездерім болған-ды. Сөйтсем, бәрі дұрыс, асқан дәлдікпен айтылған екен. «Аға, көрмеген қорлығыңыз жоқ, сіз үшін ең ауыр қай кезең болды?» – деп сұраған да болатынмын. Сонда ол: «Ең қиыны өлім жазасына кесіліп, өз өліміңді өзің күтіп отыру, басқа көрген қиындық, бейнет пен аштық түк те емес» деп жауап берген-ді. Бекболат ағаның айтуынша өз өліміңді күту, шарасыздық күйге түсу адамның рухын басып, мүсәпір халге жеткізеді екен. Бұл рухани күй жеке адамға ғана емес, тұтастай ұлтқа да тікелей қатысты. Міне, сондай асыл азамат құрған қауымдастық осы. Ұйымдастыруға басшы болған Бекболат аға ресми құжаттарды асқан ыждаһаттылықпен дайындап, үлкен жоспар құрған болатын. Өзі сияқты көптеген Алаш азаматтарының есімін ел есінде қалдыруды басты мақсат етіп қойды. Осы қазір біз отырған қуықтай бір бөлме емес, бүкіл бұрынғы «НКВД», кейін «КГБ» жайлаған мына алып ғимаратта мұражай ашып, халыққа, болашақ ұрпаққа үлгі болатындай қоғамдық орынға айналдыруды армандаған еді. Ол үшін Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура, Жоғарғы сот, қала басшылығы сияқты құзырлы орындардың келісімін алған. Сөйтіп, 2000-жылы 14- сәуірде тура Елбасының алдына барған болатын. Нұрсұлтан Назарбаев Бекболат ағаның бастамасын бірден қолдап, құжатқа қол қойып, бұл істің өте маңызды екенін айтып жоғары бағалаған. Елбасының қолдауымен жігерленген біздер мынау кезінде қорлаудың, қысымның ордасы болған ғимараттың Наурызбай батыр көшесі жағынан үлкен мұражайдың алғашқы кезеңін ашып, 1919-1938 жылдар аралығына қатысты көптеген құжаттар мен жәдігерлерді жинастырып та үлгерген едік. Оған қоғам мүшелерінің көзқарасы дұрыс болып, бұл істің аса қажет екенін түсінген көпшілік көмек көрсете бастаған-ды. Алаш арыстарының ұрпақтары қолда бар жәдігерлерін әкеліп тапсырып белсенді атсалысты. Мектеп оқушылары, студенттер басқа да жастар мұражайға келіп, еліміздің тарихының ақтаңдақ тұстарымен танысуға мүмкіндік алған еді. Көшенің қарсы бетіндегі Наурызбай батыр мен Чайковский көшелері арасындағы қарағайлы саябақта тас орнатылып, ол жерде саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарына арнап ескерткіш орнату жоспарланды. Тіпті олардың тізімдерін де тасқа қашап жазбақшы болғанбыз. Сол қойылған қара тас әлі тұр көзге шыққан сүйелдей болып. Бір сөзбен айтқанда, Елбасының өзі қолдау көрсеткен бұл бастама ұзаққа бармады. Оның арасында Бекболат ағаның өзі де қайтыс болды. «Өзі жоқтың, көзі жоқ» деді ме бастаушымыз – Бекболат аға кеткен соң бұл ғимаратқа өлімтікке шүйілген құзғындай көз алартушылар көбейді. Бірінен соң бірі келіп ғимараттың іші-сыртын көріп кетушілер жиіледі.

– Жоғарғы билік, қала басшылары тарапынан қолдау, көмек болмады ма?

– Қала басшылығынан көмек дегенге біздің күлкіміз келеді. Күлкі емес, жылағың келеді. Мәселе де сонда болып отыр. Алғашқы біз үшін қысым 2005-жылы басталды. Қаланың қақ ортасында тұрған алып ғимарат біреулерге күндіз күлкі, түнде ұйқы бермеген болуы керек, жекешелендіру туралы жел сөздер жиілеп кетті. Анығын қала басшысынан білмек болдым, бірақ, мені әкімге маңайлатпады. Әкім аппаратының басшысы Қайрат Жаңабергеновке жолықтым. Ол бұл тарихи ғимарат ешқандай жекешелендіруге жатпайды, алаңсыз жұмыс істей беріңіздер деп шығарып салды. Одан кейін Ішкі саясат басқармасының бастығы Жасұлан Мырзалинге жолықтым. Ол да ешқандай қауіп жоқ деп сендірді. Жылдың аяғында ғимаратты босатыңдар, бұл біздің жекеменшік деп екі жігіт екіленіп жетіп келгенде қаламызға танымал екі азаматтың бізді алдап соққанын бір-ақ білдік. Бұл тарихи ғимарат, ол мүмкін емес дегенімізге қарамастан, сот арқылы босатуға мәжбүр етті. Содан бастап, бүкіл республика деңгейінде белсенді істер атқарып отырған қауымдастығымыздың жұмысы тоқырауға ұшырады. Көпшіліктің көзайымына, жастарымызды өткен күндер естелігі арқылы тәрбиелеу орнына айналған мұражайымыз жабылды. «Зұлмат», «Репрессия» деп аталатын екі тілде шығатын газеттеріміз де шығуын тоқтатты. Бұны не деп түсінуге болады? Бұны халықтың санасына, тарихына жасалған қиянат, ұлтқа қарсы әрекет, тіпті қылмыс деп айтуға болады. Бұл туралы біз ашық айтып та, жазып та жүрміз. Осының бәрін жасап отырғандар қолында сәл де болса билігі бар тоғышарлар. Тек қана өзінің құлқынын ойлайтын жемқорлар. Әйтпесе, жекешедендіруге осыдан басқа ғимарат құрып қалып па? Бұл ғимараттың әрбір тасы, әрбір кірпіші зұлмат заман туралы зарлап тұрған жоқ па? Алланың алдына барғанда топырақ та сөйлейді дейді. Сонда олар ертең не айтып, қай бетін көрсетпекші? Осыдан кейін ұрпаққа қандай тәрбие беріп жүрміз деп айта аламыз? Мысалы, бір ғана Алматы қаласын алайықшы. Алматы мақта-мата, үй құрылысы комбинаттары, ауыр машина жасау, «Поршень» сияқты мыңдаған адамдар жұмыс істейтін ондаған алып зауыттар жабылып, бәрі де сауда-саттық, ойын-сауық орындарына айналды. Сол жетпей ме? Тым болмаса тәбетімізді тиып, тарихи орындарды тыныш қалдыруға болатын еді ғой. Қазір сол сауда орындарынан өзіміз шығарған бір зат таба алмайсыз, бәрі шетелдікі. Халықты алдау, өтірік айту бүгінгі басшылар үшін түк те болмай қалды. Тарихи ғимаратты қайтару үшін біз не көрмедік, жазбаған жеріміз қалмады. Президенттің, Үкіметтің атына жіберген хатымыз қайтып Алматы қаласы әкімдігіне жіберіледі. Елбасының өзіне жеткізбейді, орта жолдан тоқтатып, жалған жауап беруге тырысады бәрі де. Ал, қалалық әкімдіктегілер «Бұл ғимарат жекешелендіріліп кеткен, енді заң бойынша ештеңе істей алмаймыз» деген егіздің сыңарындай жаттанды жауап береді де тұрады. Жекешеленіп сатылып кеткенін өзіміз де білеміз, соны қайтаруға көмек сұрап отырғанымызды естігісі де келмейді. Ғимаратты өз колдарымен жекешелендіріп жібергендер одан басқа қандай жауап берсін. Бұл шынын айтқанда Президенттің өзі келісімін берген жобаны, тапсырманы орындамау, Елбасының сөзін елемеу болып табылады емес пе?

– Бұл Алматы қаласындағы жағдай делік. Ал, еліміздің басқа аймақтарындағы ахуал қалай?

– Жағдай сол қаланы, сол аймақты басқарып отырған азматтарға байланысты ма деп қалдық. Өйткені барлық шешімдерді солар қабылдайды. Мысалы Шымкент қаласында мұражай ашылып, маңызды іс-шаралар атқарып келеді. Ондағы басшылар бұл мәселеге түсіністікпен қарап, өздерінің саналалығы мен біліктігін көрсете білді. Сосын айқай-шумен былтыр Қарағандыда мұражай ашылды. Жалпы Кеңес одағы бойынша 166 лагерь болған екен, соның 33-і Орта Азия мен Қазақстанда, сол 33-тің 24-і қазақ жерінде орналасқан. Бұл сандар да көп нәрсені аңғартса керек. Лагерлердің штабы Қарағанды облысының Долинка деген елдімекенінде болған. Оған тағы да Ақмола облысында болған әйелдерге арналған «АЛЖИР» лагерін қосыңыз. Қазір аймақтарда біраз жұмыстар атқарылуда. Астанада, Павлодар қалаларында ашаршылық құрбандарына ескерткіштер орнатылды. Жалпы, Алаш арыстарын, саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарының аттарын анықтап, ел есінде сақтауға ешкім қарсы емес. Қала басшылары да 31-мамыр күні митинг жасап, еске алу шараларын өткізеді. Билік тарапынан барлық іс осымен бітеді. Одан кейін келесі мамырға дейін ешқайсысы ештеңе істемейді, істегісі де келмейді. Қоғамдық ұйымдар, қатардағы қарапайым адамдар ұсынып отырған жобаларға, жоспарларға атүсті қарайды. Мысалы, Сұлтанбек Қожановқа арналған тақтаны қоғам мүшелері өздері ақша шығарып жасатып әкелгенмен соны ілуге рұқсат ала алмаған күндер болған. Қаланың қоржынынан бір тиын ақша шыққан жоқ. Бар айтатын сылтаулары стандартқа сай емес деп бет бақтырмаған. Ақыры үлкен дау-дамаймен ілгізген болатынбыз. Қолында билігі бар басшыларымыз тек қана телеарналарға берген сұхбаттарында, жұрт алдында баяндама жасағанда айды аспанға шығаратыны болмаса, нақты көмек беріп, қолдауға келгенде қимыл көрсетпейтіні өкінішті.

– Қарап отырсақ қоғамдық негізде құрылған қауымдастықтың қиындықтары жетерлік екен. Былай жалғаса берсе, одан әрі жұмыс істеудің өзі мүмкін болмай қалуы ғажап емес қой?

– Мәселе ғимаратта ғана емес. Біз осы ғимаратты өзіміздің жекеменшігімізге жазғызып, жіліктеп бөліп алғалы отырған жоқпыз. Қоғам үшін, халық үшін жарапазан айтып жүрміз. Бұл жұмысты тоқтата салуға да болады. Сонда бізге артып отырған көпшіліктің сенімі не болмақ? Одан соң Алаш арыстарының, қолдан жасалған ашаршылықтың құрбандарының әруағы кешіре ме? Сондықтан, қандай қиындықтар болмасын біз алған бетімізден таймаймыз. Ғимарат қана емес басқа тежегіштер толып жатыр. Мысалы, Алаш арыстарына байланысты сол жылдардағы оқиғаның шын мән-жайын білу мүмкін емес, мұрағаттың қақпағына қара құлып салынған. Халыққа шындықты жеткізудің тура жолы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарайтын тарихи мұрағатты ашу керек. Хат жазсақ, 1991-жылдан бастап ол мемлекеттік құпия болып саналатынын айтады. Біз оларға кеңес кезіндегі қылмысқа Қазақстан жауап бермейді, одақтың мұрагері Ресей, неге мұрағатты ашпайсыңдар деп те айттық. Өйткені ол жерде біздің бетке ұстар, біртуар ұлдарымыз жайлы көп деректер бар. Соны жарыққа шығарып, халқына қайтаруымыз керек қой. Олардың бар айтатын сылтаулары – бір-біріне жазылған арыздар бар, ол ешкімнің беделін өсірмейдіге келтіреді. Халық ақымақ емес, ол кезде күштеп, ұрып-соғып болмаған нәрсені болды деп мойындатқан, соған қол қоюға мәжбүрлеген құзғындардың қылығын онсыз да біледі. Өңі түгіл түсінде көрмеген, өмірінде естімеген жапондардың тыңшысы деп жала жапқандары да жалпақ жұртқа белгілі. Бір қызығы, Ресей өз мұрағатын көпшілікке ашып, ғаламторға дейін салып қойды. Ал, бізге 2021-жылға дейін күтуге тура келеді.

Уақыт өтіп жатыр, бүгінгі күні Алаш арыстарының соңында қалған ұрпақтары да азайып барады. Олармен бірге сақталған құнды деректер мен жәдігерлер де мүлдем жоғалуы мүмкін. Оны жинастырып келер ұрпаққа ұсыну – бүгінгі біздің міндетіміз. Бұл исі қазақ азаматтарының алдындағы абыройлы міндет, керек десек аталардан қалған аманат. Мен өзім атамның қолында өстім. «Балам, ертең өсіп азамат боласың, сол кезде арыңнан аттама, өз арыңның алдында ұялатындай бол. Өз арының алдында ұялмаған адам қадыр мен қасиеттің не екенін білмейді» деуші еді. Жас болған кезде оған аса мән бермедік. Қазір сол қарапайым ғана қазақ шалының айтқан ақылының мәнін толық түсініп, жиі еске аламын. Бәріміз де періште емеспіз. Қателік кімнен кетпеген, бірақ өз арының алдында әркім жауап бере білгенге не жетсін. Біздің де ел басқарып, үлкен топты соңынан ерткен азаматтарымыз өз арын ту етіп ұстап, халықтың мұң-мұқтажын, жағдайын ойлауды бірінші кезектегі басты мақсаты етеді дегенге сенгім келеді.

Сұхбаттасқан Зейнолла АБАЖАН

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз