Ұстаз көсегесі қашан көгереді?

0
375

МҰҒАЛІМНІҢ МҰҢЫ КӨП

Мектеп айнасы – мұғалім екені мәлім. Әйтсе де, осынау қастерлі мамандық иесінің қоғамдағы беделі көңіл қамықтыратыны жасырын емес. Ең бір өкініштісі, көптен бері әкімшілік жұмыстардың дені мұғалімдердің күші арқылы атқарылып келеді. Тіпті, бүгінде олар нағыз қолбалаға айналып бара жатқандай. Алаңдардағы түрлі мәдени шаралардан бастап, үлкен залдардағы жиналыстар мен конференцияларға адам қарасын көбейту үшін мұғалімдер тартылады. Түрлі қоғамдық жұмыстардың насихаттаушысы ретінде сондай іс-шаралардың басы-қасынан табылатын мұғалімдерді мектептің қағазбастылыққа салатыны тағы бар. Одан қалса, жоғарыдан келе­тін түрлі тексеріс те осы ұстаздар қауымын титықтатып бітеді.
Оның үстіне басшылықтан бастап, ата-аналарға дейін мін артуға дайын тұрады. Бұрынғы ата-ана мен бүгінгі ата-ананы салыстыруға келмейтіні анық. Кейінгі ағайын қит етсе, мұғалімді жазғыруға бейім.
Жыл сайынғы атышулы ҰБТ да көбінесе оқушыны, мұғалімді әуре-сарсаңға түсіреді. Өйткені, соңғы уақытта мұғалімнің біліктілігі де шәкіртінің ҰБТ көрсеткішіне байланысты бағаланатын болды.
Осы мәселеге қатысты ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов: «ҰБТ-ға көп жағдайлар байланысты болып тұр. Мұғалім, мектеп, аймақ жұмысы осымен бағаланады. Мұның барлығы – қысым. Алдағы жылдары ҰБТ-ны күйзелісі аз етіп ұйымдастыруымыз керек» деп отыр. Әйтсе де, бұл мәселенің оңтайлы шешілуі тағы да уақыттың құзырындағы дүние болып қала береді-ау.
Ал мұғалімдердің мардымсыз жалақысы туралы да айта-айта аузымыз шаршағалы қашан. Жыл сайын білім саласын дамытуға қыруар қаржының бөлінетініне қарамастан, мұғалімдер ата-анаға қол жаюға мәжбүр. Осының барлығы, сайып келгенде, қоғамдағы ұстаз беделінің құлдырауына әкелмегенде қайтеді?..

ЖАЛАҚЫ ӨСЕ МЕ ДЕГЕН ҮМІТ ҮЗІЛМЕЙДІ

Расында, ұстаз мәртебесі қалай көтерілмекші? Өмірдің шырағы болып табылатын білімді бойымызға сіңіру жолында тер төккен ұлағатты ұстаздар жағдайы түзелмей, елдік туралы сөз қозғаудың өзі ыңғайсыз. Сондықтан ба, осындайда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың: «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім», – деген сөзі ойға оралады.
«Мұғалім – мектептің жүрегі» болып табылатындықтан, ол барлық қасиетімен де өз шәкіртіне үлгі болуға тиіс. Ұстаз – білім беру сапасын арттыру саясатын тікелей жүзеге асырушы тұлға. Ол – мемлекетімізді құрметтеу жауапкершілігін шәкірттеріне жеткізіп дарытушы. Мектепке «тарыдай болып кірген шәкіртін таудай қылып шығаратын» да сол мұғалім. «Ұстаз мәңгілік нұрдың қызметшісі» болғандықтан, оның қоғамдағы мәртебесін жоғарылату, шындығында кезек күттірмейтін мәселе.
Осы түйткілге қатысты Қазақстанның Еңбек ері, Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназияның директоры Аягүл Миразованың пікірін білген едік. «Мұғалім беделі, негізінен, ішкі субъективтік және сыртқы объективтік факторлардан түзілмек. Ішкі субъективтік факторлар дегеніміз – мұғалімнің өз басының педагогикалық қызметіне көзқарасы, оның қатынасы, мінез-құлқы, жеке мәдениеттілігі, білімділігі, іскерлігі, ұйымдастырушылық қабілеті, мейірімділік пен жанашырлық қасиеттері және шығармашылық еңбегі мен жаңашылдық ізденістері. Сыртқы объективтік фактор­ларға, біріншіден, мектеп ішінде мұғалімнің дұрыс еңбектенуіне жасалынатын оқу-материалдық, оқу-әдістемелік, әкімшілік-ұйымдастырушылық жағдайлар мен мектепішілік психологиялық-педагогикалық ахуал, т.б. көздер жатса; екінші­ден, мектептен тыс факторлар деп мұғалімнің жалақысы, мұғалімдік істі марапаттау, мұғалімдерге мемлекеттік атқару органдарының жан-жақты қолдау көрсетуі, бұқаралық ақпараттық құралдар арқылы жүргізілетін үгіт-насихаттар, ата-аналардың көзқарасы, т.б. айтамыз. Бұл екі фактор өзара тығыз байланысты. Ішкі факторлардың өзектілігі сыртқы факторлардың болуын жеделдетсе, ішкі факторлар өз кезегінде сыртқы факторларға оң пропорционал», – дейді елге кең танымал жетекші ұстаз.

ЕР МҰҒАЛІМДЕРДІҢ ОРНЫ ТУРАЛЫ ОЙ

Ел болашағы білімді ұрпақ­тың қолында екендігін үнемі тілге тиек етіп отыратын мемлекет басшысы Н.Назарбаев әрбір Жолдауында білім саласына ерекше мән береді. «Барлық дамыған елдердің сапалы бірегей білім беру жүйесі бар. Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр. 2020 жылға қарай Қазақстандағы үш-алты жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту жоспарлануда. Сондықтан, оларға заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін, білікті мамандар ұсыну маңызды. Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек. Мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуге тиіс. Оларды оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болуға тиіс», – деген болатын биылғы жолдауында. Елбасы айтқан ауқымды жұмысты атқаратын да, шәкіртін білім нәрімен сусындатып, үлкен азамат болып қалыптасуына ұйытқы болатын да – ұстаз.
Педагогтің мәртебесін жоғарылату мәселесі мемлекет назарынан тыс қалған емес. Қазақстан Республикасындағы «Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік» бағдарламасының басты бағыттарының бірі. Тіпті, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың: «Біз мұғалімнің мәртебесі мен абыройын қайтаруға міндеттіміз», – деуінің өзі мұғалім мәртебесінің алдағы уақытта көсегесін көгертуге ықпал етері сөзсіз.
Сондай-ақ, еліміздің білім туралы заңына да педагог мәртебесі туралы жеке тарау енгізіліп, онда: «мемлекет – қоғамдағы педагог қызметкерлердің ерекше мәртебесін таниды және кәсіптік қызметін жүзеге асыру үшін жағдай жасайды» деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Меніңше, осындай қолдаудың барлығы жас ұрпақтың білім алуы жолында өлшеусіз тер төгіп келе жатқан ұстаздар қауымын қанаттандырары сөзсіз.
Алдағы уақытта мұғалім­дердің жалақысы көтеріліп, әлеуметтік жағдайы жақсара ма деген үміт үзілмейді. Мемлекет басшысының өзі биылғы Жолдауында: «Үкіметке аза­мат­тық қызметшілер еңбекақы­сының жаңа үлгісін әзірлеуді және 2015 жылғы 1-шілдеден бастап енгізуді тапсырамын. Ол қызметкерлердің еңбекақыларын денсаулық сақтау саласында – 28, білім беру саласында – 29, әлеуметтік қорғау саласында – 40 пайызға дейін арттыруды қамтамасыз етуге тиіс», – деді.
Бірақ күнделікті атқаратын төзімділік пен білімділікті талап ететін мұғалімнің мәртебесі мәселесі тек жалақыны жоғарылатумен шешіле салмасы анық. Бедел маманның интелектуалды, білімділік, жеке-дара ерекшеліктерінің бағалануымен көтеріледі. Ұстаз абыройын арттырамыз десек, осы жайтқа баса көңіл бөлгеніміз абзал-ау. Сонымен қатар, ұстаз мәртебесін көтеруді заң арқылы бекіткеніміз жөн секілденеді.
Бүгінде ең «ұшынып» тұрған мәселенің бірі – мұғалім мамандығы бойынша ген­дер­лік сәйкессіздіктің реттелмеуі. Мұғалімдік қызметті атқаратын­дардың 81,3% әйелдер екендігін ескерсек, бұл салаға ер азаматтарды тартудың қажеттілігі әлдеқашан жеткені еске түседі. Неге десеңіз, «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп әл-Фараби бабамыз айтқандай, мектептегі тәрбие жұмысына ер азаматтардың қосар үлесі ұшан-теңіз.

ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖОЙЫЛМАЙ, ҰШПАҚҚА ШЫҒА АЛМАЙМЫЗ

Күләш Бейсенбіқызы, педагог-журналист:

– Мұғалім мәртебесін көтерудің жолын біз бүгінде қаражатқа әкеліп тіреп қоятынды шығардық. Мұғалімге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілгені жөн-ақ. Бірақ бар мәселе қаржыға да қарап тұрған жоқ қой. Ең басты міндет – білімді шәкірт тәрбиелеу болатын болса, сол міндетті қалтқысыз орындап, ұрпақ тәрбиесі жолындағы өзінің жауапкершілігін сезінген ұстаздардың мәртебесі қашанда биік.
Мұғалімнің оқушылармен педагогикалық қарым-қатынасы, білім-білігі, өзін-өзі дұрыс ұстауы, киім-киісі, жүріс-тұрысы, әрбір қимыл әрекетіне дейін жағымды әсер қалдыруы тиіс. Ұстазға тән қасиеттің барлығы бойынан табылып тұрса, ешкім оған негізсіз мін таға алмайды.
Елбасымыздың өзі әрбір Жолдауында білім саласының қызметкерлеріне ерекше тоқталып, тиісті қолдауды көрсетіп-ақ келеді. Сондықтан, мұғалім мәртебесін көтеруді жоғары жақтан күтпей, әрбір ұстаз өз атына лайықты қызмет атқарса, барлық нәрсе реттеледі деп ойлаймын.

Зәкір Асабаев, жазушы:

– Бүгінгі күні білім саласын былыққа батырып отырған нәрсе – жемқорлық. Жақында ғана телеарнадан Арыс қаласы мен Ленгір ауданындағы екі мектеп директорының қызметкерлерден пара алғаны үшін ұсталғанын көрсетті. Бір білім ошағының тізгіні сеніп тапсырылған басшылардың сиқы осындай болған соң, олардың мәртебесі туралы не айтуға болады? «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, осындай жең ұшынан жалғасқан сыбайластық салдарынан «мұғалім» деген ардақты атқа дақ түсіп отырғаны өкінішті…
Мұғалім мәртебесінің төмен болуына ықпал етіп отырған тағы бір нәрсе – жоғарғы оқу орнын сырттай оқыған, білімі таяз мамандар қарасының көбеюі. Ұстаздықтың қадірін ұғынбастан, ұстаз атанып жүрген осындай мамандар жас ұрпақтың тамырына балта шауып жүргендерін білмейді-ау, осы…

Дайындаған:
Гүлмира САДЫҚОВА

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз