ТӘУЕЛСІЗДІКТІ ҚОРҒАҒАНЫ ҮШІН ТҮРМЕДЕ ОТЫР?!.

0
999

Марғұланды кімдер сотқа бергеніне қарап-ақ, бұл әділетсіздік болғанын білесің…

“Біз ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажеттігін тағы да баса айтқым келеді”

ҚР Президенті Қ.Тоқаев

Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерекесі!

Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 155 жылдығы!

Тәуелсіздік қарлығашы – Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығы!

Тура бүгін, 12 желтоқсан – 1917 жылы Алаш Орда автономиядық үкіметінің құрылғанына 104 жыл!

Кеше ғана Қарағанды қаласындағы Октябрь ауданы Әлихан ауданы болып өзгертілгені туралы шешім шықты!

“АЛАШ ақыры Октябрьді жеңді! Октябрь аты өшіп, ӘЛИХАН ауданына айналды!”-деп қуана жаздық!

Ал сол Қарағандының тумасы, Әлихан бастаған Алаш арыстарын ұлықтауды насихаттап жүрген белгілі қоғам қайраткері Марғұлан Боранбай сепаратизмге қарсы шығып, Тәуелсіздігімізді, ұлттық мүддемізді қорғағаны үшін түрмеде отыр…

Қарағандыдағы ауданнан Октябрьдің аты өшкенмен, сол ауданда туып-өскен Марғұланға Октябрь большевиктерінің тырнағы әлі батып отыр…

Тәуелсіз мемлекетіміздің қазіргі конституциялық құрылысына қарсы солшыл коммунистерге ашық батыл қарсы шығып, ҚР Президенті Қ.Тоқаев айтқандай: “Тәуелсіздікті аспен де, таспен де қорғап”, Ұлттық мүддеміз үшін, тіліміз үшін күресіп жүрген Марғұланға жаулары жала жауып, абақтыға жапты.

“Жала жапты” деп жалаң айта салып отырған жоқпыз, төмендегі Бас прокурорға жазған хатымызда бұны Марғұланның адвокаты А.Байдаров айқын дәлелдеп көрсетіп берген.

Иә, біз, “Ақ жол” партиясы басшылары, Мәжіліс депутаттары Азат Перуашев, Қазыбек Иса, Берік Дүйсембиновтер Марғұлан Боранбайдың адвокаты А.Байдаровтың жазған арызына байланысты Қазақстан Республикасының

Бас прокуроры

Ғ.Д. Нұрдәулетовке екі рет хат жолдадық. Алдымен биылғы көктемнің басында жазған хатымызбен тарыстырайық.

Қазақстан Республикасының

Бас прокуроры

Ғ.Д. Нұрдәулетовке

Құрметті Ғизат Дәуренбекұлы!

«Ақ жол» Қазақстанның Демократиялық партиясына ҚР ҚК 174-бабының 2-бөлігі, 179-бабының 2-бөлігімен қарастырылған құқық бұзушылық үшін айып тағылып отырған Марғұлан Боранбаевтың адвокаты А. Е.

Байдаровтың қорғауындағы адамға қатысты тергеу барысында орын алған бұзушылықтар жөнінде арыз хаты келіп түсті.

Арыз хатта, М.Боранбаевқа қатысты қозғалған қылмыстық істі тергеу Алматы қалалық полиция департаменті тарапынан заңсыз жүргізілуі жөнінде баяндалып отыр.

Атап айтқанда, тергеу реттілігі бұзылған, яғни ҚР қылмыстық кодексінің 179-бабымен тергеу, ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 187-бабының 1-бөлігінің талаптарына сәйкес, Ұлттық қауіпсіздік комитеті органдарымен жүргізілу тиіс болатын. Екіншіден, полицияның тергеушілері тарапынан, іс біржақты түрде тергеліп, қорғау тарапының заңды, негізді уәждері назарға алынбауда. Осының негізінде, арыз хат иесі, Алматы қаласының полиция департаментінің бұндай санатты істерді тергеуге уәкілеттігі және құзыреті жоқ екендігін алға тарта отырып, бұл белгілер тергеудің объективтілігі мен бейтараптығына күмән келтіреді.

Сонымен қатар, ҚР ҚПК 272-бабының 4-бөлігімен көзделген, сот сараптамасының тағайындалғаны туралы қаулымен күдіктіні, айыпталушыны, оның қорғаушысын, жәбірленушіні, оның өкілін, сондай-ақ сараптамаға ұшырайтын куәні, оның ішінде қорғалуға құқығы бар куәні оның заңды өкілін таныстырады және оларға осы Кодекстің 274-бабында көзделген құқықтарын түсіндіретіні туралы процестік заң талаптары сақталмаған. М. Боранбаев өз қорғаушысымен бірге аталған сот сараптамаларының тек қорытындыларымен таныстырылған.

Нәтижесінде, қорғау тарапынан, 2019 жылғы 4 сәуірдегі №893 сот сараптамасының қорытындысы бойынша, ҚР ҚПК 286-бабы тәртібінде сарапшыларды жауаптау, қайталама сараптама тағайындау туралы өтініштері қанағаттандырылмаған.

Ал, 2019 жылғы 16 тамыздағы №1601 сараптама қорытындысымен М. Боранбаев қорғаушысымен, тек 2020 жылдың қазан айында ғана таныстырылған.

Сараптама қорытындыларының нәтижесінде М. Боранбаевтың жазған посттары контексттен бөлініп алынған, кей жерлерде Боранбаев тарапынан жазылмаған пікірлерді сол жазды деп ашық түрде бұрмаланған (фальсификацияланған) комментарийлерден тұратындығы жөнінде баяндалады.

Сондай-ақ, сарапшылар тұжырым жасағанда, М. Боранбаевқа тиесілі емес басқа тұлғалардың комментарийлерін негізге алған.

Марғұлан Боранбаев – Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығына күмән қоюшы, Еліміздің басқа мемлекеттің құрамында болу идеясын ашық ұстанатын, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге және елді мекендер мен көшелерді қайта атауға қарсы, батыс әлемімен қарсы тұру логикасын күштеп таңатын дұшпандық күштерге қарсы жарияланымдармен, ұлттық мүдделерді қолдаушы ретінде танымал азамат. Сондай-ақ, ол, тікелей немесе жанама түрде қазіргі конституциялық құрылысқа қарсы бағытталған солшыл марксистік идеологияға қарсы пікірлерімен де белгілі.

Атап өту қажет, Елбасы Н. Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында, елді құрдымға бастайтын популистік идеологиялардың ішінде, өткен ғасырдың басты үш идеологиясы – коммунизм, фашизм және либерализмді атап өткен болатын.

Сол сияқты, Президент Қ. Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Тоталитарлық кезеңде ұлттық құндылықтарымыздан, тілімізден, діліміз бен дінімізден айырылып қала жаздадық. Ұлт пен ел ретінде сақталып қалу үшін, бүгінгі және болашақ ұрпақ жаңа сын-қатерлерге дайын болуы керек» делінген.

Сол мақалада, аумақтық тұтастығымызға күмән келтіріп, тату көршілік қатынастарға сына қаққысы келетіндерге, ресми және қоғамдық деңгейде тойтарыс бере отырып, ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажеттігі баса айтылған.

Ал, М. Боранбай болса, ол өз түсінігі бойынша еліміздің ұлттық, ұлтшылдық мүдделерін қорғау мақсатында жариялымдарын бұқараға ұсынған тұлға. Сол ұстанымдарын ашық жариялағаны үшін, бүгін жауапкершілікке тартылып қамауда отыр.

Сондықтан да, құрметті Ғизат Дәуренбекұлы, Сізді осы ел назарын аударып отырған шулы істің мемлекеттік мүдде тұрғысынан әділ шешілуіне ықпал етеді деп сенеміз.

Құрметпен,  

«Ақ жол» ҚДП

фракциясының депутаттары

А. Перуашев

Қ. Иса

Б. Дүйсембинов

Бас прокуратураға жазған хатымызға сегіз айдан бері селт еткен жауап болмағасын жақында тағы хат жаздық.

Қазақстан Республикасының

Бас прокуратурасына

Биылғы 4 наурызда Қазақстан Республикасы Бас прокурорының атына Парламент Мәжілісінің депутаттары А.

Перуашевтың, Қ. Исаның, Б. Дүйсембиновтың қолымен, ҚР ҚК 174-бабының 2-бөлігі, 179-бабының 2-бөлігімен қарастырылған құқық бұзушылық үшін айып тағылып отырған Марғұлан Боранбаевтың қорғаушысы А. Е. Байдаровтың, қорғауындағы адамға қатысты тергеу барысында орын алған бұзушылықтар жөніндегі арызы бойынша №05 хат жолданған болатын.

Алайда, сол хат жолдағаннан сегіз ай өтсе де, бізге әлі жауап келген жоқ.

Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің талаптарына сай неге жауап берілмегендігін тексеруді сұраймыз.

Егер, жауап дайындалып, ол белгісіз бір себептермен бізге жетпей қалған жағдайда, Нұр-Сұлтан қаласы, Мәңгілік ел көшесі, 30 мекенжайында орналасқан «Ақ жол» ҚДП орталық аппаратына қайта жолдауды өтінеміз.

Қосымша: 2020 ж. 4 наурыздағы №05 хаттың көшірмесі 2 бетте.

Фракция басшысы,

Мәжіліс депутаты А. Перуашев

Мемлекеттік органдардың жазылған хатқа белгілі бір мерзім ішінде жауап беруін талап ететін заң талаптарының неге бұзылғанына Заңдылықтарды қадағалайтын басты орган – Бас прокуратураның өзі енді назар аударатын болар деп үміттенеміз.

Марғұланның үстінен арыз жазғандардың кім екендіктеріне қарап-ақ, оның әділетсіз тұтқында жатқанын білуге болады!!

Өзге елдерде Тәуелсіздікті қорғаған Марғұландай марғасқаларын қудаламайды, құрметтейді. Ал бізде бәрі керісінше.

Қайта Тәуелсіздік қарлығашы – Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығында Желтоқсан қаһармандарын жазалауға қатысқанын әлі күнге мақтанышпен айтып жүргендердің сол кездегі қарекеттеріне, Тәуелсіздіктің 30 жылдығында әрбір ісі бұрынғы отаршыл сталиндік коммунизмді насихаттауға арналғандардың заңсыз әрекеттеріне заңдық баға беретін кез келді!!!

Төрт күннен соң Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерекесін тойлаймыз! Ал Тәуелсіздікті қорғаған Марғұлан Боранбай жазықсыз, жалған жаламен тас қамауда отыр!?.

Біздікі ешқандай ықпал жасау емес, Бас прокурорға жазғанымызда айқын көрсеткеніміздей, тергеу барысындағы өрескел заң бұзушылықтарды жойып, әділдікті талап ету!

Бізге Тәуелсіздіктен артық құндылық жоқ!

Алашқа Алла жар болсын!

Тәу етер Тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай!

Қазыбек ИСА, 

Қазақ үні 

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз