Атамбаев Қазақстанды Алтын Орданың мұрагері деп атады

0
26

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Қазақстанға сапары қарсаңында қазақстандық ресми БАҚ журналистеріне сұхбат берді. Сұхбатында Атамбаев әуелі қырғыз бен қазақтың “түп-тамырын қараса, бір ел болғанын”; “тілі, діні ортақ халықтар екенін” айтты.

Атамбаев Қазақстанды Алтын Орданың мұрагері деп атады
Бұл туралы Азаттық жазады.

“Біздің тіліміз ғана емес, түріміз де ұқсайды. Қиын кезеңдерде бір-бірімізге көмектесіп келдік. Кейде бір билеушілердің өз мүддесін ойлап, қос халықты бір-біріне қарсы қойғысы келген кездері де болды… Кейін келе ғана бөліндік. Әйтпесе, орыс, поляк, француз карталарында “қырғыз-қайсақ”, яғни “қырғыз-қазақ территориясы” деп көрсетілген”, –  деді Атамбаев.

Қырғыз лидері  бауырлас Қазақстанмен, бауырлас Ресеймен міндетті түрде бір одақта болу керектігін айтты.

“Біз – ЕАЭО-ға (Еуразия Одағы) мүшелікке кандидатпыз. Біз кездескенде мен кезінде орыс, қазақ, қырғыз және басқа халықтардың территориясы бір болғанын, тарихының бір болғанын айтып отырамын. Тарихта әуелі түркі қағандығы, содан кейін ұйғыр, қырғыз қағанаттары болды, одан соң Алтын Орда, Орыс империясы, Совет Одағы болды. Мәселен, Қазақстан – Алтын Орданың мұрагері. Мұны айтуымыз керек”, –  деді.

Қырғыз президенті Қазақстан тарапынан Орталық Азия Одағын (ЦАС) құру туралы ұсыныс болғанын айта келіп, “сол кездегі Орталық Азия елдерінің басшылары бұл ұсынысты қолдамағанын, олары үлкен қателік болғанын” айтты.

Атамбаев бұған қоса Қырғызстан мен араб елдеріндегі революциялар жайлы айтып, революцияға “жеке-дара билеп төстеуге деген наразылық себеп болатынын” ескертті.

Ол Украинадағы, араб елдеріндегі, Қырғызстандағы революциялардың себебі жеке дара билеп-төстеуден туындағанын айтты.

“Көпшіліктің басқаруы, әділ сайлау өткізу, биліктің қоғамға есеп беріп тұруы мұндайға жол бермейді.Билікті автоматтар мен пулеметтер, танкілер құтқара алмайды, тек халықтың сенімі ғана құтқарады. Мен  Қырғызстан демократия өркендеген ел болады деп ойлаймын”, –  деді Атамбаев.

Қырғызстан басшысы Қазақстан тауар айналымы көлемі бойынша Қытай мен Ресейден кейінгі 3-орында тұрғанын, қазақстандық инвесторлар Қырғызстанға 1 миллиард долларға жуық қаржы салғанын да айтты.

Атамбаев осы орайда Өзбекстанның кейбір экономикалық жобаларға мән бермей отырғанын да атап өтті.

Ол Қазақстанға сапарында энергетикалық және басқа да мәселелер бойынша келіссөздер жүргізетінін айтты.

“Шынын айтайын, биыл бізде энергетикалық проблемалар болып жатыр. Биыл газ жетпей, электр энергиясының өлшемдері өсіп кетті. Мен білемін, Нұрсұлтан Әбішұлы бұл жағынан Қырғызстанға жәрдем береді”, – деді Қырғызстан президенті.

Сұхбат арасында ол Қазақстан президенті Назарбаевты мақтап өтті.

Источник: NUR.KZ

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз