ӘДЕБИЕТ – ҰЛТ РУХАНИЯТЫНЫҢ АЛТЫН ҚАЗАНЫ

0
91

Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік академиялық Опера және балет театрында Қазақстан Жазушылар одағының 80 жылдық мерейтойы аталып өтті.

Салтанатты жиынды Президент Әкімшілігі басшы­сының орынбасары Бағлан Майлыбаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шығармашылық одаққа жолдаған құттықтау хатын оқумен бастады.

«Бұл – еліміздің мә­дени өмірінің дамуына, мораль­дық және рухани құндылықтардың нығая түсуіне, жастар тәрбиесіне зор үлес қосып отырған іргелі ұжым. Рухани кемелдену, жал­пыұлттық құндылықтарды дамытып, бейбітшілік пен келісімнің асыл мұраттарын ұлықтау – «Қазақстан-2050» Стратегиясының басты мін­деттерінің бірі. Бұл орайда, жаңақақзақстандық пат­риотизмді қалыптастыруға белсене араласатын зиялы қауым осы міндеттерді орындауда шешуші рөлге ие болуы тиіс» делінген құттықтауда.

Торқалы тойда сөз алған Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов қаламгерлерді айтулы мерекемен құттықтап, одақ жұмысына сәттілік тіледі. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да жазушылар қауымына жүрекжарды лебізін білдірді.
Бұдан соң арнайы баяндама жасаған Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин шығармашылық ұйымның сексен жыл аралығында өткен жол­дарына шолу жасай келе, бола­шаққа белгілеген міндеттерге жан-жақты тоқталды.

Кезінде осы ұйымға тоғыз жыл бойы жетекшілік жасаған Олжас Сүлейменов «Әдебиетті сақтау – түптің түбінде тілді сақтау, ұлтты сақтау» екеніне айрықша мән берді.

Сол секілді торқалы тойда Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуб Омароғлы, халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымы аударма бөлімінің меңгерушісі Ясемин Водабле, халықаралық Баталист және маринист жазушылар қауымдастығының басқарма хатшысы Валерий Поволяев, Қырғызстан Жазушылар одағының төрағасы Ақбар Рысқұлов, Татарстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Рафис Курбанов, Башқұртстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Спартак Ильясов, Тәжікстанның халық жазушысы Мумин Каноат, Әзірбайжан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Ильгар Пашаев, Қытай Халық Республикасы «Этностық тобының» бас директоры Иу Бинши, т.б. мінберге көтеріліп, қазақ қаламгерлеріне ғана емес, бүкіл ұлт руханиятына ұйытқы болып отырған ұйымға ыстық ықыластарын білдірді.

Салтанатты жиын соңында жазушылар атынан Үндеу қабылданды. Онда өз қызметін ел игілігі мен биік ұлттық мүддеге бағыттаған шығармашылық одақтың алдағы кезеңдерде де мемлекеттің көркеюі мен ел іргесінің нығаюы, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімнің беріктігі жолында талмай еңбектене беретіндігі айтылған.
Салтанатты шара мерекелік концертке ұласты.

 

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз