ТӘУЕЛСІЗДІК ҮШІН КҮРЕСТІҢ ЕКІНШІ КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫ

0
80

Айдос САРЫМ, саясаттанушы:

– Жақында президент Назарбаев Қазақ хандығының 550 – жылдығын атап өту қажеттігін мәлімдеді. Бұған дейін «қазақта шекара болмаған» деген Ақорданың сөзі неге өзгерді?

– Мұның барлығы соңғы жылдары қалыптасқан авторитарлық жүйе, жеке басқа табыну, шексіз мадақтау жүйесінің әсері. 1991 жылдан бері президент ешқашан Қазақ хандығын жоққа шығарған емес. 1996 жылы «Тарих толқынында» деген кітап та жазған. Бірақ та биліктің халықтан алшақтауы, саяси элита ішіндегі теріс эволюция мен жеке басқа табыну саясаты осы жағдайға алып келді. Меніңше, мұны президентке ғана тіреп қою қате деп санаймын. Біздің қоғамның өзінде де проблема бар. Президент осылай айтты дейміз, ал өзіміз қайда қарап отырдық? Зиялы қауымымыз, тарихшыларымыз қайда қалды, мәселен? Бұрындары Алтынбек марқұм «Мүлгiп кеткен милар мен кеткен қалғып ақыл-ойлар» деген үлкен мақала жазып еді. Яғни бұл қоғамның осы жағдайға дұрыс реакция білдірмеуі, жөнді пікір білдірмеуінен туындайтын нәрсе. Міне, осының барлығы қарама қайшылыққа алып келді. Бұл еліміздегі қазақ мемлекеті десе, кірпідей жиырылатын, Ресеймен қосылуды армандап жүрген топтарға азық берді. Ақыры келіп «Қазақта мемлекет болған жоқ» деген

Путин сөзі үлкен әңгімеге айналды. Қандай саясат болса да, ол тарихқа негізделуі тиіс.
Украинадағы жағдай біздің билік элитасында жүрген жандардың мазасын қашырған сияқты. Осы уақытқа дейін билік белгілі бір иллюзиялардың тұтқынында жүрді. Ол тұтқынның біріншісі – дүние бізге жау, айналадағы қауіп-қатерден құтқаратын Ресей деген ұстаным болды. Мысалы, Ресей, Украина бүгінгі күнді ғана емес, болашақты ойлауда. Ал Украинадағы жағдай бізге Ресейге еш сенуге болмайтынын анық көрсетті.

Ресей үшін өзі қол қойған құжаттардың барлығы дерлік тек қағаз жүзінде. Ресей «ұйқыдағы аю» іспеттес. Екіншіден, Назарбаевтың айтып, жасап жүрген саясатында қияли дүние жеткілікті. Президент «әлемдік валюта» туралы ұсыныс білдірді. Бірақ, қасындағылар «бізді қойғанда, әлем елдері бұл пікіріңізге күлген де жоқ. Бұл «ұят нәрсе» деген болса керек, соңғы кездері «ғаламдық ұсыныстар» азайған сияқты. Өмірдің шынайы жақтарын ескермейтін, ақылға сыймайтын дүниелер өміршең бола алмайды

Қарап отырсаңыз, Ресейдің бізге беріп отырған ештеңесі жоқ. Ресейден алатын барлық тауарды Қытайдан екі есе жақсы сапамен, тіпті арзан бағамен алуға болады. Ресей бүгін Қазақстанға екі жақты ықпал етіп отыр. Бірі – Қазақстанда өмір сүріп жатқан 3 миллиондай орыс диаспорасы. Екінші мәселе – «ортақ менталитет». Былайша айтсақ, дүниенің барлығы Кремльге тіреліп тұр деген кеңестік психология (совок деп жатамыз ғой). Әрине, тарих байланыстыратын ортақ нәрсеміз жетерлік. Бірақ біз Ресейден көрген қорлығымыздың, қиянытымыздың бағасы, құны ортақ деген дүниені жоққа шығара салады. Біздің саяси элита «оранжевая революцияны» жасап отырған АҚШ, ал бізді ол елден қорғайтын тек Ресей, Қытай ғана деп ойлайды.

Ресейдің Еуразиялық одақ пен Кедендік одақты жасап отырғандағы идеясы елдерді өзіне байлап қою. Бүгін Ресейдің түснгені – Қазақстанды, қазақты байлап қою қиынға соғайын деп тұр. Жаңа буын дүниеге келді. Болашақта билікке ұлтшылдар келсе, бүгінгі одақтардың барлығын жоққа шығарады. Не істеу керек? Барынша қазақ капиталына кіру, ірі жобаларды бастап кету. Мысалы, атом электр стансасы. Ал атом электр стансиясын салуды бастаған соң, оны тоқтату еш мүмкін емес. Оны ашу қанша ақшаны қажет етсе, жабу да сонша нәрсені талап етеді. Оны ашсақ, біз Ресейге ұзақ уақыт бойы байланып қаламыз. Шынын айтайық, Ресейдің қазақты өзіне еліктіретін ешқандай қадір-қасиеті қалмай барады. Кедендік одақ деген дүниелер өлі туған не шала жансар бала секілді. Әзілдеп «таможенный союз» дегенді «таежный союз» деуші едік. Кешегі Путиннің «біз аюмыз, мекеніміз тайга» дегені осыны айқын дәлелдеді.

Тіпті, елдер арасында еркін сауда, капитал, тауар тасымалы артады деген де бос сөз. Ресейдің үш заңы бар. Бірі – федералдық тұрғыда қабылданған заң, екіншісі – әр аймақтың өзіне тиесілі заңдар. Үшіншісі – жемқорлық заңдылығы бар. Қазақ өндірушілеріне осы үш заңды айналып өту мүмкін емес. 9 айдың ішінде Ресей бізге 192000 көлігін сатса, Қазақстан 1 ғана көлікті экспорттаған.

Қазақ хандығының 550 жылдығы өте маңызды мереке. Бірақ мереке тек ескерткіш ашып, ат шаптыру сияқты нәрселермен шектеліп қалмауы тиіс. Мемлекеттік элита мына нәрсені есте сақтағаны жөн. Елімізде қазақ та,орыс та бір кітап оқимыз. Бір «Хабар» арнасын көреміз. Бір кеңістікте жүрген сияқтымыз. Бірақ, неге қазақ мектебін аяқтаған бала «Қазақ хандығы бар» деп ойлайды да, орысша оқыған түлек «Қазақ мемлекеті болмаған» деген түсінікпен өмір сүреді? Мұның барлығы «историческое недоразумение» ғана емес, мемлекеттік саясаттың ақсақтығы. Кезінде Марат Тәжин бастаған істі қайта қолға алуымыз қажет. Польшаның әйгілі режиссері Анджей Вайда «Тарихи оқиғалар, тарихи түсініктер кино арқылы халықтың ортақ жадына айналады» деп айтқан болатын. Бұл түсініктер жақсы оқулықтардан, тарихи фильмдерден, әдебиеттен туындайды. Мұның барлығы біздегі «ақыл-ой өндіруші корпорацияға» сын болатын нәрсе. Ақпараттық қауіпсіздікке де мән беруіміз тиіс. Бұл мереке барлық қазақстандықтардың ұйысуына, бірігуіне алып келеді. «Өз армиясын қаржыландырмаған адам болашақта бөтен елдің армиясын қаржыландыратын болады» деген сөз бар. Рухани бодандықтың қауіп-қатері экономикалық тәуелділіктен әлдеқайда қауіпті. Кезінде Малайзия мемлекет болып құрылғанда 70 пайыз капиталын қытайлар ұстап отырған. Бірақ одан құтылды. Рухани бодандықтан құтылу әлдеқайда ұзақ мерзімді талап етеді. Адамның санасы банкте жатқан акция емес. Акцияны жыртуға не сатып алуға болады. Ал адамның санасы, құлдық сана ұрпақ қуалап кетуі мүмкін. Біздің ұрпақтың өзінде 37 жылдардың сызы бар. Әлі де болса шенді адамның шекпенінен қорқу қанымызда жоқ емес. Біз ол жағдайды көзімізбен көрмесек те, әке-шешеміздің көзіндегі үрейді көрдік.

– Соңғы кездері қарулы қақтығыстан бұрын ақпараттық соғыс бірінші кезекке шықты. Кремль Грузияға басып кіргенде де, енді міне, Украинадағы майданда да дәл осы ақпараттық шабуылды пайдалануда. Біздің ақпарат құралдары ресейлік БАҚ қа төтеп беруі үшін не істеуі керек? Қайтсек Кремльдің ақпараттық шабуылына тойтарыс береміз?

– БАҚ саласы – бизнес емес. Дәлірек айтсақ, қатардағы бизнес емес. Бір жағынан, БАҚ саласында өзіміз де, оның ішінде газет шығару арқылы cіз де редакция мұқтажын өтеп жүрсіз. Ал бұл бизнестің етікшінің, шаштараздың немесе көмір сатушының бизнесінен қандай айырмашылығы бар? Сіз тек газет шығарып жатқан жоқсыз, рухани байлық қалыптастырасыздар, яғни сізге қойылар талап та басқа. Мысалы, Қазақстанда етікшілер немесе көмір сатушылар туралы заң жоқ. Ортақ заңнама, азаматтық кодекс, салық кодексі бар. Ал БАҚ саласы туралы арнайы заң бар. БАҚ саласы – жаңа қоғамды қалыптастырудың ең үздік жолы екенін түсініп алуымыз керек.Ол бір министрліктен екінші министрлікке тебе салатын доп емес. Осы он жылдың ішінде талай министрліктің құрамында болды. Мұны өзі үлкен қателік.

Ақпараттық қауіпсіздік үшін саяси инструмент, дайын кадр керек. Бұл ұзақ мерзімді күрес екенін тағы ұмытпайық. Кейбір адамдар Ресей телеарналарына тыйым салсақ, мәселе өзімен өзі шешіледі деген түсінікпен жүр. Бұл – қате пікір. Біріншіден, телеарнаны жабудың өзі оңай шаруа емес, себебі көптеген мемлекетаралық келісім шарт бар. Егер ақпараттық тәуелсіздігімізді нығайтамыз деп, ертең екінші Донбассты немесе екінші Қырымды қолдан жасап алсақ, ол кешірілмейтін қателік болады. Яғни, бұл жерде өте нәзік, бірақ белсенді саясат керек. Екіншіден, бұдан қалатын бос кеңістікті немен толтырамыз деген мәселе туындайды. Өйткені адам табиғаты вакуум деген нәрсені қабылдай алмайды. Жаңағы босап қалған вакуумға бүгінгі Ресейдің насихатынан да жаман нәрсе кіріп кетсе, не істейміз? Яғни осының бәрі ескеріліп отырылуы тиіс. Менің ойымша, бұл жаңа бағдарламаны қажет етеді. Елімізде үш миллион орыс тұрса, Ресейде бір миллион қазақ бар. Ал Ресейдің бірде-бір қаласында «Хабар», «Қазақстан» деген арна неге көрсетпейді?

Бүгін билік жүргізіп жатқан ақпарат саласындағы саясатты жұрттың барлығы сынауда. Тіпті мемлекеттік арналар мен басылымдардың басшылары пікірлерін ашық айтып жатыр. Қазақстан тарихында дәл бүгінгідей ақпарат мамандары билікті сынаған кезең аз болды. Яғни мұның өзі қоғамға, мемлекетке беріліп жатқан айқын белгі. Украинадағы жағдайды бәріміз көрдік. Ондағы жағдай былтырғы жылдың қараша айында емес, ол бұдан 5-10 жыл бұрын басталды және біздегі қазіргі жағдайға ұқсас жағдайлардан туындады. Шындап келсек, Қазақстанда тұрып жатқан, әсіресе, Солтүстік Қазақстанда халықтың біраз бөлігі бұл аймақ о бастан Ресейдің жері деп ойлайды. Ең болмағанда, осы азаматтардың көзін ашу үшін мемлекеттігіміздің 550 жылдығы сияқты тарихи оқиғаларды атап өту керек, Әрине, көрмейтін адам түйені де көрмейді. Бірақ ары, намысы, ойы, ары бар адам үшін қажет нәрсе.

– Иманғали Тасмағамбетов Қорғаныс саласына келді. Әділбек Жақсыбеков екінші мәрте Астана әкімі болып тағайындалды. Президент жасаған соңғы ауыс-түйістер жайлы не айтасыз? Бұл қаншалықты дұрыс қадам болды?

– Қазақстанда ашық саясат, бәсекелестік деген ұғым атымен жоқ. Мұның барлығы жұртты өсек-аяң іздеуге, соларды талқылауға итермелейді. Біздегі бүкіл әңгіме тағайындалған кісі «кімнің адамы», «қандай топтың мүддесін қорғайды» деген әңгіме төңірегінде өрбиді. Шындап келсек, бұл ауыс-түйістің барлығы элита ішіндегі балансты сақтау саясаты. Сол қолдағы үйреншікті ескі карталарды ауыстырып отыру элита ішіндегі ойын, яғни Назарбаев режимін сақтап отыруға жасалған шаруалар. Мәселе, орынтаққа кімнің келгенінде емес, сол адамның нақты істейтін жұмысына қатысты болуы керек. Мысалы, Путин желтоқсанның соңына дейін Ресейдің «Қорғаныс доктринасын» қайта жазып шығуды тапсырды. Ал біздер ше? Тасмағамбетов басқарған министрлік осындай құжатты дайындай ала ма? Тіпті ол құпия құжат түрінде болса да, бізде де жаңа доктринаның жасалуы шарт. Екінші мәселе – әскерді тазарту мәселесі. Қазір, мысалы,Украинаның қауіпсіздік қызметі органдарынан 2500 адам жұмыстан шығарылды, біразына «отанын сатты», «саботаж жасады» деген айып тағылды. Украинадағы жағдайдан сақтасын, бірақ, біздің әскерде, арнайы қызметтерде қаншама адам жемқорлыққа батты, қаншама адам саботаж жасап, басқа елдің мүддесіне қызмет етіп жатқанын бір Алла біледі. Осыны шындап қолға алу керек.

Аудандағы әскери бөлімшеден бастап, департаменттерге дейін бірізді, бір тәртіпке бағынатын заң керек. Жемқорлықты жойып, әскердің біліктілігін арттыру керек. Мысалы, солтүстік аймақта әскери бөлімшелер жоқтың қасы. Бүгінгі қазақтың әскері заманауи, жан жақты, техникалық құралдармен толықтай қамтамасыз етілген, патриот азаматтармен толығуы тиіс. Бүгін Ресей мен Украина арасында жаңа заманғы «гибридтік соғыс» жүріп жатыр. Біздегі Ресеймен жасаған әскери полигон туралы шарттың мерзімі аяқталып келеді. Ресейдің жері кең. Сібірінде бес пайыз ғана халық тұрады. Олар барлық әскери полигондарын өз елінде неге салмайды?

Ауыс-түйістерге келсек, әңгіменің басы Серік Ахметовтен бастау алды. Биліктің бір тобы Ахметовтің артынан шам алып түсуі оны орнынан кетуге мәжбүрледі. Қазір қауіпсіздік хатшы мен мемлекеттік хатшы лауазымдары бос тұр. Ұзақ уақыт бойы Президенттің осы орынға адам іздеп отыруы, үлкен ойдың үстінде екенін көрсетеді. Бүгінгі барлық cаяси жүйе қоғамның комфорты емес, президент үшін жасалған. Осы саясат мемлекеттік аппараттың барлық жүйесіне кері әсерін тигізіп жатыр. Мысалы, президент бір жерге кездесуге келсе, оны қарсы алатындар қаншама дайындық жүргізеді. Бұл жағдай облыс, аудан әкімдеріне де келіп жетті. Оларға не жорық? Бір адамға құлша табыну саясаты жергілікті жерде кіші «культтарды» тудырып жатыр. Әр бастық қасына тек өзіне жалбақтайтын, айтқанынан шықпайтындарды жинауда. Бұл мемлекеттік басқару жүйесінен қолынан іс келетін, ойы, мінезі бар адамдарды аластатады. Мемлекеттік басқару жүйесінің сапасын төмендетеді. Брежнев заманына күлуші едік, енді сол кезең өз басымызға келіп отыр.

Бүгінгі күннің ең қажетті жазушысы – Бейімбет Майлин. Себебі, Бейімбеттің Желдібай Жындыбаевич, Мырқымбай сияқты кейіпкерлері шын өмірге қайтып келген сияқты. Біз тәуелсіздік алғалы жаңа элита қалыптастыра алған жоқпыз. Қазіргі жүйе – кеңестік, кеңестік форматтағы жүйе. Тіпті сен Гарвард, Оксфорд бітіріп билікке келсең, сені де билік инкубатор сияқты өз форматына сай бейімдеп алады. Бүгін жылап сықтайтын заман емес, сөзден іске көшетін кезең. Бізде өз проблемамызды өзгелерге таңу деген жаман қасиет бар. Бүкіл мәселені апарып бір адамға тіреп қою мүлдем қате. Бұл жағдайдың барлығына сәбилер мен 18 жасқа толмаған жасөспірімдерді қоспағанда 10 миллион кінәлі адам бар. Әркімнің кінәсі өз сатысында, деңгейінде, әрине. Бірақ, кінәсіз адам жоқ. «Мен саясатпен айналыспаймын, өкімет өлтірмейді, шүкір» деген жанның бәрі кінәлі. Өйткені, біздің үндемегеніміз – келіскендігіміз. Қоғамның көрінісі осы. Қазақта зар заман, тар замандар көп болды. Ал бүгін – ар заманы. Зар заманнан Ар заманға келуіміз керек.

– Қазір биліктегі өзгерістерден соң, елімізде президенттік сайлау сөз бола бастады. Бұл сайлаудан қандай да өзгеріс күту дұрыс емес екені түсінікті. Жалпы, осы сайлаудың қандай қажеттілігі бар қазіргі кезеңде?

– Алдағы жылы сайлау бола қалған жағдайда, парламенттік науқан бола ма деп ойлаймын. Президенттік сайлау мерзімінен бұрын болады деп ойламаймын. Айналасындағылар «қайтесіз, керек емес» деуі де мүмкін. Бірақ Батыс мұндай форманы қабылдамайды, билік те тым тұрпайы сайлау формасына бара алмайды. Елде ешбір оппозициялық партия қалған жоқ қазір. Жармаханның партиясы – оппозиция емес, биліктің партиясы. Дәл осындай жағдайда неге сайлау өткізбеске? Батыс қазір Қазақстанға тырнағын аса қатты батырмайды. Мұның экономикалық астары да бар. Келімбетов те «бір жылда екі девальвация өткізу мүмкін емес» деді. Яғни екі жылда екі девальвация өткізуге болады деген сөз. Бірақ, мұның бәрі тек сайлаудан соң болмақ.

Николо Макиавелли «кез келген өзгеріс басқа бір өзгерістерге апарады» деген. Сайлаудың болғаны жақсы. Ешқандай өзгеріс болмай, қатып семіп тұрғанша, бір процестердің болып жатқаны да дұрыс. Сайлау екі нәрсеге апаруы мүмкін: я саяси жүйе күрделенеді, я тұрпайыланады. Өзгеріс тұрғысынан алсақ, екеуі де жақсы. Күрделенсе – ол мүмкіндік, тұрпайыланса – билік құлайды деген сөз.

Ресейде де сайлау жақындап қалды. Бізге сайлауды Ресейден бұрын өткізген жөн. Президент алдағы 3-4 жыл қиын болатынын айтты. Алдағы уақытта мұнай, газ бағасы құлауы мүмкін. Ал баға құласа, біздің барлық жиған тергеніміз, ұлттық қорымыз әрі кетсе, екі жылға жетеді. Жаңа саясаттың уақыты келе жатыр. Барлық халықты үлкен үмітпен біріктіретін нәрсе – шынайы модернизация. Адам жақсы өзгеріске қиянаттан кейін барады. Қарны тоқ, ақшасы бар адам қамсыз болады. Қоғамның талай дерті бар. Одан арылатын кез келді. Миллиардтаған ақшаның далаға кеткеніне барлығымыздың да зығырданымыз қайнайды. Былай қарасаңыз, қоғамның барлығы наразы секілді. Бірақ ертең сайлауға барған кезде президент ең кемінде 70 пайыз дауыс алады. Егер билік тез арада қазақ ұлтының мәртебесін көтермесе, Украинадағы жағдай басқа форматта бізде қайталануы мүмкін. Біздің жаңа буынның талабы мүлдем өзгеше. Бізде «Хабар» насихаттаған қоғам жоқ. Қанша ақылды жан болмағанымен, бір басшы қоғамды шаршатады. Біз өз мүддемізді биліктен талап етуіміз керек.

– Украинадағы жағдай бүкіл әлемнің назарында. Ресей мен Украина арасындағы қырғи қабақ соғыс тоқтар емес. Бүгінгі Украинадағы саяси үдерістерге, сайлауға қандай баға бересіз? 

– Бүгінгі Путин саясатын есі дұрыс адамның тірлігі деп айту қиын. Путин Ресейдегі экономикалық, әлеуметтік жағдай мүлдем дағдарысқа ұшыраса, халықтың көңілін аудару үшін Қазақстанда да арандатулар ұйымдастыруы мүмкін. Путиннің тайрандап отыруы халықтың осыны талап етіп отырғанын көрсетеді.

«КСРО-ның құлауы – геосаяси катастрофа» деп тек өз пікірін айтып отырған жоқ Путин. Ол – популист саясаткер. Популист саясаткерлер қоғамның нені аңсап, көздейтінін жақсы біледі. Авторитарлық билеушілер белгілі бір қоғамды қалыптастырады. Сосын оның бірінші тұтқынына өздері айналады. Украинадағы жағдай тек Путин режимінің қирауымен бітеді. Бұл айдан анық. Ресейдің барлық саясаткерлері Қырымға келгенде, Кремльдің империялық саясатын қолдап отырғанын көресіз. «Русская демократия заканчивается там где начинается украинский вопрос» деген мақал бар. Ресейді ояту үшін үлкен бір серпіліс қажет. Украинадағы жағдайлар ерте ме, кеш пе, бізге де келеді. Біз болашаққа қажетті сценариді бүгіннен бастап ойластырғанымыз жөн. Назарбаев басқарып отырған жүйе төңкерілген пирамида жүйесі. Егер Назарбаев кетсе, мемлекет құламай ма деген қатер бар. Осының бәрін ескере отырып, әрекет етуіміз керек.

– Қандай да күрделі саяси жағдайға байланысты біздің зиялы қауым өкілдері үнсіз отыр. Жалпы, қазақ елінде зиялылар бар ма? 

– Ұлтқа жаны ашитын зиялы қауым өкілдері бар, әрине. Кеңес заманындағы идеологияны, құлдық сананы жоюдың орнына біз оны мемлекеттің бір бөлігіне айналдырып жібердік. Біздің зиялылар осы идеологияның тұтқындары. Зиялы қауымның көбісі солшыл, солақай саясат ұстанушы адамдар. Кейбір зиялыларымыздың ішінде нарықты жамандап, КСРО-ны аңсайтындары да жоқ емес. Бизнес туралы роман жазған кімді білесіз? Мысалы, Әбілязовтың өзі 4-5 роман жазуға сұранып тұрған адам. Шым шытырық детектив! Ойдан ештеңе шығарып әуре болмайсыз, тек бар сюжетті көркемдеп жеткізе білсеңіз болғаны. Біздегі зиялы қауым өзінің ғана өмірімен тіршілік кешіп, соны қоғамға таңғысы келеді. Қазақтың мәселесі мұнымен, әрине, бітпейді. Базарда арба сүйреп жүрген қандасымыздың ішкі толғанысы, жай-күйі жайлы жазылған роман қайда? Бұрын билік зиялы қауыммен санасатын. Бірақ қазір жинап қайтемін, айтатын әңгімелері де белгілі деген түсінік қалыптасты. Қоғам қашан да өзіне қажетті нәрсе іздейді. Қоғамның да қателесетін кезі болады. Әркімнің өз «комфорт алаңы» болады. Осы алаңда қалып қалмау керек, яғни адам санасы кеңейіп отыруы керек. Орыстарда ешқандай оппозициялық партия болмаған. Негізгі оппозициясы да әдебиет болды, әдебиет өкілдері арқылы өткен. Бізге де осындай біраз нәрселер жұққан секілді. Бізде 800-ге тарта жазушы бар. Олардың 400-ге жуығы Алматыда тұрады. Кеше ғана мемлекеттік рәміздерді ұлықтауға арналған шара болып өтті. Соның қайсысы келді? Ол жерде танкі тұрған жоқ. Тығылып тұрған полиция бар шығар, бәлкім. Бірақ мемлекеттік туды жоғары көтеруге жарамасаң, басқасын білмеймін! Рәміздерді ұлықтайтын шараға қатыса алмасаң, зиялы қауым деген атқа лайықсың ба?

– Антиеуразиялық қозғалыстың наразылығына қарамастан, Ақорда Еуразиялық одақ құру туралы келісімге қол қойды. Ендігі күрес қандай болуы тиіс деп санайсыз? Тәуелсіздікті қалай, қандай жолдармен қорғау керек? 

– Антиеуразиялық қозғалысты үлкен рухани топ деп атауға болады. Оның жұмысын нәтижесіз деуге келмейді. Нәтиже бар. Билік халықтың айтқанына сәл де болсын құлақ асты. Мұның өзі жетістік. Ұзақ мерзімді саяси үдерістерге бір күндік көзқараспен қарауға болмайды. 1991 жылдың 16 желтоқсанында біз тәуелсіз ел болдық деп өз-өзімізді алдарқатамыз. Біз тәуелсіз мемлекет атандық, бірақ толыққанды тәуелсіз алған жоқпыз. 2014 жылдың 29 мамыр күні қазақ қоғамы өзінің шынайы тәуелсіздігі үшін күрестің екінші кезеңін басталды.

Рено Генонның «Ұлт дегеніміз – күнделікті дауыс беру, күнделікті референдум» деген сөзі бар. Тәуелсіз мемлекет болу да күнделікті жұмыс, күнделікті процесс. Өзіңнің тәуелсіз екеніңді күнде дәлелдеп отыру қажет. Мысалы, сіз дүниеге келдіңіз делік, адам атанасыз, қазақ атанасыз. Бірақ бұл сіздің адам, қазақ болғаныңыз емес. Адам болу да, қазақ болу да – өмірлік процесс. Сен күн сайын өзіңнің адам екеніңді, қазақ екеніңді дәлелдеп, осы екі мәртебелі атақты абыроймен алып жүруге міндеттейді.

Біздің қоғамда екі типтік, архетиптік қазақ бар. Бірі – Мұхтар Шаханов, яғни ауылдан қалаға келген, қиянат көрген, қазаққа жаны ауыратын жан. Екіншісі – кішкене орыстана бастаған, қалаға бейімделген қазақ. Ең айқын өкілі – президент Назарбаев. Бүгін қазақтың үшінші типі үшін күрес жүріп жатыр. Ол кім болады? Ол «Болашақты» бітірген түлек пе, діндар ма, уаххабит пе, басқа ма, әлі белгісіз. Қазір Назарбаевқа көп адам дауыс береді. Неге десеңіз, біз қазір екінші типте жүрген жандармыз.

– Батыстың санкцияларынан Ресей экономикасының оңалатын түрі жоқ. Ұлттық валютасы күнде түсуде, компанияларына миллиардтаған доллар көмек керек. Егер Ресей экономикасы күйресе, мұның салқыны бізге де тиетіні түсінікті. Осы мәселеден қалай шығамыз?

– Ресейдің жағдайын саралау үшін Қазақстандағы барлық мәселені он есе үлкейтіп қарау керек. Ресейдегі жағдай, сөзсіз, Қазақстанға тікелей әсер етеді. Ресейдің рублі дәл бүгінгідей құлдырай берсе, біздің теңгенің тағы да девальвацияға ұшырауы мүмкін. Батыс салған санкциялар Ресей экономикасын тығырыққа тірейтіні анық. Егер мұндай жағдай жалғасса, Ресей экономистері Ресейдің қоры 4 жылға жетеді деп отыр. Экономист әрі жазушы Николас Нассим Талебтің «Қара аққулар» деген концепциясында «Бүкіл өзгерістер жайдан жай орын алып жатады да, соңынан күтпеген жағдайға алып келеді» деген қағида бар. Бүгінгі жағдай осы «қара аққулар» концепциясына тәуелді. Путин өз билігін жақсы аяқтамайтыны айқын. Путин Ресейдің сорына жаралған саясаткер деп айтар едім. Бұлай жалғаса берсе, Ресей Сталин заманынан өтіп, Иван Грозныйдың заманына қайта келері анық. Өйткені Ресей тұйықталып, оқшауланып бара жатыр.

Украинадағы жағдай Қазақстанның сыртқы доктринасы мен қорғаныс саласының әлсіздігін көрсетті. Соның бірі – 1995 жылғы әйгілі «Будапешт келісімі». Бұл келісім бойынша, ядролық қарудан бас тартқаны үшін бес ел мемлекет тұтастығына, қауіпcіздігіне, тәуелсіздігіне кепіл боламыз деп міндеттеме алған. Бүгін Ресей біржақты, ешкімге ескертусіз бұдан шығып кетті. Бұл келісімнің құны түсіп қалды. Бірақ қалған төрт мемлекет Ресейді осы үшін жауапқа тартуы керек.

– Түрік конфедерациясы тәрізді ұйым құруды ұсыныс ретінде көтергеніңіз белгілі. Мұндай тұжырымға қалай келдіңіз?

– Бүгінгі геосаяси бірлестіктер Қазақстанға аса нәтижелі болмады. Ресеймен жасалған барлық шаралар бізді Ресеймен жақындатудың орнына, алыстатып бара жатыр. Кедендік одақ Ресеймен еш соғыссыз өз еншімізді бөліп әкету үшін жасалып жатқан дүние. Ресейден айырылудың екі жолы бар. Бірі – Украина мен Грузия өткен соғыс жолы, екіншісі – үлкен саяси ойындар арқылы алыстау. Ресеймен ойындар жалғаса берсін, бірақ біз өзіміз үшін тиімді саяси бірлестікке бірігуіміз қажет. Мысалы, Еуропаның бірігуінің астында ортақ дін мен біртұтас саяси мәдениет жатыр. Ал бізге тілі, діні жағынан ұқсас түркі дүниесінің бірігуі үлкен күш пен мүмкіндік берер еді. Түркі мемлекеттері бірігетін болса, Кедендік одақтан да үлкен нарық пайда болады. Қарасаңыз, үш мемлекетпен сауда жасағаннан гөрі, одан да көп елмен бәсекеге түскен біз үшін барлық жағынан тиімді.

Стэнли Кубриктің: “Большие страны ведут себя как бандиты, маленькие страны — как проститутки” дегені бар. Бұл мақал бізге ұнамауы мүмкін, бірақ өмірдің шындығы осы. Бұған үйреніп алуға да болмайды. Оның бір жолы – мүддесі, ойы, арманы бір мемлекеттердің одақ құруы. Орыстың Константин Симонов деген ақыны « Кейбір кезде менің жақсы өлең оқығым келеді, сондай кезде сол өлеңді өзім жаза бастаймын» деген екен. Егер жақсы өлең тыңдағымыз келсе, оны өзімізден артық ешкім жаза алмайды. Біз саяси жігер мен саяси модернизацины қалыптастырмай, үлкен жетістікке жете алмаймыз. Экономист, Нобель сыйлығының лауреаты Милтон Фридманон «Жақсы реформалардың уақыты ел қиналып, тығырыққа тірелгенде басталады» деген болатын. Алдағы жылдар Қазақстан, қазақ үшін қиын болатын сыңайлы. Бұл, әрине, қауіп. Бірақ мұның өзі де мүмкіндік. Осы кезде үлкен реформаларды жүзеге асыруға болады. Осы кезде реформаларды жүргізу үшін қажетті контекст пайда болады. Осы кезде реформаторлардың уақыты келеді. Сондықтан, біз дұрыс қоғамға деген сұранысты қазірден талап етуіміз керек. Осы сұраныстың ауқымын, талаптарын қалыптастыруымыз керек. Сол реформаларды істей алатын, қолынан іс келетін азаматтарды қолдап, оларды саяси сахнаға келтіруге дайын тұруымыз қажет.

– Cұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен Мадина Жәлелқызы

“Ашық алаң” газеті

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз