Колледжде болған жарылыс теракт емес пе?

0
183
tengrinews.kz
tengrinews.kz

Алматыдағы дизайн және сән колледжінде болған граната жаралысынан бері үш күн өтті. Халық 16 жасар Светлана Яковлеваны ақтық сапарға шығарып үлгерді. Қазір арнайы комиссия колледжде тап болған гранатадан қалай қайтыс болғанын анықтап жатыр. Бұл оқиғадан сантүрлі болжамдарды жасауға болады. Ал ұстаздық еткен әскери дайындық пәнінің мұғалімі қамауға алынды. Бірақ ішкі істер органдары жарылғыш затты колледжге кім және қалай алып келгенін әлі де жарияламай отыр. Соның салдарынан халық үрейленіп, сан алуан болжамдарға сеніп жүр.

Иә, граната жарылысынан қайтыс болған Светлана Яковлеваны күні кеше мәңгілік сапарға аттандырды. Жатқан жері жарық болсын! Ал оның туған-туыстары бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында қыздың өліміне қатысты жазылған кейбір болжамдарды жоққа шығарды. «Граната Светлананың қолында емес, артында жарылды. Бұны дәрігерлер де растап отыр. Себебі гранатаның жарықшақтарынан оның арқасына қатты жарақат тиген», – дейді олар. Гранатаның сақинасын жұлып тастағаннан кейін оның 3-4 секундтан кейін жарылатынын ескерсек, Светлана бұрылып үлгерген болуы керек. Әлбетте, ол гранатаның жарылатынын білмеген. Әйтпесе, сол уақыттың ішінде қауіпсіз жерге ытқи-жүгіріп баруға болатын еді. Ендігі сұрақ сол гранатаның сақинасын кім жұлды? Светлана ма? Жоқ, әлде сабақта отырған ұлдардың біреуі ме? Қалай болса да, сол адам абайсызда кісі өлтіру фактісі бойынша сотталуы тиіс.

Ал гранатаның сақинасын мұғалімнің өзі жұлса ше? Бас кезінде әскери дайындық пәнінің ұстазы Ғабит Қарабалаев кабинетте болған жоқ деген ақпарат шықты. Қазір, керісінше, оқушылармен бірге отырды деп жатыр. Жұрт кімге сенерін білмей, дал. Ішкі істер органдары болса, «Қарабалаевты 24 сағатқа, сосын 72 сағатқа, енді 2 айға қамадық» дегеннен басқа ештеңе айтпайды. Әзірше, белгілісі алғашқы әскери дайындыққа үйрететін ұстаз әскери саладан келген. Бірақ ол да нақты ақпарат емес. «Қарабалаев сол гранатаны бұрынғы жерінен алып келуі де мүмкін» дейді білгіштер. Ал осылай болып, жарылғыш затты колледжге әкеліп қана қоймай, оны оқу гранатасы ретінде қара түске өзі бояса, бұны теракт деуге әбден болады. Алайда егер мұғалім кабинетте қалса, ол өз өмірін қауіпке тігіп қайтеді? Кабинетте болды дегеннің өзі мұғалімнің әлгі жарылғыш затты білмейтінін аңғартады емес пе? Ендеше, тергеу орындарының ең басты анықтайтын сұрағы: гранатаны колледжге кім әкелді және қалай, қайдан әкелді?

Мәселенің екінші жағы, қазір кейбір әскери құрылымдарда жасырын қару-жарақ саудасының бар екенін мойындау қажет. Біз бұны айтамыз, жақында ғана құқық қорғау органдарының өзі халықтан ақшаға сатып алынып, жиналған қару-жарақты екінші айналымға шығарып саудалағаны белгілі болды емес пе? Тіпті сондай халықтан алынған қарудың бірі экстремистердің қолында кетті деген болжамдар да айтылған. Ендеше, осында жарылған граната колледжге заңсыз саудадан «адасып» келді ме екен? Әлбетте, қару-жарақ саудасымен айналысатындар өз жұмысын жақсы білетінін, олардың қателесуі мүмкін емес екенін ескерсек те, бұған сенбеуге негіз де жоқ.

Осы орайда әскери гранатаны ұстаздың қолына әдейі ұстатқызуы мүмкін деген ой да келеді. Мұғалімнің өзі қара түсті снарядтың жарылатынын білмеген де шығар. Дегенмен, бұл да теракт емес пе? Ішкі істер органдары да соның мән-жайына жете алмай, нақты бір шешімге келе алмай жатқан болар. Әзірге лаңкестікке қатысты ешқандай ресми дерек жоқ. Сондықтан екінші қылмыстық іске сәйкес, тағы бір адам, я болмаса, сол адамның жалғыз өзі «қару-жарақты, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен құрылғыларды заңсыз сақтау, тасымалдау, сату мен сатып алу» бойынша жазалануы тиіс. Халық болса, үрейленіп жүр.

Осы тұста Алматыдағы дизайн және сән колледжі секілді оқу орындарында алғашқы әскери дайындық пәні не үшін керек болды екен деген сұрақ туындайды. Офицер боламын десең, жоғары оқу орындарында әскери кафедраларда оқуды жалғастыруға болады. Соның өзі жетпей ме? Колледжде болған оқиғадан кейін Алматы қаласының әкімі алғашқы әскери дайындық сияқты пәнді мүлдем алып тастауды ұсынып, білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповке арнайы хат та жолдады. Министрлік әзірше аталған пәнді алып тастай алмайтынын мәлімдеді. Әлбетте, ондай шешім қабылданса, біраз адамдар жұмыссыз қалады. Дегенмен, барлық білім беру ошақтарына алғашқы әскери дайындық сабағын тек теория жүзінде ғана өткізуге нұсқау жіберілген екен. Қазір министрлікте арнайы жұмыс тобы құрылды. Ондай топтар облыстарда да құрыла бастады. Күні кеше Оңтүстік Қазақстан облысында құрылған топқа білім беру ұйымдарында өтетін оқу-жаттығуларда оқ-дәрілердің белгіленген талаптар бойынша қолданылуын, сақталуын қадағалап, түгендеу шараларын өткізу міндеті жүктелді.

Ал әскери қару-жарақ сақтайтын қоймалар ше? Олар неге тексерілмейді?

Автор: Арман АСҚАР

alashainasy.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз