
Тарих беттерін парақтай қалсаңыз, қазақ даласының қай жерінде де ата-бабалар өзге жұртпен терезесі тең деңгейде өмір сүргенін айғақтайтын дәлелдер жеткілікті. Әрине, біз оның барлығын тасқа басып, оларға зерделі зерттеу жасай алған жоқпыз. Өткенге көз жіберіп, біздің ұлтымыздың тарихта алатын орны қандай деген сауалға жауап іздейтін болсақ, ауыз толтырып айтарлық қаншама құнды қазынамыздың бар екені көрініп тұр. Қарапайым жұрт «Сыр –Алаштың анасы» дейді. Расында, бұл сөздің жаны бар. Сыр жерінде қаншама көне шаһарлар баршылық. Сондай-ақ тек қазақ үшін ғана емес, түбі бір түркі жұртына ортақ мәдени ескерткіштер де кездеседі. Осыдан кейін дария бойындағы тарихи өлкені бағаламай көріңіз. Елдің арасында «Сыр бойында мыңнан астам қала бар» деген әңгіме айтылады. Әрине, оны түгендеп, есеп-қисабын жасап қойған ешкім жоқ. Десе де сол сөздің жаны бар екенін кейбір жайлар дәлелдей түседі.
Осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын Қазалы ауданы Тапа елді мекенінің тұрғындары көп жылдан бері ауыл маңынан ерте замандағы дүниелерді тауып алған. Ауыл тұрғыны Аманжол Жұмабеков қырық жылдан астам уақыттан бері осындай құнды қазынаны жинаумен шұғылданып келеді. Алғашқы кезде қолға түскен дүниелерді аудандық мұражайға апарып тапсырған. Дегенмен кейіннен қолға түскен мұраларды өз үйінде сақтауды дұрыс көріпті. Бүгінгі таңда қарияның қолында 100-ден астам жәдігер бар екен. Атап өтерлігі, ол кісі ескі заттарды ешқашан қазып алған емес. Аршылып қалған дүниелерді үйіне алып келеді. Ол кісінің айтуынша, Қытайда тұратын қазақтар ол кісіні іздеп келген көрінеді. Жинаған жәдігеріме қомақты ақша беретінін де айтқан. Бірақ, туған жер төсіндегі құнды қазынаны олардың қолына ұстатып жіберуге намысы жібермей, бірден-ақ қарсылық білдірген.
Бізге қызық, көрші елдегі қандастар бұл көне орынға неге қызығушылық танытты? Қолдағы жәдігерлерге не себепті қомақты қаржы ұсынды? Осы сауалдар елдің көңілін сан-саққа жүгіртіп отыр. Алайда оны тарқатуға әзірге ешкімнің шамасының келетін түрі жоқ. Өйткені бұл сауалдың түйінін тарқатуға жергілікті жұрт түгіл, облыстағы тарихшылар мардымды жауап айта алмайды. Себебі қолда ешқандай деректер кездеспейді. Әзірге тек болжам ғана айтылады. Аталмыш елді мекен оғыздардың астанасы болған Жанкент шаһарына баратын жолдың бойында орын тепкен. Сондықтан Тапа ауылының маңындағы жұмбақ қала кезінде сол Жанкентпен байланыста болған тарихи орынның бірі болуы әбден мүмкін. Тапаның маңынан табылған қыш пен құмыра күйдірген пештердің ізі көзге шалынады. Алайда әлі күнге дейін бұл жердің қандай мекен болғаны тарихи негізде таразылана қойған жоқ.
Сыр бойында тарихи мұраларды түгендеуде тиянақтылық жетіспей келді. Болмаса көне қалалар туралы деректер өз елімізден табылмаса, шетелдегі мұрағаттардан дәйектер іздестіру қажет емес пе? Өкінішке қарай, осы күнге дейін оған мойын бұрған ешкім болған жоқ. Соның салдарынан көптеген ескі шаһарлардың сыры қарапайым жұртқа жұмбақ күйінде қалып келді. Бірді-екілі бұрыннан белгілі мәдени мұралар зерттелсе, оны қаншама жыл бойы жыр қылып айтамыз.
Елімізге белгілі археолог Мадияр Елеуов Сыр өңірін көбірек зерттеген ғалымның бірі саналады. Ол кісінің айтуынша, өңірде көне қалалар жетерлік. Археологтер, негізінен, Жанкент, Сығанақ, Жент, Шірік-Рабат секілді белгілі шаһарларды зерттеуден арыға аса алмай жүр. Ал кейбір көне қалашықтар көзден таса қалып қойып жатқан жайы бар. Атап айтқанда, қазақтың қас батыры болған Алпамыс батырдың аяулы жары Баршын өмір сүрген Баршынкент, Көккесене, Аққорған, Мейрамтөбе секілді ескі шаһарларға әлі күнге дейін дұрыс көңіл бөлінбей келеді. Олардың түп-төркініне қашан түбегейлі үңілеміз деген сауал басы ашық күйінде қалып отыр.
Сондай-ақ, біздің даламыздың басты байлығы – тау тастарында қашап жазылған жазулар екені белгілі. Қазақ даласының қадым заманнан бергі қалың қатпарлы тарихы бар. Есте жоқ ескі кезеңдерде біздің кең-байтақ жерімізді ежелгі адамдар мекен еткен көрінеді. Көне заманның көзі тірі куәсі саналған киелі орынның бірі қарт Қаратау екені белгілі. Ғалымдардың айтуынша, бұл жердегі адамдар бағзы заманнан бері қоныс етіп келеді. Шамамен 500 мың жылдай бұрын осы маңда адамдар тіршілік еткенге ұқсайды.
Осы кезеңнен қалған ескерткіштер де баршылық. Қаратау қойнауында тасқа салынған суреттер жетіп-артылады. Өкініштісі: «сол бағалы байлығымыз бен қымбат қазынамыздың қаншалықты қадіріне жете алдық» деген сауал көкейде жиі қонақтайды. Шынында да, біз осындай тарихтан тамыр тартқан, түп-төркінімізді түгендейтін, талай кезеңнің шежіресін тарқататын көне жәдігерге өз деңгейінде назар аударып жүрміз бе? Әрине, біз бұл бағытта енді-енді ғана жұмыстар жүргізіп келеміз. Тіпті қаншама томға жүк болатын істің алғашқы парақтарын ашып отырған секілдіміз. Болмаса, сол тарихи дүниелерге байланысты зерделі зерттеу жүргізер едік-ау. Бұл әзірге біздің тек қиялда жүрген ойларымыз болып тұр. Қаратау қойнауындағы қымбат қазынаға әлі де түрен салына қойған жоқ.
Ғылым тілінде тасқа жазылған жазулар петроглиф деп аталады. Әлем ғалымдары оның пайда болу кезеңін соңғы палеолиттің кейінгі шағымен байланыстырады. Мұндай дүниелер жер-жаһанның бірқатар елдерінде көрініс береді. Мәселен, Еуропа құрлығының – Швеция, Норвегия, Италия, Португалия, Испания, Азияда – Үндістан, Пәкістан, Қытай, Корея, Жапония, Арабия аумағында, Американың – Канада, АҚШ, Аргентина, Чили, Бразилия және Австралияда да кездеседі.
Қысқасы, төрткүл дүниенің төрт бұрышынан мұндай орындар көзге ұшырасады. Осындай орындар ТМД елдерінің аумағында да бар. Атап айтқанда, Қап тауында, Орта Азияда, Сібірде, Оралда, Қиыр Шығыста көрініс береді. Қысқасы, петроглиф адамзат мәдениетінде маңызды құбылыс екенін аңғару қиын емес.
Шындығын айтқанда, бұл дүниелерді өнер туындылары ретінде қарауға әбден болады. Есерткіштердегі сызбалар сан түрлі тәсілдермен қашалып, оған көп бейнелер салынған. Тас ғасырдан кейінгі кезеңде сана иелері өздерінің тыныс-тіршілігі жайында тасқа қашап бейнелеуді дұрыс көрген тәрізді. Онда шаруашылық, тұрмыс-салт пен жол-жоралғы, дүниетаным тасқа басылған. Ең негізгі көріністер тіршілік иелерінің аңшылық пен балықшылық секілді кәсіптерге қатысты екені көзге көрінеді.
Қазақстанда тау-тасына қашалған 200-ден астам бейнелер бар. Солардың қатарында Сыр өңірінің Шиелі ауданында орын тепкен Сауысқандық жотасындағы суреттер саналады. Бұл маңда мұндай ескерткіштер өте мол. Ауқымы да үлкен. Археолог Мадияр Елеусінов бұл жотадағы тасқа қашалған таңбалардың молдығы әйгілі Таңбалы тастан бір мысқал да кем түспейтінін айтады. Алайда Қаратау қойнауындағы көне жәдігерлердің насихаты өте кемшін түсіп тұр.
Жалпы, бұл өңір – көне заманның түп-тамырына үңілетін археолог ғалымдарға әлі де ашылмаған арал тектес. Себебі аталмыш орындарға күні бүгінге дейін өз деңгейінде назар аударылған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, ғалымдар білек сыбана кірісе қоймады деуге болады. Оның түрлі себептері де баршылық. Кезінде қаражат жоқтығы қолды байлады. Осының салдарынан жұмыс кейінге ысырылып келеді. Бұл қашанға дейін созылмақ? Әзірге бізге белгісіз.
Одан қалды, көне ескерткіштер адамдар тарапынан да жойылып барады. Ғалымдар ескі жәдігерлердің оннан сегізі жұмыр басты жандардың қолынан бүлінетінін тілге тиек етеді. Қалғаны табиғаттың әсерінен бастапқы бейнесін жоғалтады екен. Өкінішке қарай, Сауысқандық жотасындағы тастағы жазбалардың біршамасын адамдар қолмен қиратып бүлдірген. Тау басына барған жандар өткеннің ескі шежіресінің бағасын білмейді. Тасқа қашалған суреттерді қорғаудың орнына өз «қолтаңбасын» да қалдырып кетуді дұрыс көреді. Олардың үстіне өздерінің аты-жөнін баттитып жазғанды өзіне «мәртебе» санайды. Осыған қарай отырып, бұл тастағы жазбалар неге арнайы қорғауға алынбай отыр деген ой туады.
Автор: Әділжан ҮМБЕТ, Қызылорда.