ҰЛТТЫҚ БАНК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢДЫ БІЛМЕЙ МЕ?

0
64

Осы біз орыстарды кемсіткенді қашан қоямыз?!.

Ұлттық мүдде десе, ұшып тұратын керекулік Руза Бейсенбайтегі Фейсбуктағы парақшасына Ұлттық банк шығарған 500 теңгелік “Ана” атты күміс шақаға бірінші орыс тілінде  “Мама” деп жазылғанына, “Ана” деген сөздің екінші жазылғанына орынды наразылық білдіріпті. Шынында теңгеде бейнеленген баласын көтеріп тұрған ана бейнесінің сол жағына, яғни, бірінші “Мама” деп жазылған да, оң жағына, яғни, екінші “Ана” деп жазылыпты.  Иә, дұрыс ашуланады!

Себебі, бұл ең алдымен  Қазақстан Республикасы Тіл туралы заңы мен тілдік  нормативтік құқықтық актілеріне қайшы. Тиісті ереже бойынша ең алдымен мемлекеттік тілде, содан соң қажет болса, орыс тілінде жазылады.  Оның орналасуы  “Қазақ тілі жоғарыда, орыс тілі төменде немесе  қазақ тілі сол жақта, орыс тілі оң жақта жазылады” деп анық көрсетілген. Мысалы,  кез келген жерде қаптап тұрған  “дүкені” деген сөз атаудың сол жағында да, (ұғымға сәйкессіз болса да…) “магазин” деген оң жағында болатыны сондықтан. Сонда кез келген көшедегі дүкен иесі білетін Тіл туралы заңды Үкімет басшыларының біріне дейін көтеріліп, талай мемлекеттік жоғары лауазымды қызметтерде істеген қазіргі Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов  білмейтін болғаны ғой… Бұндай мемлекеттік тілді екінші сортқа түсірген  өрескел заң бұзу үшін өзін сыйлайтын өзге елдерде Ұлттық банк төрағасы орнынан кетеді…

Баяғыда Ұлттық банк төрағасы Әнуар Сәйденов теңгенінің қазақша бетінде де  “тенге”деп орысша жазып, елді  бір шулатып еді… Сонда біз Әнуарға сабақ болсын деп “Әңуар” деп жазып едік “Қазақ үні” (“Жас қазақ үні”) газетінде… Негізі, ұлттық теңгеге тек мемлекеттік тілде жазылу керек! Әлемнің барлық елінде тек мелекеттік тілде ғана жазылады! 1993 жылы 15 қарашада теңге алғаш шыққанда солай еді… Ол кезде Ұлттық банк төрағасы қайраткер азамат Ғалым Байназаров болатын… Ол кісі бір жылдай ғана басқарды. Кейін кімнің кезінде екенін еске түсіре алмай отырмын, қандай “құдіретті” құлмінез  жаңалық ашқанын қайдам,  орыс тілінде де жазып өнер шығардық… Сол кезде де мен күйінгеннен “Осы біз орыстарды қорлағанды қашан қоямыз? Сонда олар қазақ тіліндегі цифрді танымайтын сауатсыз ба?”- деп жазып едім… Енді, міне, тағы да кемсітіп отырмыз оларды… баласын көтеріп тұрған ана бейнесін көрмейтін соқыр санап…

Кейде мен ойлаймын, осы біздің қазақ тілін білмейтін, ұлттық мүддеден жұрдай шенеуніктер Ананың әлдиін емес… маманың “баю-баюын” тыңдап өскендер ғой деп…

Ал енді Әңуар Сәйденовтерді қазақылықтан алыс өскендер ғой десек, Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов белгілі жазушы-түрколог ғалым, қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірін зерттеуші, талай қазақ қаламгерлері мен ғалымдарын тәрбиелеген ұлағатты ұстаз  Немат Келімбетов ағамыздың баласы ғой. Шамасы, ол әкесінің әйгілі “Ұлыма хат” кітабындағы ұлттық мүддені ұқпаған болды немесе баласы қазақша жазылған бұл кітапты оқымаған болды ғой…

Басқа-басқа, Қайраттың мұндай қайратсыз, құлдық мінезде болуы кешірімсіз…

Қазыбек ИСА

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз