БҰЛ ОЙЫН БҰРЫНҒЫ ОЙЫННАН ӨЗГЕРЕК!..

0
95

«Түркия – Қазақстан» футбол матчы  екі елдің бауырластығын танытты.

 Иә, өткен жексенбінің дүйсенбіге қараған түні футболдан Қазақстан мен Түркия арасында өткен кездесу ерекше болды. Айтпағымыз – екі құраманың арасындағы ойын нәтижелері емес, бірінің пәсі я болмаса екіншісінің мысы емес. Біз ойын барысында стадиондағы жергілікті түрік азаматтары әзірлеген «Бауырластық сәлемдемені» сөз етпекпіз.

 Еуропа чемпионаты іріктеу турнирі аясында Ыстамбұлда өткен кездесуде түрік қандастар Қазақстан құрамасын әдеттен өзгеше қарсы алды. Футбол заңдылығына сәйкес қарсылас команда мен оның жанкүйерлерінің пәсін басу үшін «гуілдеп» шуылдаған екінші тараптың арасында мүлдем басқа мақсат-мүдде көздегендер болды. Бұл түні «Түрік Телеком Арена» стадионында тікелей көрсетілімді пайдаланған түрік қандастар «Біз – дос емеспіз, бауырмыз!» деген жазулы үлкен (ұзындығы – 6 м., ені – 1 м.) плакатын ашып, бұл арқылы алыстағы Қазақ еліне сәлемдемелерін жолдады.

«Қазақстан құрамасын қолдау үшін осындағы қазақ жастарының стадионға келетінін пайдаланып, Қазақ еліне бауырластық сезімімізді осылайша білдіруді қаладық. Екі ел тұрғындары осындай мүмкіндікті әр кез пайдалануы тиіс. Бір тіл, ортақ тарих пен ұқсас мәдениет екі мемлекет арасын байланыстырушы көпірлер болса, спорттық сайыстар мен футболдық кездесулер де дәл сондай «көпірлер» болып табылады. Қарсылас командалар «бауырлас» болғандықтан, бір-біріне «жеңілдік» жасасын деген мағынада емес, барлығы әділ болсын. Бұл көпірлерді екі тараптың жанкүйерлері пайдалануы тиіс», дейді матч басталысымен «Бауырластық плакатын» ашқан түрік азаматтары.

 Доданың аты – дода. Екі команданың кездесуі  «3:1» есебімен аяқталғаны белгілі. Іріктеу турнирінің «А» тобындағы соңғы орындарда болған Қазақстан мен Түркия арасындағы ойын Анадолының «ай- жұлдызды» командасы үшін сәтті аяқталды. Қазақстан қақпасына салынған екі голдың авторы Бурак Йылмаз болса, үшінші голды Сердар Азиз торға түсірді. Қазақстан құрамасының капитаны Самат Смақов бағыттаған пенальти 1 ғана голдың есесін қайтарды. Матч аяқталғаннан кейін Қазақстан құрамасының ойынынан аядай болса да үміт күткен, жеңіліске көңілі түскен жанкүйерлердің еңсесін стадионның сыртында менмұндалаған «Сәлемдеме» көтерді. Көк байрақ пен ай-жұлдызды ала туды қолына алған жастар сол «Бауырластық плакатының» аясында сәлем алысып, сәлем берісті, құшақтасты, төс қағысты, естелік суретке түсті.

«Мачт кезінде де, кейін де плакатты көрген қазақ жанкүйерлерінің көздеріндегі қуаныш ұйымдастыру барысындағы барлық қиындықтардың текке емесін аңғартты. Плакатты дайындауда көмек-қолдау көрсеткен, пікірлес, мүдделес болған барлық азаматтарға алғысымызды білдіреміз, – дейді идея авторы Түркиялық қандасымыз Оғыз Доған. Шынымен де, екі ел арасындағы саяси кездесулер мен дәстүрге айналған мәдени шаралардан басқа, спорттық бәйге-додаларда да қарапайым халық үлесін қоса алатын осындай шағын болса мәнді әрі мағыналы әрекеттердің берері мол екеніне шүбә жоқ.

Р.S: «Түркия – Қазақстан» футбол матчына бірер күн қалғанда Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Өмер Бурхан Түзел: «Мағжан Жұмабаевтың өсиеті орындалады, жеңіске жеткен бауырластығымыз болады!» деп мәлімдеме жасаған еді. Ойынның нәтижесі «бауырластық теңдіктен» әлдеқайда алыс қалса да, футболшылардың емес, стадиондағы көрермендердің тарапынан әзірленген «Бауырластық сәлемдемесі» арқылы, расымен де, түбі бір түріктердің бірлігін жырға қосқан ұлы ақынның арманы орындалды демеске шара жоқ. Жарайсыңдар, бауырлар!

 

 Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Өмер Бурхан Түзел:

«Түрік пен қазақ бауырластығынан Мағжанның өсиетін көреміз»

 

«Түркия мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық байланыстар Қазақстанның Тәуелсіздікке ие болған 1991 жылға сәйкес келсе де, ортақ тарихы, мәдени құндылықтары, тілі бар мемлекеттеріміз арасындағы табиғи, рухани жақындық дипломатиялық қарым-қатынастарға қарағанда әу бастан тамырлас. Танымал қазақ ақыны Мағжан Жұмабаев осыдан 100 жыл бұрын заманның үлкен күштеріне қарсы Отанын қорғаған түрік азаматтарына қолдау көрсетіп, бауырластығымызды осылайша жырға қосты: «Алыста ауыр азап шеккен бауырым, Қураған бәйшешектей кепкен бауырым. Қамаған қалың жаудың ортасында, Көл қылып көздің жасын төккен бауырым… Біздің атқа лайық па құл боп тұру? Кел, кетейік Алтайға, ата мирас алтын таққа!» деп бірлікке шақырды. Ауыр күндерге тап болып, атамекенінен жырақ қалған, кейін елімізді Отаным деп таныған көп қазақ пен туған жерінен көшіп Қазақстанды мекен еткен мыңдаған қандасымыз бүгінде бір тұрғыда М.Жұмабаевтың өсиетін орындауда. Түрік пен қазақ халқы арасындағы бұл жақындық саяси және экономикалық қарым-қатынастарымызда да көрініс табуда… 16 қараша күні Ыстамбұлда өтетін Түркия – Қазақстан 2016 Еуропа Футбол Чемпионаты Іріктеу турындағы кездесу нәтижеге қарамастан, сол бауырластықтың тағы бір мәрте көз алдымызға келіп, беки түсетініне ықпал етпек. Ойында Ұлттық Құрамаларға сәттілік тілеп, Түрік пен Қазақ бауырластығына тағы бір мәрте сәлем жолдаймын!».

Әсемгүл ҚАБДУАХИТ

qazaquni.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз