ЫСҚАҚОВАНЫҢ ИТТЕН БАСҚА ІСІ ҚАЛМАҒАН БА?

3
64

 

2015 жылдың 9-шы қаңтары күні кешқе қарай теледидарды қоссам, КТК телеарнасындағы бір бағдарламадан қазақ эстрадасының белгілі әншісі Жеңіс Ысқақова қасындағы итіне қарап  сөйлеп тұр. Сондағы сөзі: «Мына итті күшігінен асырап алғанмын, осы үйдің мүшесіндей болып кетті. КТК телеарнасының көрермендерінің құлақтарына алтын сырға, кімнің қыз күшігі болса, мен құда түсуге дайынмын, құда болайық», – деп ыржалаңдап қояды.

Басқа басқа, Жеңістің «қыз күшігі бар үйге құда түсемін» дегені қай сасқаны? Иттер ауыл-аймақта қора-қопсының қасында қалған-құтқанды  жеп күнелтпеп пе ед? Итті босағадан аттатпаған қазақ ең жек көретін адамды «иттің баласы» дейтіні де тегіннен тегін болмаса керек-ті…

Теледидардан осы хабарды көріп, Қызылорданың қызыл құмында асыр салып өскен Жеңіс Ысқақоваға не көрінген деп аң-таң болдым. Ит туралы басқа сөз айтса мейлі, дер едік, дүйім жұрттың алдына шығып «қалыңдық» ит іздегені экранның арғы жағындағы қалың көрермен қауымды сыйламағаны емес пе?  “Итіме әр екі сағат сайын сүтберіп, ұйықтатамын. Арнайы ас әзірлеп, базардан ет, шұжық алып, пісіріп беремін. Қарасуға қайнаған ет пен макаронды жемейді”-дейді тойынған әнші кекірік атып тұрып… Мына сөзді балаларына сүт пен ет алып беруге қиналып жүрген қанша қазақ қалай ызаланып  қабылдағанын өздеріңіз шамалай  беріңіздер…

Бұдан біраз уақыт бұрын «Итім үшінші ұлымдай болып кеткен» деп дүйім жұртты дүрліктірген Ысқақованың иттен басқа тірлігі қалмаған ба деп қаласың…?

Әйтсе де иттерді көкке көтеріп жүрген тек ғана Ысқақова ғана емес, біздің елде.

Жаңа жыл қарсаңында сол жағалауда тұратын танысымның үйіне қонаққа  бардым. Үйі мемлекеттік бағдарламамен алынған екен. Бір уақытта үй қабырғасының арғы жағынан үрген иттің дауысы естілді. Сүйтсем, көршісі төрт бөлмелі үйіне жалғыз ғана итін бағып-қағады екен. Министрлікте қызмет атқаратын бір дөкейдің үйі екен.

Астана қаласы тұрғындарының 60%-ы жалдамалы пәтерде тұратыны ешкімге жасырын емес. «Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы»–демекші, мұндай баспанаға да қол жеткізе алмай, баспана тауқыметін тартып жүргендер қаншама?! Солардың құны әлгі ит құрлы болмағанына ызаландым. Меніңше осыны ескеретін кез жетті…

Жұмамұрат  ШӘМШІ

qazaquni.kz

3 ПІКІРЛЕР

  1. Жеңістің өнері барша жастарымызға өнеге,үлгі болатын. Жоғарғы деңгейдегі әншілеріміздің бірі. Енді мынау төбет итті бағамын деп біраз қателіктер жіберіп алған сияқты. Ел алдындағы беделін тез арада қайтіп жолға қойып ,жинап алады деген сенімдеміз.

  2. Сенбек Сансызбайұлы
    16 қаңтар, 2015
    10:30 am (Edit)
    “Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді” деген сөз осындайлардың әрекетінен туындаған шығар.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз