«Астана арландары» Венесуэла боксшыларын ойсырата жеңді

0
276

Бүкіләлемдік бокс сериясының жаңа маусымын бастаған «Astana Arlans» венесуэлалық «Caciques Venezuela» клубын 5:0 есебімен ұтты.


Кездесу Алматыда «Балуан Шолақ» атындағы спорт сарайында өтті. «Астана арландарына» алғашқы жеңісті 49 келіде Йоель Финол Риваспен жұдырықтасқан Мардан Берікбаев сыйлады. Есеп: 3:0.

56 келі салмақ дәрежесінде шаршы алаңға көтерілген Мейірболат Тойытов та қарсыласын оңай ұтты. Тіпті, венесуэлалық спортшы Хосе Диас алғашқы раундта-ақ нокдаун алып үлгерді. Есеп: 3:0.

Команда капитаны Самат Бәшенов пен Луис Аркон (64 келі) арасындағы жекпе-жек өте тартысты болды. Әккі боксшылар бірнеше рет соққы алмасты. Алайда жерлесіміз намысты қолдан бермей, қарсыласының бүйірінен, жағынан бірнеше дәл соққылар жасап, жанкүйерлердің мерейін тасытты. Есеп: 3:0.

Ал 75 келіде жұдырықтасқан қазақстандық Мейірім Нұрсұлтанов кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады. 4-раундта төреші жекпе-жекті тоқтатты. Сөйтіп, Венесуэладан келген боксшы Хуан Родригес техникалық жеңіліс тапты.

91 келі салмақ дәрежесінде Василий Левит пен Алфонсо Флорес арасында өткен соңғы жекпе-жек те «Астана арландарының» жеңісімен аяқталды. Бірнеше ауыр соққылар жіберіп алған венесуэлалық боксшы 3-раундты жалғастыра алмады.

Осылайша, Astana Arlans командасы 5:0 есебімен қарсыластарын айқын басымдықпен ұтты. «Астана арландарының» директоы Серік Сәпиев осылайша жаңа қызметін жеңіспен бастады.

Естеріңізге сала кетейік, WSB келесі жекпе-жегі 23 қаңтар күні Польшада Astana Arlans және Rafako Hussars Poland командалары арасында өтеді.

 

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз