Алматылық тұрғындар қауіпсіздік шараларын қарастырмаған құрылыс компаниясына наразылық білдіріп жатыр. Ашуға мінген жұрттың айтуынша, компанияның құрылыс алаңында арнайы қоршаусыз жұмыс жасағаны өз алдына, балалардың ойын алаңын да тартып алған.
Тұрғындар мен құрылыс компаниясының тартысы мына қазаншұңқырды қаза бастағанда ушығыпты. Ешқандай қоршаусыз жүріп жатқан құрылысқа алаңдаған халық балаларды үйден шығармай отырғандарын айтады. Себебі жартылай қалған ойын алаңына терең ор жалғасып жатыр. Ал мердігер компания барлығы құжат жүзінде бекітілгенін жеткізді. Ауласы тарылған тұрғындар тым болмаса қоршау тұрғызылса екен дейді.
МАУҚЫМ МАНАТҚАЛИ, тұрғын:
Мына жерді қазғылап, жолдың бәрін бекітіп, балалар жүретін жердің бәрін қазып, не забор қоймады, ештеме қоймады. Осылай жүріп жатырмыз.
Барлық құжаттарды құшақтап келген құрылыс компаниясының өкілі тұрғындардың құқығы еш бұзылмағанын, бәрі де белгіленген тәртіпте жүзеге асып жатыр деген пікірде. Ал қараша айынан бері шынжыр табан техникалар мен жүк көліктері қызу жұмыс жасап, ескі үйлерді бұзып жатқандар өзге компаниялар дейді.
ЕРЛАН ОМАРОВ, «Астана құрылыс» компаниясының өкілі:
Құрылыс әлі басталған жоқ деп есептеуге болады. Қазір біз мына жерді, айналаны тазалатып жатырмыз. Құрылыс бір-екі күнде басталады.
Ал құрылыстың шуынан құты қашқан тұрғындар ойын алаңы мен есік алдындағы ауладан да айырылып қалмақшы. Бұл сұраққа құрылыс компаниясының өкілі бас жоспарда солай көрсетілген деп құтылды. Есіктен шыққан беттегі иегінің астындағы терең орға абайсызда құлап кетпесе екен деген ата-аналар балаларын қамап ұстауға мәжбүр.
ЖАРАС НИЯЗБЕК, тілші:
Күзден бері жүргізіліп келе жатқан құрылыс ауламызды тарылтып, мазамызды қашырды деген тұрғындар мұндағы қауіпсіздік мәселесісің еш ескерілмегенін айтады. Ал мынадай таспа тартумен ғана шектелген құрылыс компаниясы дәл бір жұмадан кейін келсеңіздер, түгелдей қоршауға алып қоямыз деп сендірді.
Жарас Ниязбек, Бауыржан Нарымбетов.
– See more at: http://www.31.kz/video/show/id/5876/show/ib#sthash.X3bDNb8j.dpuf