ХАЛЫҚ ҚАЖЫМҰҚАН деп АТАП КЕТКЕН ӘЛЕУХАН ЕДІ…

0
125

 

Күнтізбе  бойынша жаңа жылымыз да жылқы жылы айрылған жүйріктерімізді азсынғандай,  асылдарымызды  алып кетуден басталды… Бір апта бұрын Халық Қаһарманы Мұхтар Әлиевті соңғы сапарға шығарып салсақ, енді міне, халық Қажымұқаны атанып кеткен Әлеухан Бекболатов бауырымыз да бақилыққа аттанды…

Әлеухан өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Жаңақорғаннан Шардара ауданына  көшіп келіп, біздің Қызылқұм ауылымен көрші Достық ауылында тракторын айдап, мақталықтың шаңын шығарып  жүрген марғасқа қазақ  жігіт еді…  Мен ауылда мектеп мұғалімі болатынмын. Бәріміз Шардарадағы комсомол-жастар  жиындарында жолығып жүретінбіз…  Сексенінші жылдары әйгілі  “Қыз Жібек” фильмінің режиссері Сұлтан Қожықов Қажымұқан киносына бүкіл еліміз бойынша таңдау жасағанда нартәуекел деп аттанған нартұлға жігіттің маңдайы жарқырап шыға келді. Бұл жолда оған сол кездегі Шардара аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, бүгінде елімізге белгілі мемлекет қайраткері Ислам Әбішев зор қолдау көрсеткен еді.

Сөйтіп, Әлеухан  өнер жолымен Қажымұқанын іздеп Алматыға аттанды… Артынан кейін өлең жолымен  Абай, Қасым, Мұқағалиды іздеп, біз де кеттік…

Тәуелсіздіктің алғашқы қиын кезеңдерінде Алматыда жолығып қалып жүрдік. Кейін ол Астанаға кеткен соң байланысымыз үзіліп қалды…

Астанада да біраз ауыр қайғылы жағдайларды бастан өткізіп, тағдырдың салғанын қайыспай көтере білген еді…

“Биыл құдай қаласа, алпысқа келемін, Шардара мен Жаңақорғанда шығармашылық кештер өткізіп, елмен кездесіп қайтамын” деп жүрген екен… Өзі де, сол алдын ала бір шолып қайтайын деп, елді аңсап барғанда, алып жүрек шыдамай, үзіліп кетіпті…

Ел Асанәліні Бекежан десе, Құманды Төлеген десе, Әлеуханды Қажымұқан деп атап кетті. Ендеше, Әлеуханның өмір жолы үзілгенмен, өнер жолы үзілмейді.

Артында қалған асыл жарына, азамат  ұл-қыздарына, алтын асықтай немерелеріне ұзақ өмір берсін деп тілейміз.

Алды пейіш, арты кеніш болып, иманы салауат болғай!

Қазыбек ИСА,

qazaquni.kz

 

Қош, Әлеухан!

Көгершін күннің кептері,

Кептеліп көзге жас кеп тұр.

Сиямен жазған дәптері

Айқара бетін аш деп тұр…

 

Балалық шақтың дәуірін,

Өзіңмен, досым, бір кешкем.

Қош енді, қош бол, бауырым,

Тай құлындайын бірге өскен.

 

Дос болып қалдық өмірлік,

Тірліктің түбі жалған боп.

Шардараға да шомылдық

Біреуге біз де арман боп…

 

Сен басқа жолды таңдадың,

Өмірің өткен ғажап па?..

Қажымұқан баба әруағын

Тірілткен сенсің қазақта.

 

Қарайтын едің көңілге,

Көрген де жоқсың төмендеп.

Өткінші мынау өмірде,

Төгіліп кеттің өлең боп.

 

Боларын солай білсек те,

Өмірдің соңы осылай.

Қай қиырларда жүрсек те,

Іздейтін жалғыз досым-ай!..

 

Өзіңдей ерлер – ел бағы,

Жұртыңа жастай ұнадың.

Қажымұхан сынды сен дағы

Қараөткел жетіп құладың.

 

Тербелер мәңгі бесігің,

Артыңда атақ, бақ қалар.

Жаныма жақын есімің,

Жүректе мәңгі сақталар.

 

Ұрпағың өсіп, өнгенде,

Жоғалтып кетті жол ортаң.

Пенденің бәрі шерменде,

Қош боп тұр, досым, Әлеухан!

Бауыржан ҚАРАБЕК

19.01.2015

Алматы-Астана пойызы

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз