Өз ана тілінің уызына қанбаған жастың өзге тілді жетік үйренуі неғайбыл
Америкадағы Калифорния университетінің докторы Мәдетгүл Жұмабай қызымен сұхбат
Тілші: Ауыз әдебиетіміздің айшықты бір тармағы болған мақал-мәтелдер халқымыздың ақыл-парасаты болып қалмастан әр бір сөзінде сап алтындай салмақ жатқандай сезіледі. Сол тұрақты тіркестердің бірі «өнерлінің -өрісі кең» деген мақал. Бүгінгі кейіпкеріміз де сол мақалға сай келетін АҚШ тың Калифорния университетінің докторы, талаптың қанатыменен Тынық мұхиттың аржағына құлаш сермеген қыздарыңыз Мәдетгүл Жұмабай қызы.
-Сәлеметсіздер?
-Бұл жолы туған жеріңізге, Шинжияңға қандай бір бұйымтайлармен келдіңіз?
-Осы жолы келуімдегі себеп ғылми мақала жарялау болды. Себебі, мына Америкада біз сяқты мамандар кәсіп, мамандық төңірегінде өзара барыс-келіс жасап, пікір алмастырады. Мұндай пікір, көзқарас, тәжірибе алмастыру мемлекеттер ара, университеттер ортасында да болады. Өзіміздің істеп жатқан жаңалықтарымызды таныстырамыз. Оларды шақырып, бізде олардан үйіренеміз. Ал енді бұл рет Қытайға келуіме Шинжияң медицина университеті ашқан халықаралық мәжіліс себепкер болды. Мені соған лекция оқуға шақыртты. Ол жұмысты сәтті бітірдім. Ендігі бағытым Қазақстан республикасы Астана қаласындағы Назарбаев университетінде болмақшы.
– Теледидар алдындағы көрермендер де ойлап отырған болуы мүмкін, бұл таланытты қызды мәпелеп өсірген қандай ауыл екен деп, өскен жеріңіз, туған ауылыңыз жөнінде әңгіме қозғай отырсаңыз?
-Туған жерден бастап айтсам, мен Тарбағатай аймағының Шағантоғай ауданының Жиек деген ауылында туылдым. Кішкентай кезімізде тайынша қуып, тезек теріп ержеттік. Бес жасымда мектепке бардым. Ол кезде мектеп біздің үйге өте жақын болды. Оқуға сондай ынталы болған сияқтымын, ағам мектепке барғанда, мен неге бармаймын деп қалмай қойыппын. Әдетте бес жастағы балаға өте ерте болуы мүмкін, бірақ мен оқуды бес жасымда бастап кеттім. Сол кездегі сынып әлі есімде. Бір сыныпта бес қатар бар: бірінші қатар бірінші сынып, екінші қатар екінші сынып, … бесінші қатар бесінші сынып. Бір мұғалім бәрімізге сабақ бере беретін. Бірінші сыныпқа а б с-ны жазсса, екінші сынпқа көбейтуді жазып береді, үшінші сыныпқа одан күрделірек сабақ сөйтейтін-ді. Біз ауылда сондай шарт-жағдайда оқығанбыз. Және бірі ол кезде бізге қарындаш, қалам деген өте табылмайды. Бір қарындашты тұғыры қалғанша істетеміз. Кейін орталау мектепке кірерде Қызылту фермасына көшіп келдік. Ол кездегі оқу жүйеліі, біршама жақсырақ болды. Бір сыныпқа бірден мұғалім, шарт-жағдай жақсы болды. Ол жерден менٴүш жыл оқып, орталау мектепті бітірдім.Сол кезде біздің жанұямыз әкемнің қызметінің алмасуымен тағы да Шәуешек қаласына көшіп келдік. Ол кезде ауылдан келдік, қаланың балаларының оқуына ілесе алмаймыз ба деген қорқыныш болды. Бірақ, жарым жылдан кейін жақсы оқып кеттік, ешқандай қиындық болған жоқ.
-Бағана әкеңіздің атынан да біліп отырмын. Сіз Қытай қазағының қазіргі заман әдебиетінің үлкен ту ұстаушыларының бірі болған танымалы жазушы, қарт қаламгерымыз Жұмабай Біләл ұлының баласы екенсіз. Қазақта тамаша бір сөз бар, «құс ұяда нені көрсе, ұшқанда соны алады»- деген. Осы ғылым саласына қадам басуыңызға, өнер саласында қалықтауыңызға отбасының даәсері бар шығар?
-Әрине, әке-шешемнің әсері өте зор деп ойлаймын. Кішкентай кезімнен бастап әкем кітап оқуға бізді шабыттандыратын. Базарға барса ылғи кітап әкеліп беретін. Шешем жұмыс істеңдер, қыз бала үй шаруасына бейім болғаны дұрыс десе, әкем көбінде кітап оқыңдар дейтін. Әкем ғылми жаққа көбірек жетелейтін. Кей кездерде кейбір қиын сабақтарға, күрделі түйіндерге ұшырап істей алмай қиналғанда әкем «менің қызым болсаң, орындап кетесің» деп шабыттандыратын. Мен сол бір сөзге арқаланып, жұмысымды орындауға тырысатынмын. Ал енді шешемнің маған қалтырған әсері шешем қалай адам болу керек, басқаларға қалай мәміле жасауды көбірек үйірететін. Мәселен: маңайыңдағы жолдастарыңды силап өту, достарыңмен жақсы шығысып өту дегендей, Бұның да менше табысқа жетуге себебі бар деп ойлаймын. Бір адам жеңіске табысқа жетуі оның қабілеті ғана емес, оның адамгершілігі, басқа адамдарға болған мәмлесі, басқаларды қалай құрметтеу сяқтыларға да байланысты. Онан кейін он бес жасымда университетке түстім. Алғашында үйді қатты сағындым. Бірақ кейін келе үйреніп кеттім. Университетке келгеннен кейін ٴбіздің бірден-бір міндетіміз оқу ғой. Оқуды жақсы оқымасаңыз, басқаның ешқандай мағынасы жоқ деп ойлаймын. Оқу бітірген соң қызмет орным Шинжяң медицина университетінің қарамағындағы 1-шипаханасы болды.
– Ал жалғасты аспиранттық оқуыңызға не себеп болды екен?
-Жүрек ауыруларын зерттеуге қатты қызықтым. Үйткені сап-сау келген адам есіктен кіріп, төрге жете алмай аяқ астынан қайтыс болып кетеді. Басқа ауыруларға қарағанда жүрек ауыруы өте шұғыл болады. Сондықтан мен жүрек ауыруларын тереңірек үйренгім келді. Ол кезде тұрмысқа шыққанмын, бір балам бар еді, сонда да емтихан бердім. Аспиранттыққа бірнеше рет беріп әрең өткен болатынымын. Аспиранттықты үш жыл оқыдым. Шинжяң медицина университетінде Шын Зоу хың деген профессор менің жетекшім болды. Бітіретін жылы менің мұғалімім Жапониядағы нихуоң университетімен бірлесіп «қан қысымы туралы»ٴ бір зерттеу жүргізді. Сол кезде ұстазым мені қазақ, ұйғыр , қытай ұлттарының қан қысымын салстырған бір зерттеу тақырыбына қатыстырды. Себебі: мен осы үш тілді де жақсы білетіндіктен, қызметке қолайлы болды. Сонымен бұл жұмысты біз Жапондықтармен бірге істедік. Кейін келе оларға да бір адам қажет болып, мені шақырды. Сонымен мен 1998-жылы жапонияға аттандым.
жолдасы Ернар мырза мен қызы Медет
-Докторлық оқуыңызға не себеп болды?
-Ол кезде біздің Шинжяң медицина университетінде докторлық оқу жоқ кезі болатын. Сонан кейін мен өзімнің мұғалімдерім арқылы Токиодағы нихуоң университеті жүрек қан тамырлары бөліміне докторлық оқуға өтінішін жасадым. ٴӨтінішім қабыл болды. Оқуға қаражат да бөлінетін болды. Сонымен сол жерде тағы да 4 жыл докторлық оқыдым. Зерттеу тақырыбым жүрек қан тамырларының әсіресе қан қысым ауырулары туралы болды.
-Жапонядағы осы зерттеулеріңіз сізге қандай нәтижелер берді?
-Жапонияда сегіз жыл тұрғанда көптеген нәтижелер болды. Жақсы мамандармен, мықты ғалымдармен тансытым. Үлкен-үлкен ұстаздардың қолынан сабақ алдық, негізінен мен төмендегідей үш түрлі істі үлкен деп ойладым: бірі- докторлықты сәтті бтірдім. Бұл менің өмірімдегі бір бұрылыс болды.
-Қандай мазмұнда?
-Докторлық десертатциямның тақырыбы ұзақ жасаған қарттардың қантамырындағы өзгерістер туралы болды. Мысалы: адам ұзақ өмір сүру үшін қантамырларыңызды қалай асырауы керек, сол туралы болды, ішпек-жемек жағынан және денедегі, жүректегі, қантамырдағы ерекшеліктер, әдеттегі адамдар мен ұзақ жасаған адамдар арасында қандай парық бар-сол туралы болды.
Екінші реткі қуанған жәйіт: мен Жапонияда тұрғанда бір халықаралық ғылми жиналыс болды. Бүкіл дүниедегі, жер-жерден мамандар келді. Сол кездегі жасалған баяндамам үлкен силыққа ие болды. Мен ол кезде қатты тебірендім. Үйткені бұл менің тұңғыш алған силығым болатын-ды. Одан кейін америкаға келгеннен кейін де көптеген силыққа ие болдым, бірақ, анау тұңғыш силығым болғандықтан маған қатты әсер қалтырды.
Үшінші рет болған бір бұрылыс; мен сол кездегі зерттеу мақалаларымды америкадағы журналдарға жібердім. Алғашында ол журналдар толымысыз деп қайтарды, сол кезде жетекші оқытушым маған демеу беріп: бір рет толмаса онда екінші рет істеп көр- деді. Сонымен мен және толықтауға құлшыныс жасадым. Екінші рет жібергенде қабылданды, іле-шала жаряланды. Одан кейін Нью-Иорк қаласының ұсыныс етуімен сонда лекция оқыдым. Флорида деген қаласына бардым. Ол жерде де ғылми мақала жарялау болды. Жапонияда тұрған кезімде америкаға екі рет барып қайттым. Меніңше жапонияда тұрғанымда менде осындай көптеген жақсы істер болды деп ойлаймын.
-Ғылым жолына қадам басқандардың бірден бір жетістігі- жаңалық ашу дейміз. Өзіңіз Жапонияда жүргенде, АҚШ та болғанда қанша зерттеу еңбегін жаздыңыз?
-Мен 2007 жылы көктемде АҚШ тың Калифорния штатындағы Калифорния университеті Лос Анджелес бөлімшесіне келдім. Қазірге дейін сол бір орында тұрақтап істедім. Жапонияға барғанда да сол бір орында тұрақтап істеген болатынмын. Менің сол кезде жарялаған мақаламның аты «ұзақ жасаған қарттардың қантамырындағы ерекшеліктер», журналдың аты «american journal of Hypertension» («Америка қантамыр журналы»).
-Бұл медицина саласындағы әйгілі басылымдардың бірі ме?
-Я, бұл басылымға ғылми мақала жарялау мен үшін зор мақтаныш. Жаңа жерге келгеннен кейін ғылыми мақала жарялау көбейді. Үйткені Жапонияға қарағанда Америкада істеген орынның шарт-жағдайы әсіресе мына ғылми зерттеу жасауға шарт-жағдай өте қолайлы болды. Қазірге дейін халықаралық деңгейдегі журнал-гәзетте 26 мақала жаряладым. Соның ішінде үшеуі силанды. біріне Италиядан бір маман халықаралық үлкен журналға бағалау жазды. Жүрек қантамырларын зерттедім. Бір ұқсамайтыны Жапонияда тұрғанда киленикалық дейміз, ауырулар туралы көп болды, енді Америкаға келгенде «бесик» деп қояды, зерттқаналарда көбірек боламыз, тәжрибе көп істейміз, сол кезде көбінде тышқандарға тәжірибе істейтнбіз.
-Не үшін тышқандарға тәжрибе жасайсыздар?
-Тышқандарға тәжірибе жасаудың себебі үш түрлі болады. Бірінші негізінен тышқанның денесіндегі гендер түгелдей анықталып болған. Ал адам денесіндегі гендер де анықталып болған. Басқа жануарлардың гені толық анықталмаған. Бұл зерттеуге қолайлы. Екіншсі асырауға, бағуға да қолайлы және бір жағынан тышқан операцияға, тәжірибеге төзімды. Негізінен Америкада басқа мемлекеттерде болсын көбінде тәжірибеге тышқанды істетеді.
балалары
-Бастауыш, орталау мектепті қазақша оқыпсыз, ал кейін Шинжяң медицина университетіне барғаннан кейін әлбетте қытайша білім алдыңыздар. Жапонияға барып 8 жыл оқығанда жапон тілінде жұмыс істедіңіз. Бүгін Шинжяң университетінде лекция оқығанда кілең ағылшын тілінде сөйледіңіз. Демек қазірге дейін төрт де бес тілді біледі екенсіз. Ал ана тілдің құдыреті не де деп ойлайсыз?
-Отбасында қазақ тіліне көп мән береміз. Кішкене кезімізден бастап қазақша оқығанбыз. Университетке келгенде ғана қытайша оқыдық. Онан кейін мен университет оқып жүргенде басқа тілге қызықтым. Сол кезде менің бір мұғалімім мынадай бір сөз айтты: «егер сен өз ана тіліңе жетік болсаң, басқа тілді оңай қабылдайсың. өзінің ана тілін толық білмеген адам басқа тілді де шала үйренеді» деді. Мен ол кезде бұл көзқарасқа онша сенгім келмеді, бірақ кейін көп жылдар өткеннен кейін ойласам сол дұрыс екен. Мен университетке келген кезде ағылшын тілін үйренгім келді, бірақ ол заманда бізге ағылшынша сынып жоқ, мұғалім де жоқ. сол себепті Шинжяң медициналық университетінен Шинжяң университетіне аптасына бір күні кеште келіп ұйғыр мұғалімнен ағылшынша сабақ алдым, қалмай келетінмін. Екі уеиверситеттің арасы өте алыс еді. Сонымен бір күні соқыр ішек болып ауырып емханада жатсам, ағылшын мұғалімім менің көңілімді сұрап келіпті. Қатты әсерлендім. Сонша оқушыңыз бар, мені елеп-ескеріп неге келдіңіз?-дегенімде,-сен бір күн қалмай келетінсің, сабаққа келмей қалғаныңда үлкен себеп бар деп ойладым , ауырып қалғаныңды естіп келдім,-деді. Маған қатты әсер етті. Содан кейін тіпті қалмайтын болдым. Сүйтіп мен ағылшын тілін өздігімнен үйрендім. Кейін аспиранттыққа емтиқан берген кезде ағылшын тілі недәуір ес қатты, Жапонияға барғанда да мен жапон тілін білмейтінмін. Ол кезде менің ұстазым менімен ағылшынша сөйлесетін. Кейін ұзақ тұрғаннан соң жапоншаны да үйреніп кеттім. Ал енді Америкаға барғаннан кейін орта ағылшынша болғаннан кейін тез қабылдап кетеді екенсіз. Сонда кейде бірٴ тілді сөйлеуге тура келіп қалады. Мәселен ағылшынша сөйлеуге тура келеді, сол кезде өзіңіздің қазақшаңызды қалай сөйлесеңіз, екінші бір тілді де солай сөйлеп кете береді екенсіз. Балаларды ана тілін жақсы үйренуге тәрбиелеу керек. Тек өзіңнің ана тіліңді қанық, жеттік білгенде ғана екінші бір тілді оңай қабылдайды. Үйткені ғылми жақтан да оның жаны бар деп ойлаймын. Адамның миында тіл сестам деген болады , тіл сестәмі жақсы дамыса, екінші бір тілді оңай қаблдайды. Ана тіліңізді шала білсеңіз екінші бір тілді де шала білесіз. Мен бұған алғашында сенбегем. Бірақ өмір жолымда бірнеше тілдерді үйрендім. Негізінде сол көзқарастың дұрыс екендігі дәлелденді. Сондықтан менің балаларым қазақшаны жақсы сөйлейді. Ағылшыншаны, жапоншаны бәрін толық сөйлейді. Кейбіреулер айтады: балаларыңыз неге қазақшасын ұмытып қалмаған деп?! Меніңше ұмытпаудағы бір себеп көбінде үйде қазақ тілін істетеміз және бірі мен бұларға қазақшаны тастама деймін. Ана тілін жақсы білсе екінші бір тілді жақсы үйренеді дегенге қатты сендім. Қазіргі менің қортындым дұрыс деп ойладым. Мен балаларға қазақша ғана сөйлеймін, бірақ, олар ағылшынша жақсы үйреніп алды, жапоншаны да жақсы үйреніп алды. Ал, енді Жапониядағы басқа қазақ ата-аналар балаларына жапонша сөйлейді, жапоншаны тез үйренсін деп. Содан олар қазақшаны ұмытып қалған. Ал менің ұстанған жолым басқаша болды. Мен үйде тек қазақша сөйлеймін. Ал, ол баламның басқа тіл үйренуіне кедергі болмастан, тіпті де жақсы үйренуіне септігін тигізді деймін. Үйткені менің балам айтады:- қазақшаны мүдірмей сөйлегенде, кейде сол секілді басқа тілде ойға келе қалады екен, сүйтіп сөйлеп кетеді екенбіз,- дейді. Меніңше балаларды кішкене күнінен бастап ана тілін ұмытпауға тәрбиелеу керек.
– Туған жеріңіздегі сапарыңыз сәтті болсын! Соншалық қарбалас болсаңызда біздің«гүлдер-ай» айдарының сұхбат төріне келіп әңгіме айтқаныңызға ерекше алғыс айтамыз!
Сұхбаттасқан: Қуандық Көбенұлы
www.senkazakh.com