Көкшетауда күн мен түнді ажырата алмаған маман жүздеген тұрғынды шығынға батырды

0
86

Көкшетауда электр құралдарын бақылаушы маманның қателігінен жас отбасылар қарызға батты. Мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алған 100-ден аса отбасы түбіртектегі соманы көргенде төбелеріне жай түскендей болды. Сол қағаз бойынша, 1 бөлмелі пәтердегі жанұя 1 айда 20 мың теңгенің жарығын тұтыныпты. Бұған дейін төлем 5-6 мың теңгеден аспайтын дейді тұрғындар. Мән-жайды анықтамақ боп, жұрт қалалық электр торабына барған. Ондағылар кінәні бақылаушы маманға артқанымен, жұрт қарызын төлеуге міндетті деген.

Жаңа үйге көшіп кіргелі бұл отбасылар небір жағдайға тап болған. Ауланы абаттандыру, лифтіні іске қосу, басқа да коммуналдық мәселелерді өздері жүгіріп әрең дегенде шешкен. Енді, міне, қалалық электр торабының әрекетін түсіне алар емес.

Мария Мағзұмова, Көкшетау қаласының тұрғыны:

-Бұл қалалық электр торабының жіберген қателігі. Біз неге олар үшін жауап береміз? Неге ондай жауапты жұмысқа сауатсыз адамдарды жібереді. Тұрғындарды есептегішке жақындатпайды. Өйткені олар осылай пайда көреді.

Бейбіт Есекеев, Көкшетау қаласының тұрғыны:

-Мыңға дейін өсіп кетті 1 бөлмелі пәтерге. Контролер дұрыс жазбаған дейді. Контролер қарағанда, күндізгіні   қараған, түнгіні қарамаған.

Күн мен түнді ауыстырып жүрген бақылаушының кесірінен енді жас отбасылар зардап шегіп отыр. 3 тарифті есептегіш құралдағы көрсеткішті дұрыс жаза алмайтын маман Көкшетау қалалық электр торабы филалында жұмыс істеген. Ол қызметінен қуылғанымен, түбіртектегі соманы қалайда болса төлеу керек  деп отыр мекеме басшылығы. Әйтпесе, жарық өшіріледі.

Бауыржан Байділденов, Көкшетау қалалық электр торабы бақылау тобының басшысы:

– Контролер 2 ай күн мен түнді ауыстырып алған.Енді төлеу керек қой.Төлейді.Қазір тексеріп жатырмыз. Екі айдан кейін анализ істейміз.Қанша қуат жаққанын анықтаймыз.

Бұнымен келіспеген жұрт прокуратураға арызданбақшы. Жалпы, Көкшетаудағы әр көпқабатты үйдің электр есептегіш құралдарын бір жерге шоғырландырып, тұрғындардың қолы жетпейтіндей етіп қойған. Олардың электр қуатын қанша көлемде тұтынғанын тек бақылаушы маман ғана көре алады.

www.ktk.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз