Елімізде АН-2 ұшағының ұшуына мүлдем тыйым салынуы мүмкін

0
42

Еліміздің Бас көлік прокуратурасы  АН-2 –нің құлауына ұшақтың техникалық ақауы  мен адам факторы себеп болуы мүмкін деген ресми болжамын жариялады. Қазір прокуратура әуе көлігінің иесі – «Олимп Эйр» компаниясын тексеріп, құжаттарын тәркілеп жатыр. Бұл апат тынышталып қалған  Есілдің сол жағалауын бір дүрліктіріп тастады. Бұған жауапты министрлікті айтпағанда, бүгін ұшақ апаты Мәжілісте қызу талқыланды. Депутаттар оқиғаның нақты себебі белгілі болған соң  авиация туралы заңға  дереу өзгеріс енгізуге дайынбыз деп отыр. Сөйтіп бұндай жантүршігерлік жәйттердің  алдын алмақ ойда.

Ұшақ апаты бүгін Мәжілісте қаралған басты мәселелердің  бірі болды. Алты адамның өмірін қиған қайғылы оқиғаның себебі анықталған соң депутаттар да шұғыл жиналып, қосымша зерттеу жүргізбек.

Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс депутаты:

-Әрине, бұл үлкен трагедия. Сондықтан осыдан қорытынды жасап, қайталамауға тырысу керек. Бұл мәселе депутаттар арасында да талқыланатын болады. Егер заңдарға өзгерістер енгізу керек болса, жұмыс тобы өзгерістер әзірлейді.

Бұл оқиғаға шенеуніктер де жауапты дейді депутаттар. Себебі мәжілісмендер соңғы жылдары ұшақ апаттарының жиілеп кетуіне қатысты Азаматтық авиация комитетіне талай рет ескерту жасағандарын айтады.

Азат Перуашев, Мәжіліс депутаты:

-Ең алдымен біз көңіл айтамыз. Қайтыс болған адамдардың туған-туысына, жақындарына. Біздің Азаматтық авияция комитетінің жұмысын сынадым. Оған шағын авиация қауымдастығының  бірнеше наразылығы болды. Енді тиісті мемлекеттік органдар әрине, дұрыстап жұмыс атқару керек.

Ал апаттан қаза тапқандардың отбасыларына материалдық көмек көрсетілмек. Оның заңға сәйкес төленуі де қатаң бақылауға алынады.

Светлана Жақыпова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі:

– Қызметкерлері қаза тапқан «Қазақмыс» корпорациясы сақтандыру компанияларымен келісімге отыру керек. Сол келімісге сәйкес, материалдық және моральдық шығындар толық өтелуі тиіс.

Ал еліміздегі кез-келген төтенше жағдайға тікелей жауапты Ішкі істер министрі алты отбасының қабырғасын қайыстырып кеткен апатқа қатысты бір ауыз сөз айтуға жарамады. Жамбыл облысында құлаған Ан-2 42 жыл бұрын құрастырылған екен. Пайдалануға берілген күннен бастап 13 080 сағат ұшқан. Жалпы, мұндай әуе кемесі көкте 20 мың сағаттан  артық  ұшпауы тиіс. «Шатыркөл» маңында құлаған Ан-2 былтыр жазда ғана техникалық тексеруден өткен екен. Ұшақтың биыл маусымға дейін ұшуына сертификат берілген.

– Ан-2-нің апатқа ұшырауына не себеп болғанын тексеру үшін  Үкімет жанынан  арнайы комиссия құрылды.  Құрамында Денсаулық сақтау, Ішкі істер министрліктері, көлік прокуратурасының жауапты өкілдері  бар. Астанадан Жамбыл облысына жеткен комиссия  тұманды күні Ан-2-нің неліктен көкке көтерілгенін анықтамақ. Енді осы оқиғадан кейін жеке компаниялардың қарамағындағы Ан-2 ұшақтарының  ұшуына  уақытша тыйым салынуы мүмкін. 

Автор: Жәудір Оразхан

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз