Қостанай маңында әйелдерге шабуыл жасайтын адам бүкіл ауылды үрейде ұстап отыр

0
324

Қостанай облысындағы Корейский ауылының тұрғындары таңертең жұмысқа барудан қорқып отыр. Тұрғындардың айтуынша, таңсәріде шаруасымен шыққан адамдарды тонайтын ұры пайда болған деп жазады «Наша газета» басылымы.

Қостанай маңында әйелдерге шабуыл жасайтын адам бүкіл ауылды үрейде ұстап отыр
Ауыл тұрғындарының сөзіне сенсек, желтоқсаннан бері ұры 7 адамды тонап үлгеріпті. Ол негізінен әйел адамдарға тиіскен. Зардап шеккендер ұрының ойламаған жерден жерге құлатып, тұншықтыра бастайтынын, сөмкесі мен бағалы заттарын алған соң, қашып кететінін айтады.

52 жастағы Мария Грищук көрші үйдің қасынан өтіп бара жатқанда қарсы беттен ер адам шығып, өзін жерге сұлатып салғанын айтады. «Ешкімді көмекке шақыра алмадым, ол сөмкемді алды да қашты», – дейді Грищук.

Осыдан соң, Мария көрші үйден полицияға телефон шалып, автобусқа төлейтін 60 теңгені де көршілерден сұрап алыпты. Сөмкесінде үйдің кілті кеткен соң, дереу үйдің құлпын да ауыстырған.

30 желтоқсан күні Татьяна Беланова ұрының кезекті құрбаны болды. Жаңа жылдық мереке тойланатын кұні жұмысқа бара жатқан жолда белгісіз жас жігіт оны мұзға бетімен құлатқан.

«Көзілдірігім ұшып кетті, қорқыныштан жүрегім аузыма тығылды. «Не керек?» дегенімде сөмкемді алды да, жүгіре жөнелді. Оның жылдам қимылдағанына қарағанда, жас жамасы 30-дан аспаған болуы керек», – дейді жәбірленуші Беланова.

Ұрланған сөмкеде үйдің кілті, 2 ұялы телефон, фотоаппарат болған. Татьяна сол күнгі жаңа жылдық кешті сурет түсірмекші екен.

Ұры бұдан бөлек бірнеше адамды тонаған. Ауыл тұрғындарының бірі 40 мың теңгесінен де айырылып қалыпты.  Ауыл көшелері жарықтандырылмаған. Тек әр жерлерден шам жанып тұр. Сол себепті, жылдам қимылдап, сөмкені ала қашатын ұрыны ұстау әзірге мүмкін болмай тұр.

Бүгінде ауылдағы әйелдердің біразы жұмысқа күйеулерімен барып, кешкесін жолдасының күтіп алуымен ғана үйіне келіп жүр. Олар әсіресе мектептен кеш қайтатын балалар үшін қатты алаңдайды.

Үрей құшағында жүрген ауылда күн сайын бір сөмке ұрлап отыратын ұрыны ұстауға полицияның күші жетер емес.

Источник: NUR.KZ

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз