“АҚ ЖОЛ” ЖОЛ ҚОЗҒАЛЫСЫНА АҚ ЖОЛ ТІЛЕДІ

0
68

Көліктің қай орындығы қауіпсіздігін біздің министрлік біле ме, әлде,

әлемге әйгілі автокомпания біле ме?

 

20 қаңтарда  “Ақ жол” партиясы жаңа нормалармен толықтырылған  “ҚР Жол жүрісі туралы заңға” байланысты Ішкі Істер Министрлігі жауапты қызметкерлері қатысқан талқылау өткізді.  “Ақ жол” партиясының өңірлердегі барлық филиалдары қатысқан онлайн түрінде  өткен бұл жиынға  көптеген БАҚ өкілдері, блогерлер қатысты. Әсіресе, шу тудырған 12 жасқа дейінгі балаларды көлікте арнайы автоорындықпен алып жүру туралы бап қызу пікірталас өзегіне айналды.

   “Ақ жол” партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты, Парламенттегі фракция жетекшісі Азат Перуашев журналистердің, атап айтқанда блогер, заңгер Мақсат Ильясұлының  сұрағына орай дәл осы бапқа ақжолдық депутаттар қарсы болғанын, балалардың  жасын 7 жаспен  шектеу жайлы ұсыныстары өтпей қалғанын жеткізді. “Сондықтан да, дәл осы бапқа байланысты қоғамда туған дау өз ұсыныстарының өзекті болғанына көз жеткізген “Ақ жол” партиясы  су жаңа заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізіп, 12 жасты 7 жасқа шегеру және жаңа заңнын орындалуын бір жыл кейінге қалдыру туралы Үкіметке депуаттық сауал жасап,  осы талқылауды ұйымдастырып отыр”-деді “Ақ жол” партиясы жетекшісі.

Көптеген сұрақтарға, әсіресе “балалардың автокреслосы” мәселесіне  ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма басшылары Қанат Сәдуақасов пен жаңа заң шыққалы экраннан түспей қойып, түсініктеме жұмысын жүргізіп жатқан Қайсар Сұлтанбаев (суретте) жауап берді. Қайсар Сұлтанбаев: “Біз жаңа заң күшіне енбей тұрып та түсініктеме жүргізгенбіз. Автокресло тек алдыңғы қатарға ғана керек, ал артқы орындықтарға арнайы құрылғылар болса, жеткілікті. Қазір бір айға дейін жүргізушілерге еш жерде айыпақы салынбай, ескертулер жасалады” деді. Бір жақсысы, ІІМ өкілі, полковник Қ.Сұлтанбаев тек мемлекеттік тілде сөйлеп, қойылған сұрақтардың бәріне де мемлекеттік тілде нақты және түсінікті жауап беріп отырды.

Сонымен бірге Мәжіліс депутаттары, ақжолдықтар  Алмас Тұртаев пен Меруерт Қазбекова т.б. көкейдегі ой-пікірлерін білдірді.

 “Ақ жол” партиясы төрағасы орынбасары, “Қазақ үні” газеті президенті Қазыбек Иса (суретте) ІІМ қызметкерлерінен “Бір айға дейін  айыпақы салынбайды” деген сөздерінде тұруды сұрады:

– Иә, бұл заң керек!  “Ақ жол” партиясы аты “Ақ жол” болған соң, жүргізушілерге әрдайым Ақ жол тілейтін Жол полициясы қызметкерлерімен бірге бұл заңды талқылап жатқаны түсінікті болар… Әркім өз балаларының өмірін ойлайтыны анық. Бәріміз төрт автокресло керек деп, төрткүл базарды шарлап кетіп едік, Қайсар Сұлтанбаев мырза, сіздің берген  түсінігіңізден соң есімізді жидық. Сіздер бұл заңды күшіне енбей тұрып талқылағандарыңызды қайталап айтып жатырсыздар. Мүмкін, солай болар. Бірақ, жүргізушілер ең алдымен өздерін жолда тоқтатып, айып таққанша ешқайсысы ешқандай талқылауға көңіл аудармайтыны анық. Сондықтан, сіздер заңның қолданылуынан кемінде бір ай бұрын жүргізушілерді тоқтатып, түсініктеме жүргізулеріңіз керек еді. Мейлі, енді “бір ай ешкімнен айыпақы ұстамай, түсінік жүргізеді” деп отырсыздар, соған сенейік. Ал кеше телеарналар мен интернетте жүргізушілерге жаңа заң бойынша 20 айыпақы салынғаны жарыса айтылуда. Астанада осылай, ал алыс ауылдарда не болып жатыр? Олар  ойына келгендерін істеп жатқан жоқ па? Ендеше, осында көптеген журналистер мен блогерлер отыр, бізге келіп жатқан осындай ақпараттарды сіздерге ІІМ блогына жазып отырайық, сіздер қатаң  бақылау да ұстасаңыздар. Біз қашанда жүргізушілер мен жолаушыларға  Ақ жол тілейміз!-деді ол.

“Ақ жол” партиясы Ақмола облыстық филиалынан, Көкшетау қаласынан берілген “ескі мәшинеге құрылғы орнату мүмкіндігі жоқтығы” туралы сұраққа  ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма басшысы Қанат Сәдуақасов: “Ескі мәшинеге балалар орындығын орнатпай -ақ жүре беруге  рұхсат етіледі” -деп, елді таң-тамаша қылып… жауап берді…

      Азат Перуашев ІІМ өкілдерінің “тек алдыңғы орынға ғана автокресло керек” деген сөздеріне қарсы шығатын дәйекті дәлел келтірді. Ол әлемге әйгілі ” Nissan” автомобиль компаниясының қауіпсіздік талабы бойынша балаларға арналған автореслоның керісінше, автомобильдің алдыңғы орындығына орналастыруға тыйым салатын ережесін айтып, оны  “Nissan” компаниясының көліктерге арналған нұсқау кітапшасынан (төменгі суретте) көрсетті. Бірақ бұған ІІМ қызметкерлерінен мардымды жауап болмады…

Құдай сақтансаң, ғана сақтайды. Ендеше, әрқашанда заңды орындап, жолда жүргенде аман болайық, ағайын! Ақ жол!

Сапар ӘЛІ

qazaquni.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз