ОҚО-да анасына өкпелеген оқушы қыз сөз байласып жүрген жігітіне қашып кетті

0
44
Оңтүстік Қазақстанда 14 жастағы мектеп оқушысы жоғалды. 9 сыныпта оқитын Гүлнұр Өміртаева 4 күн бұрын мектептен шығып, өзге ауылдағы сөз байласып жүрген жігітіне кетіп қалыпты.Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.

Тек, жігітімен де көп болмай, сол күні онымен де қоштаспастан кетіп қалған. Болжам бойынша желөкпе қыз өздігінше өмір сүру үшін жұмыс іздеп жүруі де мүмкін. Ал оқушы қыздың ұстаздары мен анасы Гүлнұрдың кетіп қалуын бір-бірінен көріп отыр.

Қасымбек датқа ауылынан тыныштық кеткеніне осымен төртінші күн. Ел-жұрт болып 9-шы сыныпта оқитын Гүлнұр Өміртаеваны іздестіріп жүр.

Осы уақыт ішінде ұйқыдан айырылдым деген анасы қызының соңғы 4 айда қатты өзгергенін айтады. Сөйтсе телефон арқылы өзге ауылдың жігітімен сөз байласып жүр екен. Бірнеше күн бұрын бозбаладан телефонына хат келіпті.

«Мен сені 1 аптадан кейін алып қашамын, 1 апта шыдай тұр, дайын бол алып кетуіме деген. Сол смс-тен кейін бұл өзгере бастады. Орамал тартып, халат кие бастады. «Дайын емессің , кішкентайсың» деп түсіндіріп айттым. Сол түсінбеген түрі ғой осы», — дейді Гүлнұрдың анасы Сәуле Өміртаева.

Қайғыдан қан жұтып отырмын деген анасы қыз жоғалғаннан бастап, мектеп ұжымымен де сөзге келіп қалыпты. Мұғалімдер Гүлнұрдың қашқанын анасының бетіне салық қылған көрінеді. Ал, мұғалімдері болса тым жұпыны баспанада шиеттей бала-шағамен тұрып жатқаны Гүлнұрға ауыр сезіліп жүретін дейді.

Оған қоса мектепке анасынан таяқ жеп келетін кездері де аз болмапты. Бүтін киіммен, ішер асына дейін мектептен алып жүргені бойжетіп қалған қыздың намысына тиіп, қашуға итермелеген болар деп отыр.

«Гүлнұрдың маған: «Апай мені балалар үйіне өткізіңдерші» деді. Апай мен үйде тұра алмаймын, менің үйде ешқандай жағдайым жоқ, азаннан кешке дейін тірлік істеймін. Сабақ оқуға ешқандай мүмкіншілігім жоқ деп жылап қалды», — дейді  Сайрам ауданындағы №29 мектеп директорының орынбасары Айшат Өтжанова.

14 жасар Гүлнұрдың нақсүйері болса көрші ауылда біреудің малын бағып жүрген кәмелетке де толмаған малшы бала болып шықты. Телефонмен сезім білдіріп жүрген бозбала қыздың үйінен қашып кеткенін біліп, Гүлнұрдан бас тартыпты. Осыдан кейін, не ауылына бара алмай, не жігітімен қала алмаған қыз бой тасалап кеткен.

«Іздестіру жұмыстары арналған. Барлық ОҚО ІІД, қалалық, аудандық басқарма бөлімдеріне сілтеме жолдадық. Соңғы ақпарат бойынша іздеудегі қыз Шымкент қаласында дәмханаларда жұмыс іздеп жүргені белгілі болып жатыр. Алдағы уақытта табылар», — дейді  Сайрам аудандық ІІБ бастығының орынбасары Алтынбек Әмірбеков.

Полицейлер қазір қыздың жоғалғаны бойынша ғана іс қозғады. 14 жасар Гүлнұрды алып қашып кетуі мүмкін немесе бір жерде қинап ұстап отыр деген нұсқаны не погондылар да, мектеп ұстаздары мен тіпті анасы да қарастырып отырған жоқ.

4 күн бойы үйіне келмеген қыз табылған жағдайда тәртібі қиын жасөспірім ретінде мектепте есепке алынатын болады.

По сообщению сайта Nur.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз