Павлодарда 42 жастағы әйел қағып кеткен жас ана шошынып қалған

0
62

Павлодарда жаға ұстатарлық жол апаты болған. «Subaru Forester» орталық көшелердің бірінде ана мен баланы қағып, ізін суытқан.

Павлодарда 42 жастағы әйел қағып кеткен жас ана шошынып қалған
Жүргіншілер жолағынан алты айлық сәбиімен өтіп бара жатқан келіншек қазір ауруханада жатыр деп хабарлайды КТК арнасы.

Ал арба ішінде жатқан бөбек аман. Ең қызығы ана мен баланы қағып кеткен жүргізушінің әйел адам екені анықталды. 42 жастағы азаматшаны қазір полицейлер тергеуде.

Кешірім сұрады, қателескенін айтты. Бірақ «неге қашып кеттіңіз» деген сұрақ қойғанда бұған жауап естімедім.

Азамат Жәншіков осыдан екі күн бұрын болған оқиғаны қорқынышпен еске алады. Абырой болғанда, жақындары дін аман. Жұбайы Зарина бірнеше дене жарақаттарымен ауруханаға түссе, омыраудағы алты айлық ұлы қазір туыстарының қарамағында. Жол-көлік оқиғасы туралы полицияға бірден хабарласқан отбасы ондағылардан дұрыс жауап алмағандарын айтады.

«Кешірім сұрады, қателескенін айтты. Бірақ «неге қашып кеттіңіз» деген сұрақ қойғанда бұған жауап естімедім. Жол полициясына бардым. Әлі ол ақпарат оларға келген жоқ деп айтады. Оңтүстік, солтүстік бөлімшелерге де бардым. Онда да ақпарат жоқ, күтіңіздер деп айтты», – дейді жәбірленушінің күйеуі Азамат Жәншіков.

Бейнетіркеуішке жазылып қалған кадрларда арбаны сүйреп жаяу келе жатқан әйелді қара түсті көліктің қағып кеткені анық көрінеді. Салдарынан 29 жастағы келіншек бас және аяқ жарақатын алған. Десе де, қайта тұрып жәрдем шақыруға тырысқан. Қазір ақ халаттылардың бақылауында.

«Әйел қатты шошынып қалған. Шошынғаны соншалық, сыртқа шығудан бас тартуда. Айналасындағылармен сөйлеспейді. Қазірде психолог қарап жатыр. Жағдайы түзеледі деген ойдамыз», – дейді нейрохирург дәрігер Марат Шәріпов.

Әйел қатты шошынып қалған. Шошынғаны соншалық, сыртқа шығудан бас тартуда. Айналасындағылармен сөйлеспейді.

Ал полицейлер жол апатына қатысы бар азаматшаны жарты сағат ішінде іздеп тапқандарын айтады. Жәбірленушіге сот-медициналық сараптамасы жүргізілгеннен кейін шешім шығарылмақ.

«Егер де жәбірленушінің алған дене жарақаты орташа болған жағдайда жүргізушіге қатысты Қылмыстық Кодекстің 345 бабы бойынша қылымыстық іс қозғалады. Оның санкциясы үш жүз айлық көрсеткішке дейін айыппұл немесе 75 тәулікке дейін қамауға алуға қаралған», – деді Павлодар облысы ІІД әкімшілік полиция басқармасының инспекторы Бибол Жұманов.

Жол көктайғақ болса да, жылдамдығын азайтпаған жүргізуші ана мен баланың жағдайына еш алаңдамастан, оқиға орнынан қашып кеткен. 42 жастағы әйелдің ендігі тағдыры арнайы сараптамадан кейін белгілі болмақ. Жауапкершіліктен қашқан ол бір жылға жүргізуші куәлігінен де айырылуы мүмкін.

Источник: КТК арнасы

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз