Қыс қаһарына мінді. Еліміздің солтүстік өңірлеріне сақырлаған сары аяз жетті. Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарында ауа температурасы бір тәуліктің ішінде -30 градусқа дейін төмендеді. Мамандар алдағы күндері бұл өңірлерде 40 градусқа дейін аяз болады деп болжап отыр.
Қостанайда термометрбағаны -10 градусты көрсетіп тұр еді, бүгін өңірде 25 градус аяз. Алайда азынаған желдің кесірінен қара суық тіпті сүйектен өтеді. Өңірде бастауыш сынып оқушылары үшін аяқ астынан демалыстар басталды. Алайда балалардың сабақ үлгерімдері төмендемес үшін, мұғалімдер үй тапсырмасын ғаламтор арқылы беріп отырамыз дейді. Солтүстік Қазақстан облысында да дәл осындай жағдай. Құтқарушылар кеше ғана басылған дүлей бораннан бірнеше адамды аман алып қалған болатын. Енді, міне, жол сақшыларымен бірге жанармайлары қатып, жолда қалып қойғандарды торуылдап жүр. Әзірге ондай жағдай тіркелген жоқ. Алайда мамандар ертеңдері ауа райы тым қатты суыса, барлық бағыттағы жолдарды жабамыз деп отыр.
Рүстем Жұмағалиев, СҚО ТЖД басқарма бастығы:
-23 қаңтардан 27 қаңтарға дейін ауа-райы бұзылайын деп жатыр. Минус қырыққа дейін аяз болады. Сондықтан біз дизельмен жүретін көліктермен қоғамдық көліктердің жүруіне шектеу қоямыз.