МІНӘЖАТ

0
56

МЕЙІРІМІ ЕРЕКШЕ, РАХЫМДЫ АЛЛА,
МЕНІҢ БАРЛЫҚ КҮНӘМДІ КЕШЕ ГӨРГІН!..

Бүгін Астанада Конгресс-холда “АДАМЗАТТЫҢ АЛЫБЫ” атты Мәуліт мерекесіне арналған имандылық-танымдық тағылымды кеш болып өтті.

МІНӘЖАТ

Рахым тілеп, Өзіңнен Құдіреттім!
Тар жер менен бар жерде күбір еттім!..
Құран медет болады бар адамға,
Бір Алла деп жүректен жыр үдеттім!..
Рахымды Алла!
Ең Ұлы Құдіреттім!

Табындырып әр діндік дарындарды,
Қабылдады барлығы нанымды алғы.
Ләә иләәhә илләллааh – арым мәңгі!
Тау мен тасқа соғылған маңдайыммен,
Жайнамазға жығылып жаным қалды!..
Ләә иләәhә илләллааh – арым мәңгі!

Ғажайыбын исламның жайған аз ба ән,
Басты ілімді бастай бер,жайлап аздан…
Жалғандықтан қысылып жаhандағы,
Жаным менің жай тапты жайнамаздан…

Әуейі боп кетпегін әр елеске,
Намаз ғана Тәубеңді салады еске…
Тұла бойға тұнатын шымырлатып,
Азан даусы – ең ұлы ән емес пе?!..
Бар Ақиқат осында бар емес пе?!..

Жүрегіңе жүк түссе мың азаптық,
Бір Аллаға сиынғын мінәжат қып.
Күйкі тірлік күйбеңі күйреп түсіп,
Сонда ғана аласың Ұлы Азаттық!
Бір Аллаға сиынғын, мінәжат қып!

Ашық күнде адасқан нешеме ердің,
Намаз ғана сауабын еселер мың…
Мейірімі ерекше, Рахымды Алла,
Менің барлық күнәмді кеше гөргін!..

Он сегіз мың ғаламды жаратты Алла!
Құлшылық қыл Құдайға, қарап қалма.
Сәждеге бас қойғаннан сәулең артып,
Имандылық тұрады тарап қанда…
Жалбарынсаң, Жар болар Жаратқан да…

Алла десең жақсылық несіп болар,
Намаз сайын рухың өсіп қалар.
Алла нұрын себелер адамзатқа,
Қасиетті Мекке мен мешітке бар!
Көктен түскен киелі есіт хабар!

Мұсылманның сүйенген таза арына,
Иман нұры шашылар ажарына.
Жайнамазға жазылған жан тілегің,
Жаратқанның жетеді назарына!

Көрем десең Жәннаттың жайған бағын,
Боларыңды бақилық ойлан, бәрің…
Алла елшісі Мұхаммед – Расул Алла,
Ең соңғы hәм ең ұлы Пайғамбарым!

Тұтқындалған пендені тұманда да…
Құтқаратын Құдай мен Құран ғана!
Ақиқатты іздеген барлық адам,
Ақыр түбі бас иер бір Аллаға!

Қазыбек ИСА

 

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз