Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов жайлы қауесет таратқан Тараз қаласының 25 жастағы тұрғыны ұсталды деп хабарлады, облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова
Оның айтуынша күдікті азамат Жандос Байшеміров 22-қаңтар күні Жамбыл облысындағы Көгершін ауылында қолға түскен.Байшеміров «ВКонтакте» әлеуметтік желісі және WhatsApp байланыс бағдарламасының көмегімен «Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов қайтыс болған» деген қауесет таратқан деген күдікпен ұсталған.
Полиция одан ешқайда кетпеу туралы қолхат алып үйіне босатқан. Қаңтардың 9-ы күні әлеуметтік желілерде Қазақстанда үйқамақта отырған Серік Ахметовтің «суицид жасағаны» туралы қауесет тараған еді.
Бірақ Қарағанды облысы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті ол ақпаратты жоққа шығарған.
Бұған дейін «аса ірі көлемде мемлекет қаржысын жымқырған» деген күдікпен үстінен қылмыстық іс қозғалған Серік Ахметовтің үйқамақта болу мерзімі үшінші айға – ақпанның 18-іне дейін ұзартылған еді.
По сообщению сайта Nur.kz