Ан-2 апатынан қаза тапқандар жерленді

0
333

an 2Ан-2 ұшағының құлауы салдарынан қаза болғандарды ақтық сапарға шығарып салу рәсімдері өтті. 1 адамның денесі туған жері Қызылордаға, 5 адамның денесі Қарағандыға жеткізілді. Бүгін Қарағандының орталық мешітінде «Қазақмыс» корпорациясы техникалық департаментінің директоры Ғабит Төлеубаевтың жаназасы шығарылды. Сондай-ақ, 3 экипаж мүшесімен қоштасу рәсімі де өтіп, марқұмдарды соңғы сапарға шығаррып салуға келген халықтың қарасы қалың болды. Ал Қарағанды облысындағы Жаңаарқа ауданының тумасы Ербол Ыбыраев ертең жерленеді.

Артында асыл жары мен 4 бірдей шиеттей баласы қалған Ғабит Төлеубаевтың жаназасына туғандары мен жора-жолдас, әріптестері жиналған. Егілген ет жақындарымен бірге марқұмның қабіріне топырақ салмаққа облыс басшылығы мен әріптестері де келіп, көңіл айтты.

Ырысдәулет Есімов, Ғ.Төлеубаевтың әріптесі:

-Бөлімше бастығынан бастағанның өзінде, қарамағындағы 40-50 адамға қамқорлықпен қарайтын. Кейін мыңдаған адамды басқарды. Сол еңбекқорлығының арқасы деп ойлаймын осындай жетістіктерге жеткені. Енді мынандай аяқталғанына бәріміз де қиналамыз. Қабырғамыз қайысып.

Денесі Қызылордаға кеше жеткізілген «Балқаш түсті меттің» бөлім бастығы Ұлбазар Есмағамбетованы да қабырғасы қайысқан жақындары арулап жер қойнына тапсырды. Оның артында екі баласы еңіреп қалды.  Ал бас механик   Ербол Ыбыраев Қарағанды облысындағы Қызылжар ауылында ертең жерленеді. Оның артында 4 баласы қалды.

Экипаж мүшелері – командир Валерий Клюшев, екінші ұшқыш Виктор Савельев және бортмеханик Василий Литвиновтың денелері жабық табыттарда жатыр. Салттан аттаса да, апаттан адам танымастай болғасын ешқайсысының да беті ашылмаған. Қаралы шараға жиналған ұшқыштардың әріптестері апатқа адами фактор мен техниканың  қатысы жоқ дегенді тағы айтып отыр.

Дәулет Болатов, авиатехник:

-1979 жылдан бері бірге істеп бірге ұшып жүргенмін ол пилоттармен. Техника істен шықпайды ондай жерде. Ауа-райы болды деп ойлаймын.  Жерге дейін тұман болған ол жерде.  Өйткені құлаған жері алыс емес отыратын жерден.

Қара жамылғандарға көңіл айтып, мешітте де, қаралы залда да Қарағанды облысының әкімі  Нұрмұхамбет Әбдібеков төбе көрсетті. Ол облыс басшылығы атынан экипаж мүшелерінің отбасыларына 1 миллион теңгеден қаржылай көмек табыс етті. Ал «Қазақмыс» корпорациясында істеген марқұмдардың отбасыларына көрсетілетін  қаржылай көмектің көлемі мемлекеттік комиссия қортындысынан кейін белгілі болмақ.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз