ОҚО-да хиджаб таққан 2-сынып оқушысын сабаққа кіргізбей тастады

2
86
ОҚО-да хиджаб таққан 2-сынып оқушысын сабаққа кіргізбей тастады
Арыс қаласында хиджаб киетін оқушының ата-анасы мен мектеп әкімшілігі арасында текетірес туындады. Бұл туралы tengrinews-ке сілтеме жасап  31-арна хабарлайды.
Айша ЕскермесЕкінші сыныпта оқитын Айша Ескерместің ата-анасы мектеп қыз баланың діни ережелерді ұстануына кедергі келтіріп отыр деп есептейді. Мектеп әкімшілігі оқушыға сабаққа орамал тағып келуге тыйым салған.

«Біз ислам дінін ұстанамыз, Құраны Кәрімнің «Нұр» сүресінің 31-аятында «барлық әйел орамал тағып, ұзын көйлек киген» деп жазылған. Біз де әуретті жауып жүруді дұрыс санаймыз», — дейді оқушы қыздың әкесі Русланбек Әбілов.

Мектеп басшылығы Айшаның ата-анасын білім мекемесінің жарғысын бұзды деп кінәлайды. Әкімшілік мектепте оқушылардың орамал тағып жүруіне рұқсат бере алмайды.

«17 қаңтар күні ата-ана мектепке қызын басына орамал таққызып әкелді. Ата-ананы шақырып, заңда оқушылар мектептің ішкі тәртібін сақтауы керек екені айтылғанын түсіндірдік. Мектепке оқушылардың орамал тағып келуіне болмайды. Ата-аналар жиналысын өткіздік, олардың 99 пайызы мектеп әкімшілігін қолдады. Тіпті, оқушыны басқа мектепке ауыстыруды сұрады», — деді Арыс қаласындағы №376 мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі Талғат Ахметов.

Қалалық білім бөлімінің өкілдері мектепте орамалға немесе хиджабқа нақты тыйым салынбағанын айтты. Дегенмен бұл дауда педагогтардың ұстанымын дұрыс деп есептейді.

«Бұл мектептің қыс кезіндегі формасы — ақ алжапқыш, көк немесе қара түсті киім. Басқа бант тағуға болады, ал орамалға рұқсат етілмейді», — дейді білім бөлімінің әдіскері Береке Тасқымбаев.

Айша Ескерместен мектепке орамал тағып келмеуді талап еткен мұғалімдерді жергілікті мешіттің өкілдері де қолдап отыр.

«Егер мекеме хиджабқа қарсы болса, мектепке бармай қалуға немесе олармен соттасуға болмайды. Елдегі ережелер мен заңдарды ұстану діни сенімге қайшы келмейді. Қыз бала білім мекемесінде талап етілген киімді киюі керек, ал көшеде, басқа жерде өзінің хиджабын кие берсін», — дейді Оңтүстік Қазақстан облысы бас имамының көмекшісі Өркен Сапарқұлов.

Ал Айшаның әкесі қызының мектепте жалаңбас жүруіне үзілді-кесілді қарсы. Ол діни сенім бостандығын алға тартып, прокуратураға шағым түсірген. Құқық қорғау органдарына шағымдануға мұғалімдер де әзірленіп жатыр.

По сообщению сайта Nur.kz

2 ПІКІРЛЕР

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз