Генерал Жоламановтың былығын әшкерелеп жатқандарға қысым көрсетіле бастады деп хабарлайды КТК арнасы.
Шекара қызметі директорының бұрынғы қызметтестері негізгі күдіктілердің бірі әрі кінәсін толық мойындап отырған Қайрат Балмағамбетовті үзіліс кезінде дәлізден ұстап алып өтірік сөйлемеуін талап еткен.
Нұрлан Жоламановқа қарсы куәлік еткені үшін өзіне тиіскендердің үстінен Қайрат Балмағамбетов бүгін судьяға шағымданып шара қолдануды сұрады.
Айта кетсек, сотқа үйінен келіп жүрген Алматыдағы N2458-әскери бөлімінің командирі Жоламанов құрған қылмыстық топтың белді мүшесі болған. Бір қызығы генералдың бұрын бірге істеген әріптестері ғана емес, күйеуін адвокат ретінде қорғап жатқан әйелі де тағы бір куәгер Махмұдовқа «асыра сілтеме» деген қағазды көрсетіпті.
Сол жазуды оқыған соң куәгердің басы төмен салбырап күмілжіп қалған. Жалпы сотта қылмыстық топқа мүше болған Шекара қызметінің шенділері бастықтарының былығын жасырып жатқан жоқ.
Айтуларынша, Жоламанов тендерден ауызбастырық ретінде алған миллиондарды қымбат үй, көлік пен тоқалдарына судай шашыпты.
Тергеу материалдарына сүйенсек, қызмет бабын асыра пайдаланған генерал бар жоғы екі жыл ішінде бизнесмендерден 252 миллион теңге пара алған.