
Қарағандының Жаңаарқа ауданында темір жолдан өтпек болған 15 жастағы бала қос аяғынан айырылды. Өткелден өте бергенде ескертпе дабылсыз келген пойыз Асылханның аяқтарын езіп жіберген деп хабарлайды 31 арна.Қазір өрімдей бала Қарағандының ауруханасында ем алып жатыр. Бірақ аман қалғанына шүкір еткен Асылханның жақындары темір жол бойында қауіпсіздік шараларын орнатпаған жергілікті жауаптыларды жазғырады.«Балалардың қауіпсіздігі үшін, жаяу жүргіншілер жолында ең болмағанда, күзетші тұрса екен. Күн ашық та емес, борандары күндері бір адамның тұруы қажет», — дейді Асылханның анасы Балдырған Смайылова.
Оқиға болатын күні 15 жастағы Асылхан қарындасын мектепке апарған екен. Қатты бораннан пойыздың жақындағанын әрең көрген бала туғанын әрі итеріп, өзі темір жолға түскен.
Екі бірдей аяғын езіп кеткен транспорт тоқтамай өз жолымен кете берген. Қансыраған Асылханға жаңаарқалық жедел жәрдем қызметкерлері де кеш жеткен дейді туыстары. Ол аздай, жақындары пойыз соққысынан бөлініп қалған жеткіншектің аяғын тастап кетті дейді.
Бірақ аурухана өкілдері аяқтың емес, бала жанын аман алып қалудың қиынға соққанын алға тартып отыр.
«Асылхан Смайылов бізге 21 қаңтарда түсті. Сол кездегі жағдайы нашар болды. Теміржол соққысынан көп қан жоғалтты», — деді Х.Ж. Мақажанов атындағы клиниканың бөлім меңгерушісі Шолпан Мұқашева.
Дәрігерлер қазір жеткіншектің өміріне қауіп жоқ, дегенмен науқастың протез салудан басқа амалы болмай тұр екенін жеткізді.
По сообщению сайта Nur.kz