ОҚО-да үйі өртенген отбасы төрт баласымен далаға қонуда

0
53

Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс қаласында тұтастай бір отбасы далада өмір сүруде. Минеевтердің үйі желтоқсан айында өртеніп кеткен. Содан бері 4 баламен қаңғырып қалды деп хабарлайды КТК арнасы.

ОҚО-да үйі өртенген отбасы төрт баласымен далаға қонуда
Жергілікті билік өз қалтасынан пәтер жалдап та берген екен. Тек, оның ақшасы қаңтар айына толық төленбеген соң пәтер иесі қуып шыққан. Енді қақаған аязда шиеттей бала-шағамен өртеніп кеткен баспаналарының орнында тұрып жатыр.

Минеевтер отбасы қыс ортасында  бүрсеңдеп жүр. Басқа амалы таусылған олар шыңылтыр аязда өртеніп кеткен үйінің орнын паналауға мәжбүр.

14 желтоқсан күні электр сымдарының тұйықталуынан болған өрт бір сәтте бүкіл үйді шарпыды. Бұл кезде үйде 4 бала болған. Абырой болғанда ересектердің көмегімен балалар аман шықты.

Тек, қалған заттарды аман алып шығу мүмкін болған жоқ. Қазір, 4 бөлмелі баспанадан тек үйінді ғана қалған.

Өмір бойы жиған-тергені мен құжаттары да өртеніп кеткенде әкім-қаралар тайлы-тұяғы қалмай осында келіпті. Бірнеше күн өткен соң уақытша тұруға пәтер жалдап берген. Тек ақшасы қаңтар айына толық төленбегендіктен, үй иесі шиеттей бала-шағамен қуып жіберген. Енді өртенген баспаналарына оралудан басқа амалдары қалмады.

Туыстардан пайда жоқ. Бәрінен бұрын балаларға обал. Егер құжаттарды тезірек реттесек, жұмысқа да тұрар едім.

Үй иесі Кристина алапат өрттен қалған жалғыз кереуетпен, бірнеше тақтайшаны қардан тазартып жатыр. Бүгін бала-шағамен құшақтасып осында ұйықтамақ. Ал, әбден тоңған балалары анасының жаққан отына бой жылыта алмай әуре. Үйсіз қалғаннан кейін кішкентайларды үйіне шақырған туыстары екі күннен кейін шығарып жіберіпті.

«Туыстардан пайда жоқ. Бәрінен бұрын балаларға обал. Егер құжаттарды тезірек реттесек, жұмысқа да тұрар едім. Алимент пен еден жуушы болып істейтін анамның 20 мыңына қарап отырмыз. Алғашында көрші-қолаң мен әкімдік азын-аулақ киім мен ішер асты да беріп еді. Қазір мүлдем ұмытты», – дейді  Арыс қаласының тұрғыны Кристина Минеева.

Әуелде атқамінерлер құжаттарын жасап береміз деп уәде етіпті. Кейін уәдесінен тайған. Әзер дегенде күн көріп жүргендер енді құжаттарын да өздері жасатып жүр. Ал олардың далада қалғанын жергілікті билік журналистерден естіп, қатты састы.

«Қазір біз барып орналастырамыз. Бұл мүмкін емес. Оны шығарып жібергенін бізге де айтқан жоқ қой . Қыста шығару адамшылыққа жатпайды. Пәтер тауып берейік. Қазір, бұл отбасы пәтер кезегіне 120-шы болып тұр», – дейді Арыс қалалық тұрғынүй-коммуналдық -шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Бесеубай Нарбеков.

Айтпақшы, Минеевтердің үйі өртенгенде жалын көрші үйге де тиіп кетіпті. Енді өртенген дүниесін көршілері де не биліктен, не осы Минеевтерден дауламақшы.

Источник: КТК арнасы

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз