Не дейді?! НЕСИЕНІ ТЕҢГЕМЕН БЕРУ ТОҚТАДЫ МА?

0
31

Әлеуметтік желілерде «Қазақстан банктері несиені теңгемен беруді доғарыпты» деген әңгіме гулеп кетті. Бұдан былай несиені тек қана доллармен береді-міс.

«Әуелде сенбеп едім, кеше ғана өз басымнан өткерген соң, нанбасқа амалым қалмады, – деп жазады Қарағанды қаласының тұрғыны. – Банкке барып, несие алуға әрекеттенгенімнен түк те шықпады, банк маған теңгемен несие беруден… үзілді-кесілді бас тартты. Бұрын несиені уақтылы төлемей, сенімнен шығып қалған жерім болған емес, құжаттарым да дұрыс. Себебін түсіндіріп айтпай, сыпайы шығарып салды».

Осы жазбаның астына пікір жазған Аян Төлеубеков деген қолданушы: «Қазір банктердің бәрінде де саясат сондай. Бір белгілі банктің филиалында директордың орынбасары болып жұмыс істейтін досым айтады: «Теңгемен несие беруді әзірге тоқтатып тұрмыз. Ұлттық валютаның бағамы жақын уақытта өзгеруі мүмкін. Девальвация болуы да ғажап емес. Ақпан айына дейін теңгемен несиенің берілмейтіні анық». Яғни, елдің шулап жатқаны бекерден-бекер емес», – дейді.

Алайда банктер жағы мұндай ұстанымның бар екенін жапа-тармағай жоққа шығарып отыр. «АТФБанк теңгемен несие беруді тоқтатқан жоқ. Тіпті ондай ой басымызға келген де емес. Ірі банктердің бірі болған соң, қаржы саласында қандай да бір қауесет шықса, ішінде біз жүреміз әйтеуір…» деп қынжылыс білдірді аталған банктің баспасөз қызметі. «Девальвация қаупі күшейіп бара жатқандықтан, әрі Ресейдегі экономикалық жағдайға байланысты, сондай-ақ мұнай бағасының құлдырай бастауына орай теңгенің өтемпаздығына күмән туындағаны рас. Дегенмен, біз ахуалдың ауырлығына қарамастан, теңгемен несие беруді доғарған жоқпыз. Бірақ аса зор көлемде несие беруден бас тарта тұрсақ па деген ойдамыз» деп мәлімдеме жасады Еуразиялық банктің баспасөз қызметі. «Kaspi Bank», «РБК» және «Қазақстанның Халық банкі» де әлеуметтік желідегі әлгіндей сөздерді жоққа шығаруға тырысуда.

Ал Жинақбанкі несиені теңгемен беруді тоқтатқанын растады.

– Біз теңгемен несие алам деушілерден өтініш қабылдауды желтоқсан айында-ақ тоқтатқанбыз. Себебі белгілі – нарықтағы теңгенің өтемпаздығы тым төмен болып тұр. Басқа себебі жоқ. Ал доллармен несие бере береміз, – деп мәлімдеді банктің баспасөз қызметі.

Сарапшылар ұлттық валютамен несие алушылардың көптігінен банктерде теңге азайып, мүлде қалмауы да ықтимал екенін айтады. «Халықтың несиені теңгемен алғысы келетіні – оның пайыздық мөлшерлемесінің төмендігінен. Ұлттық банктің еліміздегі шетелдік банктерге ешқандай қолдау көрсетпей отырған себебі де – теңгенің нарықтағы рөлін нығайта түсу мақсатынан туындап отыр» дейді экономист Мақсат Сералы.

 

Abai.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз