
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының көп балалы аналары наразылыққа шықты. Айтуларынша, бірнеше айдан бері жәрдемақыларына қол жеткізе алмай жүр.
Жергілікті шенділер «ақшаларың «ЭКСПО-2017» мен ауданда өткен іс-шараларды қаржыландыруға кетті» деп айтатын көрінеді. Екі қолға бір жұмыс таппай жүрген алтын алқа иелері балаларын қалай асырарын білмей дал.
Ашынған аналардың Жаңақорған аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне баса көктеп кіруден басқа амалдары қалмаған. Өйткені үйлерінде кішкентайлары аш отыр. Олар үш айдан бері он сегіз жасқа толмаған балаларына тиесілі жәрдемақыларын ала алмай жүргендерін айтады.
Шенеуніктер оларға «үйде жатып, әбден жалқауланып кеттіңдер, өз күндеріңді өздерің көріңдер» деп жауап беретін көрінеді. Ақ жағалылардың ақша жоқ деп ақталғандарын олар түсінбейді.
«ЭКСПО-2017-ге аударылды дейді. Енді бірде осы жақта болған көкпарға аударылды дейді ақшаны. Баланың он сегіз жасқа дейін берілетін ақшасының ЭКСПО-ға, көкпарға не қатысы бар?», — дейді көп балалы ана Гүлжазира Бәйменова.
Көпшілік кез-келген ауыр жұмысқа дайын. Тек екі қолға бір күрек тапсақ деп шырылдайды.
«Біз үкімет үшін баланы тумаймыз. Біз өзіміз үшін тудық, асыраймыз. Тауып берсін жұмыс. Мен кез келген жұмысты істей беремін. Мен ешқандай қиналып тұрған жоқпын жұмысынан», — дейді Әсем Қыдырбаева.
Шенеуніктер болса, халық арасында жаңсақ пікір қалыптасқанын айтады. Жәрдемақыдан ешкім қағылмайды. Ай сайын ақша қолдарына тиеді дейді.
«Енді шамалы болса да түсінбеушілік болып жатқан шығар қазір енді. Жылдың басы. Бірақ қазір бүгінгі таңда барлық құжаттарды қабылдап жатырмыз. Ешқандай проблема жоқ. Ақша беріледі», — дейді Жаңақорған аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Молдахмет Ауанов.
Алтын құрсақты аналар шенділердің бұл сылтауына сенбейді. «Жылдың басы болса, болған шығар. Ал өткен жылдың жәрдемақысынан неге қол жеткізе алмай жүрміз» деп ашынады. Сондықтан құзырлы органдар араласып, тексеру жүргізгенін талап етеді.
По сообщению сайта Nur.kz