Атырау облысында іссапарда жүрген «Информбюро» тілшісіне, өңір басшысының жерлестері мұңын шағыпты. Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхаммедовтің туған жері – Құрманғазы ауданының орталығы саналатын – «Ганюшкин» жұрты, өздерінің әлеуметтік ахуалдарының тым мүшкіл екенін айтады. Тіпті, онда балықты бір күн қуырып, екінші күні асып, үшінші күні кептіріп жеп, балықтан өзге талғажау қылар тамақ таппай отырған отбасылар бар екен. Облыс әкіміне жерлестерінің жанайқайын Ирина Советжанқызы жеткізген еді, жауабын бірге тыңдайық.
БАҚТЫҚОЖА ІЗМҰХАМБЕТОВ, Атырау облысының әкімі:
Екі күннің бірінде балық жемесем, тамақ жегендей болмаймын, сондықтан оған таңқалудың қажеті жоқ!
Егер, ганюшкиндік Исағалиевтер отбасы – балықты жегісі келгендіктен, бірнеше күн қатарынан тамақ қылса, біз де таңқалмас едік, Әкім мырза! Алайда, сіз туған ауылдың аудан орталығында тұратын бұл отбасының басқа талғажау қылар тағамы жоқ! Тіпті, кей күндері қармаққа балық аз түссе, балалары үшін, өздері астан бас тартады екен.
АҚАРУ ҚАМАРЖАНОВА, «Ганюшкин» ауылының тұрғыны:
Балықты қуырамыз, асамыз, өзіміз жемейміз, балаларға береміз. Осы балықпен күнімізді көріп жатырмыз, болмаса не істейміз.
Үш баласы бар отбасының ұйтқысы, балаларына алатын жәрдемақы – киімдеріне жетпей қалады, дейді. Ал отағасы апта сайын аулап келетін он балықтың бесеуін өздері жеп, қалған бесеуін, әрқайсысын елу теңгеден сатады екен. Ал, төбесінен су ағатын шатыры жоқ үйлердің бірінде тұратын ганюшкиндік бұл кісілердің жалғыз ұлы қайтыс болған. Қос зейнеткер өз күндерін өзі әрең көріп жүр. Әкімдіктің әлеуметтік қызметкерлері де қос қарттың шаңырағына бас сұқпайтын көрінеді.
РӘЗИЯ СӘЛМЕНОВА, «Ганюшкин» ауылының тұрғыны:
Көз болса, көрмейді, мына көзім де бұлдыр. Кім көмектеседі сіздерге? – Жиендер келеді.
ТІЛЕК УТЕУЛИЕВ, «Ганюшкин» ауылының тұрғыны:
Ана іргеден су кетті ғой, жаңбыр қатты болғанда кетеді. Көршілерді нелерді әкеліп, майлатып, сылатамыз.
Мұнайлы елде қора үйлердің көптігі көзге оғаш көрінеді екен. Шатыры жоқ мына үйде де жалғызбасты әйел сексеннен асқан қарт анасымен тұрады. Бір үйлі отбасы – осы кісінің зейнетақысымен күн көруде.
ГҮЛШАТ САЗАНОВА, «Ганюшкин» ауылының тұрғыны:
Төбеден су ағады, қар болса, күреп тастауға тырысамыз. Отырамыз жайып тастап судың астына.
Осы ауылдың белсендісі Сәуле Семенова, кедейліктің күйін кешіп жатқан жерлестерінің жағдайын облыс әкімі анда-санда сұрап қойса, деген сәлемдемесін жеткізді.
СӘУЛЕ СЕМЕНОВА, «Ганюшкин» ауылының тұрғыны:
Облыс әкіміне менің жолдайтын сәлемім, бізді айға бір рет ауданды, ауданның шет жеріндегі ауылдарды бақылау жасауы керек.
Жерлестерінің жанайқайын облыс әкіміне жеткіздік. Бірақ Құрманғазы ауданында халықтың әлеуметтік ахуалын көтеруге жұмылдырылған қыруар шаруаның атқарылып жатқанын тілге тиек еткен өңір басшысы, мұндағы елдің жағдайын тым мүшкіл деп айтуға келмейді деген сыңайдағы жауап берді.
БАҚТЫҚОЖА ІЗМҰХАМБЕТОВ, Атырау облысының әкімі:
Атаулы көмек алып отырған адамдар – 1100 адам. Бұл тұратын халықтың бір жарым пайызы, бұл облыс бойынша да өте төмен көрсеткіш.
Ал, біз көрген үйлер – Ганюшкин ауылының бір бұрышында орналасқан үй тұрғындарының ғана жағдайы еді. Шатыры жоқ үйлердің тұрғындары жерлестері – облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхаммедов ең болмаса, өздері тұратын бұрышты көріп қайтса ғой, деп армандайды.
Ирина Советжанқызы, Бауыржан Нарымбетов.