Қостанай облысының Әулиекөл аудандық соты заңсыз жұмыстан шығып қалғанын дәлелдей алған ауыл азаматшасының жұмысқа қайта орналасу шағымын қанағаттандырды, деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Жас қыз «Құсмұрын бала бақшасы» МКК-да аула тазалаушы болып жұмыс істеген. Әкесінің науқастануына байланысты ол бірнеше рет төлемақысыз еңбек демалысын алған және жұмыстан сұранған.
Алайда жұмыстан ол дәлелді себебі жоқ деген кініәмен шығарылған. Талапкер өзін жұмыстан заңсыз шығарылғанын айтып, жұмысқа қайта кіру, мәжбүрлі жұмыссыз жүрген кездегі еңбекақыны өндіру және 50 мың теңге көлемінде моральды шығын өндіру негізінде талап шағымымен сотқа жүгінген.
Жауапкер болып саналатын балабақша меңгерушісі азаматша Р. талап шағымды мойындамады және сотқа талапкердің жұмыстан заңды түрде шығарылғанын айтып, арызды қанағаттандырмауды сұраған.
Іс бойынша тараптарды, куәгерлерді, прокурор қорытындысын тыңдаған сот азаматша С.-тің жұмыстан шығарылуын заңсыз деп тапты. Сот азаматшаны жұмысқа қайта орналастырып, мәжбүрлі жұмыссыз жүрген кездегі 73 мың теңге мөлшеріндегі еңбек ақысын өндіріп берді.
Сонымен қатар, сот іс бойынша жауапкер мемлекеттік, мектепке дейінгі, білім беру мекемесі болып табылатынын ескерді. Сондықтан, моральдық өтемді 20 мың теңге мөлшерінде белгіледі.
Сондай-ақ, жауапкерден талапкер пайдасына түбіртекпен, шартпен және чекпен дәлелденген сот шығындары мен өкіл қызметі үшін жұмсалған 80 мың теңге сот шығыны өндірілді. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.