Танымал тележүргізуші, бойында поляк, орыс, белорусь ұлтының қаны бар Игорь Сахар қазақ тілін білмейтін адамдарға қатысты өз пікірін білдірді.
Бұл туралы ол Comode.kz сайтына берген сұхбатында айтқан.
«Жұмыс барысында не қазақша, не орысша ойын жеткізе алмайтын адамдарды жиі кездестіремін. Қандай тіл болсын, әр адам бір тілді толығымен жетік меңгеріп, сол тілде ойын таза жеткізгені дұрыс деп ойлаймын. Ал ойын не қазақша , не орысша жеткізе алмайтын жастарға жаным ашиды. Қазақ тілін жетік меңгеру үшін тілді үйренуге деген ниет пен сүйіспеншілік қана қажет», – дейді Игорь.
Ол анасының «Қазақ тілін білуге әрі сыйлауға міндеттісің»,–деген ақылын өмірлік қағидасына айналдырған.
Өзге ұлт өкілі ретінде қазақ халқының қонақжайлылығын жоғары бағалайтын Игорь Сахар болашақта қазақ қызымен шаңырақ көтеру мүмкін екендігін де жасырмапты.