Ақмола полицейлері жоғалып кеткен жасөспірімді анықтады. Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметі мәлім етті.
Полицейлердің мәліметі бойынша, қаңтардың 28-і Атбасар аудандық ІІБ кезекшілік бөліміне Мариновка селосының тұрғыны 10 сыныпта оқитын 16 жастағы қызының із-түзсіз жоғалып кеткенін айтып, шағымданған.
Анасының айтуынша, жасөспірім қаңтардың 27-і күні күндізгі 11:00 шамасында үйінен шығып, белгісіз бағытта кетіп қалған. Жедел іздестіру шарасын қолға алған полицейлер қыздың электропойызбен Астанаға, одан әрі Оңтүстік Қазақстан облысына жол тартқанын анықтайды.
Ол жақтағы әріптестерімен жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жасөспірім қыз Өзбекстанмен шекаралас елді мекендердің бірінде табылып, Шымкент қаласындағы кәмелеттік жасқа толмағандарды бейімдеу орталығына жеткізіледі.
Кейін белгілі болғандай, жасөспірім әлеуметтік желі арқылы 31 жастағы Өзбекстан азаматымен хат жазысып тұрған екен. Өзбек азаматы оны өз еліне шақырған көрінеді.
Ол қызды Астанада қарсы алып, екеуі бірге Өзбекстанға кетпек болған. Абырой болғанда құқық қорғау органдарының жедел іс қимылының арқасында жасөспірім шекара аса алмады.