Ақтөбеде география пәнінің мұғалімі 6 сыныптың оқушысын ұрғаны үшін айыпталуда

0
403
Ақтөбеде география пәнінің мұғалімі 6 сыныптың оқушысын ұрғаны үшін айыпталуда
Ақтөбеде мектеп мұғалімі оқушысына қол көтеріп, миына зақым келтірген, деп хабарлайды Bnews.kz.№51 мектеп-гимназиясының алтыншы сынып оқушысы Темірлан Ізбасаров география пәнінің мұғалімімен ерегісіп қалған. Кейін ашуға булыққан оқытушы жұдырықпен түйіп жіберіпті. Соның салдарынан 12 жасар баланың миы шайқалып, бас жарақатымен ауруханаға түскен.

«Темірлан 28 желтоқсан күні біздің ауруханаға бас жарақаты және миы шайқалған деген диагнозбен түсті. Біздер түрлі сараптама жасадық. Қазір жағдайы жақсарып, үйіне шығарылды. Енді учаскелік дәрігер мен невропатологтың қадағалауында болады», — дейді Ақтөбе облыстық балалар ауруханасының нейрохирургы Самат Көкшібаев.

Ал Темірланның сол күнгі оқиғаны есіне алғысы жоқ. Мектепке де барғысы келмейтінін жасырмайды. Оқушы география пәнінен сабақ беретін Гүлдәурен апайымен парта үшін ерегісіп қалған.

«28 желтоқсанда екінші сабақтан соң үзіліске апайым келіп партаны алып кетпек болды. Біз өзіміз үш адам бір партада отырамыз. Мен қарсы болдым. Ол маған ұрсып, өзім білемін деді. Айқайлап, жұдырықпен бірнеше рет ұрды», — дейді №51 мектеп-гимназиясының оқушысы Темірлан Ізбасаров.

Географиядан сабақ беретін Гүлдәурен Нағымет оқушысына қол көтергенін жасырмайды. Бірақ ауруханаға түсетіндей жарақат салмағанын айтады.

«Сол күні акт залында жиналыс өтетін болды. Хатшы отыратын парта алуға сол сыныпқа келіп, соңғы бос тұрған партаны алмақ болған едім. Ол маған қарсы шығып, дөрекі сөйледі. Мен оны нұқып қалдым. Миы шайқалатындай ұрмадым. Өзімді кінәлі санамаймын», — дейді Гүлдәурен Нағымет.

Ал №51 мектеп директоры мұғалімге сөгіс жариялаған. Бірақ оқушының да сотқар екенін айтады.

«Бұл оқушының өзі тентек. Мұғалім енді өзіне қарсы шығып тұрған соң шыдамай, нұқып жіберген шығар. Сөгіс бердім оған», — дейді директор Әлия Бегімова.

Қазір осы оқиғаға байланысты Ақтөбедегі Сазды ішкі істер бөлімінің тергеушілері тексеру жүргізіп жатыр.

По сообщению сайта Nur.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз