Бейжіңде Қытай аз ұлттар жазушылар қоғамы мен «Ақсай» қазақ әдебиеті қоғамы ұйымдастырған байқаудың марапаттау рәсімі өтті деп хабарлайды 24.kz.
Мұнда жергілікті қазақ қаламгерлерінің проза, поэзиядағы төл туындылары мен қытай-қазақ әдебиетіндегі тың шығармалар, таңдамалы аудармалар бағаланды. Байқауда бір жыл бойы аз ұлттар тілінде басылып шыққан 107 әдеби шығарма сараланып, қазылар алқасы қазақ басылымынан 5 автордың шығармасын үздік деп таныды. Бас жүлде – 20 мың АҚШ долларын Ерлан Нұрдыханұлының «Көлеңке көзіндегі елес» жыр жинағы еншіледі. Ал, Айдос Амантайұлының қытайша жазылған «Айдос-Шолпан» романы жас қаламгерлер арасынан үздік шықты.
Айдос Амантайұлы, жазушы:
– Көңіл-күйім де тебіреніп тұр. Бұл сыйлық қытай-қазақ әдебиетінің көркейіп келе жатқанын білдіреді әрі болашақта одан әрі дамуына күш береді деп ойлаймын.