Берекет Кәрібаев: Қазақстан жеріндегі мемлекеттіліктің тарихына 3000 жыл болды (интернет-конференция жауаптары)

0
144

bereket

Берекет Кәрібаев:

Құрметті, «Қамшы» ақпараттық порталының оқырмандары! Жаңа жыл мерекесінен кейін оқырманмен, көрерменмен тұңғыш рет жүздесіп отырмын. Қой жылы құт-берекелі жыл болсын! Арнайы интернет-конференциясына шақырған екенсіздер, рахмет! Сұрақтардың басым көпшілігі «Қазақ хандығының 550 жылдығына» арналыпты. Ол заңды да. Естеріңізде болса осы тақырыпқа байланысты менің «Қазақ хандығының құрылу тарихы» атты монографиям жарық көрді. Бұл еңбектің жазылу тарихы осыдан 20 жылдан бұрын басталған. Еңбекке қалай келгенім жайлы кітаптан оқи жатарсыздар. Енді сұрақтарға кезек берейік.

Хазірет:

«Қазақстан тарихына» қатысты кейбір еңбектерден қазақ хандығы 1456 жылы құрылған деп оқыған едік. Ал, міне 1465 жылға тоқтадық. Бұған не дейсіз?

Берекет Кәрібаев:

Қазақ хандығының құрылған жылы туралы талас-тартыс мәселесі, жалпы – бүкіл Қазақ хандығының құрылу тарихындағы кішкентай ғана эпизоттық мәселе. Кей кезде біз осы уақыттың мерекелік жағын, нақтылығын ойлап, мәселені кеңейтіп жібердік. Айналып келгенде оның бір, екі, тіпті бес жылға дейін нақты қолмен қойғандай дерегі жоқ. Тек Мұхаммед Хайдар Дулатидың шамалап берген уақыты бар. Ал, қалғандарының бәрі сол төңіректе. Бірінші болып Қазақ хандығының құрылу тарихына қалам сілтеген ғалым ХІХ ғасырдағы орыстың атақты шығыстанушы ғалымы В.В Вельяминов-Зернов. Оған дейін Шоқан Уәлиханов кіріскен екен. Ол нақты зерттеген жоқ. Тек Қашқарға сапарында Дулатидың «Тарих-и Рашиди» еңбегінің қашқарлық нұсқасын әкелген. Оны өзін жіберген Азия департаментіне тапсырған. Кейбір ғалымдарымыз бұл салада Шоқан бірінші тұруы керек деген пікір айтады, бірақ, мен Уәлихановтың хандықтың құрылуына байланысты нақты еңбегін әлі тапқам жоқ. Ресейде Қасымов деген қала бар. Қасымов қаласында одақ кезіндегі ең ірі алтын өндіру орталығы болған. Бұл қалаға Тәуке ханның немере інісі, Шығай ханның немересі, Ондан сұлтанның ұлы Оразмұхаммед хан болған. Вельяминов-Зернов сол қала мен қаладағы хан-ханзадаларға арналған еңбегінің екінші томын Оразмұхаммедке арнайды. Оразмұхаммедтің тегін зерттеу барысында Вельяминов-Зернов 10-нан аса ғылымға белгісіз, тың Шығыс деректерін табады және оны орыс тіліне аударып ғылыми айналымға енгізеді. Бұл 1864 жыл еді. Солардың ішіндегі бір дерек – Оразмұхаммедтің жеті атасының дерегі. Ол – Орыс хан, Қойыршық хан, Барақ сұлтан, Жәнібек хан, Жәдік хан, Шығай хан, Ондан сұлтан. Осы деректер айналып келгенде Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашиди» еңбегі болатын. 1890 жылдары ағылшын тіліне аударылып шықты. Бірақ, ол мәтінді аудару барысында қателік деуге болмас, сәл дәлсіздік жіберген. Түпнұсқа Дулатида: «Ол кезде Дешті-Қыпшақта Әбілқайыр хан болатын. Ол Жошы ұлысынан тараған көптеген сұлтандарға қысым көрсетті. Оған шыдамаған Керей мен Жәнібек сұлтандар басқа жаққа көшеді…» деп келеді. Ал, аудармада дәл осы «Ол кезде» деп басталған жерге «Ол кезде(хижра 860 – – ол шамамен 1456 жыл)» деп жазған. «Тарих-и Рашиди» еңбегінде «Қазақ хандарының билік ете бастауы хижраның 870 жылдарына тура келеді» делінген. Келесі жылында Ресей аумағындағы халықтарға байланысты әскери энциклопедия шығады. Сонда ұмытпасам «Қазақтар» дейтін мақала бар. Өте керемет. Сол бір жарым беттік мақалаға төрт академик араласқан. Сол энциколпедияда мынау жақша жоқ, хижра жылы да жоқ. Былай делінген: «Әбілқайырдан Керей мен Жәнібек 1456 жылы бөлініп кетті. Қазақтар жеке ел бола бастады». Олар мәтінді емес, мәтіндегі мазмұнды беріп отыр. Қазақ хандығы 1456 жылы құрылды деген уақыттың шығуы осыдан. Және бұл уақыт көрсеткіші жүз жыл бойы барлық оқулыққа, энциклопедияларға, Шәкәрім да, Тынышбаевта осы жыл деп қабылдады. Тіпті 1943 жылы жарық көрген «Қазақ ССР тарихының» академиялық басылымында дәл осы жылды көрсетті. Сөйтіп, әбден санаға сіңіп кетті. Мұны алғаш рет жоққа шығарған соғыстан кейінгі жылдары Шахматов, Ибрагимов деген тарихшылар болды. Ибрагимов «Тарих-и Абулхайр-хани» атты еңбекті парсы тілінен аударды. XVI ғасырдың 40-шы жылдарына дейін әкеледі. Оның пікірі бойынша Қазақ хандығы құрылмай тұрып, қазақ ұлыстары құрылған. Бұл тезистер 1957 жылы «Қазақ ССР тарихының» екі томдық академиялық баслымына енді. Бірақ, мұны қазақ қоғамы, қазақ зиялылары қабылдаған жоқ. Сөйтіп, 1977 жылы Пищулинаның Жетісу тарихына арналған монографиясы шықты. Сол еңбегінде ғалым Қазақ хандығының құрылу тарихына бір тарауын арнап, 1456 жылдың қате екенін, Дулатидың еңбегінде қалай жазылды, солай қалуы керек деген пікір айтады. Ол 1465/66 жыл еді. Неге 66? Себебі, мұсылман күнтізбесі мен христиан күнтізбесі бір-біріне сәйкес келмейді. Кейіннен 1979-83 жылдары бес томдық энциклопедияларға осы жазба енді. Осы уақыттан бастап барлық жерде 1465 атаулы уақыты қолданыла бастады. Осыдан кейін де біраз пікірталастар болды. Мен монографиямда осы уақыттарға байланысты арнайы бір тарау арнап, бәрін талдап жаздым.

Елеу:

Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау кейбір адамдардың көңілінен шықпайды. Тарихымыз тым әріде жатыр дейді. сонда түрік қағанатын немесе алтын орданы тойлаймыз ба? әлде қазақ деп аталатын мемлекеттің құрылғандығын осы қазақ хандығының құрылған күнінен бастап тойлағанымыз жөн бе? кәсіби тарихшы ретінде осыған ой қоссаңыз.

Берекет Кәрібаев:

Алғашында менде де осындай түсінбестік ойлар болды. Кей газеттер «Қазақ мемлекеттілігіне 550 жыл» деп жазып жіберіпті. Егер қазақ мемлекетінің тарихын Керей мен Жәнібектен бастасақ оған дейінгі тарих қайда қалады деген заңды сұрақ туындайды. Бұл жерде атауды дұрыс қолдану керек. Қазақ мемлекетіне емес, Қазақ хандығына 550 жыл болуы керек. Жалпы, мемлекет деген ұғымға республика, монархия, қағанат, империя, хандық, әмірліктің бәрі жатады. Қазақстан жеріндегі мемлекеттіліктің тарихына 3000 жылдан аса уақыт болған. Сонау скиф тайпалары, сақтар, ғұн, үйсін, қаңлы осы ұлыстардың бәрінде мемлекет болды. Бұл дәуірдің деректері қытай жазбаларында анық кездеседі. Соларда этникалық процес пен мемелекеттік даму қатар жүріп отырды, бірін-бірі толықтырып отырды. Мемлекеттіліктің ең шырқау шегі – Түрік қағанаты. Қағанат деген сөз империя. Қазір дүние жүзінде мойындалған ақиқаттың бірі, ол Түрік қағанаты Еуразия аймағындағы ең алғашқы мықты империя. Одан кейінгі Алтын Орда империясы, ал Алтын Орда ыдырағаннан кейін ғана 7-8 мемлекет пайда болды. Қырым хандығы, Қазан хандығы, Астырахан хандығы, Сібір хандығы, Ноғай ордасы және Ақ Орда, одан кейін Әбілқайыр хандығы, солардан тура шығып Қазақ хандығы. Неге Қазақ хандығына біз ерекше назар аударып жатырмыз? 1996 жылы Назарбаевтың «Тарих толқынында» атты еңбегі жарық көрді. Сонда мынадай бір жақсы ой айтылады: «XV ғасырдың ортасында құрылған қазақ хандығы бүкіл Орталық Азиядағы алғашқы ұлттық сипаттағы мемлекет». Осыған назар аударып көрейік. Дәл осы жылдары Мәуреннахыр жерінде де мемлекеттер болды. Бірақ, олар ұлттық сипат ала алмады. Ал, бізде құрылған мемлекет қазақ хандығы деп аталды, елі қазақ халқы деп аталды және территориямыз сол кездің өзінде Қазақия деген атауға ие болды. Осы атаулар күні бүгінге дейін қолданылып келе жатыр. Қазақ хандығынан басталған термин, атау бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді және ол үш жарым ғасыр өмір сүріп, бүкіл халықтың менталитетін, болмысын, дүниетанымын қалыптастырып кеткен.

Тұрдыбек Құрметхан:

Қазақ хандығы құрыларда Керей мен Жәнібек сияқты сұлтандардан басқа Қазақ хандығының құрылуына себепші болған, яғни Қазақ руларының басын қоса білген қара халықтан шыққан бабаларымыздан кімдер бар?

Берекет Кәрібаев:

Қазақ хандығының құрылуы қарсаңында Жетісу Моғолстан, Өзбекстан аумақтарында мемлекет басшыларының есімдері аталады. Мысалы, Әбілқайыр хан. Ол Дешті-Қыпшақтағы Шайбанилық әулеттің өкілі. Әбілқайыр ханның батырлары Бақтияр сұлтан, Хамза сұлтандар көп айтылады. Ал, Ноғай ордасы жағынан Оқас би, Оқас бидің ұлдары Мұса, Жаңбыршы, Хорезми, Аббас бек. Қазақтар жағынан Керей мен Жәнібек айтылады, Бұрындық сұлтан да кездесіп қалады. Ал Моғолстаннан Есенбұға хан, оның баласы Досмұхамбет хан, Жүніс хан. Мәуреннахырдағы билеушілердің ішінен Әбусейіт мырза.

«Тарих-и Абулхайр-хани» еңбегінде Әбілқайыр ханды хан сайлағанда 71 ұлыстың көсемдерінің есім, атаулары кездеседі. Бір ғана найман ұлысының 9 өкілі айтылады. Сол 9-дың 3-еуі өкіреш найман. Ал, қазір шежіреге қарап отырсақ найман елінде ондай ру бар.

Пікір қалдырушы:

«Қазақ» деген атаудың тууы туралы көптеген мәліметтер бар. Осы күнге дейін көзімді жеткізе алмай келе жатырмын. Осы туралы білгім келеді.

Берекет Кәрібаев:

Қазақ деген ұғым, термин, этноним, сөздің пайда болуы жайлы ғылымда көп дау-дамай туған. Қазір ол басылды. Өйткені, шынайы, дұрыс, объективті бағасы берлді. Менің еңбегімнің бір тарауы қазақ этнониміне арналған. Қазақ сөзінің шығуын түсіндіруде әдебиетшілер, жазушылар, журналистер, этногрфтар көп зерттеу жүргізген. Бір қызығы, осы адамдардың бәрі қазақ сөзінің шығу тегін халықтан емес, сөзден іздейді. Сөздің түп-төркінін іздеуде күлкілі аңыздар мен мифтер, болжам, жорамалдар кездеседі.

«Қазақ» – түрік сөзі. Дешті-қыпшақ аумағында пайда болған. Алғаш бұл сөздің әлеуметтік мәні болған. Мәні әлеуметтік болса, мазмұны қандай? Өз ұлысынан, өз руынан, өз тайпасынан әр-түрлі себептермен бөлініп, ешкімге бағынбай, өз алдына дара, еркін жүрген адамдар тобын қазақ деп атаған. Бұл үрдіс Ресейде де болды. Бұл XIII ғасырға дейін әлеуметтік мәнге ие болып келген. Ал осыдан кейінгі таққа, билікке таласу барысындағы қақтығыстарға байланысты жеңіліп, ығысқан билік өкілдерінің топтары уақытша саяси әлеуметтік мән алып, «Қазақташ» деген ұғым келіп шыққан. Ол айналып келгенде қазақтың ауылдас, жерлес, парталас, сыныптас деген сөздері сияқты белгілі бір уақытта адамның белгілі бір адамдармен бірге болғанын білдіретін сөзге айналған. Олардың қазақташтығы өздері билікке немесе көздеген мақсаттарына жеткенге дейін болған. Ал, Керей мен Жәнібек бөлінген кезде олар аз ғана топпен, өз нөкерлерімен емес, қол астындағы елімен бөлінеді. Қазақ сөзі дәл осы тұста саяси-этникалық мәнге ие болады. Этникалық болған соң ол жерде халық болады. Сол кезде оларды «Өзбек-қазақтар» деп атаған. Онысы өзбек ұлысынан бөлініп кеткен қазақтар дегенді білдірсе керек. Әбілқайыр хан өлгеннен кейін Дешті-қыпшаққа Шайбанилық әулеттің орнына Орда-Ежендік әулет, яғни Керей мен Жәнібектің билігі келді. Нәтижесінде Қазақ хандығының орнығуымен оның құрамына көптеген халықтар кіріп, олар қазақтар деп атала бастайды.

Бұл – этникалық мән. Осы этникалық мәнді біз әлгі күнге дейін қолданып келе жатырмыз.

Қазақ 86:

Қазақ хандығының құлауына бірден бір себеп Әбілқайыр ханның Орыстар мен одақ құрамын деп Қазақты бодандыққа кіргізуінен болса керек, Осы туралы басын аша айта кетсеңіз, Әбілқайыр хан Орыспен Абылайдан билікті қызғанғандықтан одақ құрып Орысқа арқа сүйегісі келдіме, әлде шыныменде қазақты ойлап одақтасуды ойладыма?

Берекет Кәрібаев:

Қазақ хандығын мен екі кезеңе бөліп қараймын. Біріншісі, бір орталықтан басқарылатын біртұтас қазақ хандығы дәуірі. Бұл дәуір Керейден басталады, Тәукемен аяқталады. Тәуке хан 1715 жылы қайтыс болды. Мемлекет қалды, халық қалды, бірақ саяси жүйеде – батысты Әбілқайыр хан биледі, Жетісуда Жолбарыс хан отырды, орталық билік орта жүзде Қайып ханда қалды. Халық бір, тіл бір, бірақ әкімшілік бірлік бөлінді. Орталық билік әлсіз болған кезде, жер-жер өз алдына кетеді. Қайып ханнан кейін Болат хан, Болаттан кейін Сәмеке хан, Сәмекеден кейін Әбілмәмбет, Әбілмәмбеттен кейін Абылай хан.

Дәл осы тұста шығыстағы жоңғар мен еділ қалмақтарының бірігу үрдісі жүріп, күшейіп, қазақ елінің жойылып кету қаупі туындайды. Мұндай қауіптің кезінде Әбілқайыр орыспен одақтасып қазақ мемлекетін сақтап қалуға тырысты. Кейіннен Әбілқайырды өлтірген Барақ Қазыбек биге барады. Дәл Қазыбек бидің берген жауабын Төле би де қайталайды. Осы жауаптан-ақ Әбілқайырдың орысқа бодан болуына сол кезде баға берілгенін аңғаруға болады.

Барақ та, Әбілқайыр да өз заманының тұлғалары. Барақ – аңғал, батыр. Әбілқайыр – баласын орысқа беріп, орысқа бодан болдым дегенмен де, орыс әкімшілігі оған сенген жоқ. Тіпті Орынбор әкімшілігі Әбілқайырды өлтіруге Петербордан үш рет рұқсат сұраған. Бұл адам бізге қызмет етіп жарытпайды деген сыңайда. Өйткені, Әбілқайырдың бір ұлы түрікмендерді басқарып отыр, бір ұлы хиуада, бүкіл қазаққа танылған сұлтан Абылайға да құда болған қауіпті адам болды. Былайша айтқанда, Тәуке ханнан кейінгі беделі ең зор хан Әбілқайыр болған. Ең қауіптісі 1745 жылы жоңғар қонтайшысы Ғалдан Серен қайтыс болды. Оның орнына келген Лама Доржыға Әбілқайыр қыз беріп құда болады. Қалданның тұсында бұл құдалыққа көнбеген еді. Дала заңында құдалық болғаннан кейін кім әлсіз болса, мықты жақ сол елге үстемдік жүргізе бастайды. Енді, Әбілқайыр Лама Доржыға өз ықпалын жүргізе бастайтыны анық еді. Бұл істі Орынбор әкімшілігі білді. Содан кейін Түркістан жақтағы Бараққа мадақ қағазын берді, шен берді, оған ыңғай танытты. Ол Орынбордың қолшоқпарына айналып шыға келді. Сөйтіп, ұсақ-түйекке бола Әбілқайырды өлтірді. Әбілқайырдың ұлдары Нұрәлі, Айшуақтар Барақтан кек алмақ болды. Дәл осы тұста Барақ Қазыбек биге барғанда би оған: «Әбілқайыр орыспен жақындасып, елін бақытты өмір сүргізіп жатыр еді. Сен сол бақытты бұздың» деді. Ал, Барақ: «Әбілқайыр орысқа сатылды, мен сатқынды өлтірдім. Енді мені хан көтеріңдер» деген сыңай білдірді. Басында айтқанымыздай Төле би де Қазыбекпен ұқсас жауап қайтарған. Жоңғардан да қолдау таппаған Барақ дала заңы бойынша халықтық билер сотына түседі. Биді өзі таңдайтын заң бойынша Әбілқайырға қарсы билерді таңдаған Барақ сотта жеңіп шығады. Бұл дауға риза болмаған Әбілқайыр балаларына Төле бидің: «Бір қойдан екі тері сыпырмас болар» деген сөзі тосқауыл болады. Бірақ, кейіннен Барақ сұлтан Нұрәлі мен Айшуақ сұлтандардың қолынан қаза табады.

(Жалғасы бар)

«Қамшы» сілтейді

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз