Мысырлық азамат Қазақстаннан саяси баспана сұрап отыр

2
51

Мысырлық азамат Қазақстаннан саяси баспана сұрап отыр. Бір жылдан бері Қостанай қаласында тұрып жатқан ол бұл өтінішінің орындаларынан үмітті.

Мысырлық азамат Қазақстаннан саяси баспана сұрап отыр
Ішкі істер министрлігіне қарасты көші-қон департаменті өкілдерінің айтуынша, өткен жылы елімізде 73 шетелдік азамат «босқын» мәртебесін алған. Алайда бұл тізімге мысырлық Бассем Фоули кірмей қалды. Көші-қон полициясы заңға сәйкес оған «босқын» мәртебесін беруден бас тартқан.

Араб елінің азаматы Қостанайға бизнеспен айналысу мақсатында келген. Содан бері еліне кері қайта алмай жүр. Нақтысы – Мысырға оралғысы жоқ.

«Отаныма барсам, қуғынға түсіп, өміріме қауіп төнеді», – дейді өзі. 35 жастағы Бассемнің айтуынша, әлеуметтік желідегі парақшасында өз елінің саясатына қатысты азаматтық көзқарасын білдіріп, жазбалар қалдырған. Көп ұзамай ұлттық қауіпсіздік мекемелерінен қорқыту-үркіту хаттары келе бастаған көрінеді.

«Менің Қазақстанда қалғым келетіні – елге баруға қатты қорқамын. Егер елге қайтсам, мені өлтіруі мүмкін немесе мыңдаған адамдар секілді із-түзсіз жоғалғандардың қатарына кіремін», – дейді  Мысыр азаматы Бассем Фоули.

Саяси баспана сұрап жүрген шетел азаматының мақсаты – Қазақстанда қалып, осы бейбіт елді мекендеу. Алайда көші-қон полициясы басқармасы Бассемге «босқын» мәртебесін беруден бас тартып отыр.

Егер елге қайтсам, мені өлтіруі мүмкін немесе мыңдаған адамдар секілді із-түзсіз жоғалғандардың қатарына кіремін

«Тұлғаның қуғындауға түседі деген қауіптің болмауы негізінде «Босқындар» туралы заңының 12- бабы 1-тармағы бойынша Мысыр елінің азаматы Бассем Фоулиге босқын мәртебесін беруден бас тартылды», – дейді Қостанай ОІІД баспасөз хатшысы Әділбек Нұрмахин. 

Шетелдік азамат полицейлердің шешіміне қатысты сотқа талап-арыз түсірді. Сот отырысы ақпанның он алтысына белгіленген. Бассемнің соңғы үміті сотта.

«Арызданушы соттан Қостанай облыстық ішкі істер департаменті көші-қон полициясы басқармасының шешімін заңсыз деп тануды, сонымен қатар  Көші-қон полициясы департаментінің «Босқын мәртебесін» беруден бас тарту туралы шешімін заңсыз деп тануды және жоюды сұрайды», –  Қостанай қалалық сотының жетекші маманы Балбөпе Мұхамедуәлиева.

Еліне барғысы келмейтін Бассемге «Адам құқығын қорғау» бюросының Қостанайдағы өкілдері қол ұшын бермек.

«Оның аккаунты тегімен мүлдем байланысты емес. Бірақ «Ұлттық қауіпсіздік» деген логин арқылы оның аты-жөні, мекен -жайы түгел жазылған хаттар жіберілген. Сол хабарламада белсенді болғандардың күйін кешесің деген секілді сес көрсетілген. Осындай жағдайда біз халықаралық гуманитарлық құқық бойынша Женева конвенциясына жүгінуіміз керек деп ойлаймын», – дейді  Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі Халықаралық бюро ҚФ директоры Анастасия Миллер.

Бюро белсенділері Мысырдағы әскери қақтығыстардан бейнебаян көрсетіп, арызданушы азаматтың дәл сол маңайда тұратынын алға тартқалы отыр. Және әлеуметтік желідегі жеке парақшада жазылған хабарламалардың мазмұнын баяндап, оның өміріне аса қауіп төніп тұрғандығын дәлелдемек.

2 ПІКІРЛЕР

  1. бұл біздің еліміздің халқарадағы абройының көтеріле бастағанын көрсетеді.

  2. түсіністікпен қарауға тура келеді. олардың елінде болып жатқан жағдай біздің басқа түспесін.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз