Жолаушыларға жармаса кететін такси жүргізушілері жаппай жазаланып жатыр

0
324

Кісінің қыр соңынан қалмайтын такси жүргізушілері жаппай жазаланып жатыр. Ескертуді елемей, қоғамдық орында әдепсіздік танытқаны үшін оларға 10 мың теңгеден айыппұл салынуда деп хабарлайды КТК арнасы.

Жолаушыларға жармаса кететін такси жүргізушілері жаппай жазаланып жатыр

Заң күшіне енген бір айдың ішінде 50 шақты адамға осындай жаза қолданылыпты. Ал вокзал мен әуежай маңын торуылдаған таксишілер болса, қатайтылған әкімшілік кодекс қалтамызды жұқартып нанымыздан айыратын болды деп күйінеді.

Әдетте Алматы вокзалынан түскендерді жақындарынан бұрын такси жүргізушілері қаумалап есік аузынан күтіп алады. Қызметі тегін емес әрине. Сондықтан көлігіне отыруға көнбегендерді қолынан сүйреп әкетуге дайын. Таксишілер сыртта ғана емес, вокзал ішінде толып жүр. Пойыздан маужырап түскендерді айғайымен ұйқысын шайдай ашады. Алматы әуежайында да дәл осындай көрініс. Жүргізушілерге ерік берілсе, қону алаңына дейін барып жолаушылар үшін таласуға бар.

Адамдарға беталды жармасып, қыр соңынан қалмай мазасын алу астаналық таксишілерге де үйреншікті жайт. Бірақ бұл әдепсіздік үшін жаңа әкімшілік кодекске сай 10 мың теңге айыппұл салынатынын, тағы қайталаса 5 тәулікке қамалатынын полицейлер рейдке шығып, күнде түсіндіреді.

Алайда олар клиенттерге сыпайы қызмет қыламыз, ешкімге жөнсіз тиіспейміз деп азар да безер.

«Біз күтіп тұрамыз. Адамдар өздері келеді. Кейбіреуі қымбат деп мінбейді. Сол кезде арқасынан еретін шығар жігіттер. Былай бәрі жақсы. Адамдар өздері келісімін беріп отырады. Осы жерде жүргендердің 80-90 пайызында несиесі бар. Күн көру керек. Жұмыс істеу керек», – дейді такси жүргізушісі Әбидулла Сырлыбаев.

Күн көру үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, мемлекетке салығын төлесе, полицейлер ешкімді қумас едік дейді. Алайда елорданың жалғыз вокзалын табыс көзіне айналдырғандар салық төлейтіндей қырып ақша таппайтындарын айтып күйініп отыр

Күн көру үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, мемлекетке салығын төлесе, полицейлер ешкімді қумас едік дейді. Алайда елорданың жалғыз вокзалын табыс көзіне айналдырғандар салық төлейтіндей қырып ақша таппайтындарын айтып күйініп отыр.

«Бұл кісілер пойыздардың келу-кету уақытын біледі. Сол уақытқа арнайы келеді. Адам өзі түсіну керек, өзінің заңсыз жүргенін. Патенті лицензиясы жоқ болғаннан кейін, ол адамның бұл жерге келуіне құқығы жоқ», – деді көліктегі ІІД Әкімшілік полициясы басқармасы бастығының орынбасары Серік Төрекенов.

Енді ескертуді елемейтін такси жүргізушілері өздері тұратын алаңнан мүлдем қуылуы мүмкін. Себебі еліміздегі вокзалдар тек заңды түрде жұмыс істейтін такси қызметімен келісім шартқа отырмақ жоспарлары бар.

Сөйтіп талай жыр болған мәселені түбегейлі шешпек ойда. Астана әуежайы да, дауыстап айғайлап кісілердің қыр соңынан қалмайтындармен дәл осындай әдіспен құтылмақ. Яғни, наурызда тендер өткізіп, бір таксопаркпен жұмыс істемекші.

Полицейлер де жезөкше, қайыршы мен таксишілерді қоғамдық орында мәдениетті болуды қалайда үйретеміз деп білек сыбанып отыр.

Источник: КТК

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз