АҚШ-қа «FLEX» бағдарламасы бойынша оқуға кеткен 16 жастағы өскемендік Тим Бекшентаев көлік апатынан қайтыс болды.
Тим Бекшентаев
Бұл туралы yk-news.kz хабарлайды.
Жол апаты Тим оқып жүрген Висконсин штатындағы Фредерик қаласында болған. Марқұм болған жасөспірімнің әкесі Жәнібек Бекшентаев қайғылы оқиғаның 3 ақпан күні кешкісін, біздің ел уақытымен есептегенде, 4 ақпан күні таңертең орын алғанын айтты.
Бір топ жастар хоккей жаттығуынан жеңіл автокөлікпен қайтып келе жатырған. Көлікті жүргізген 17 жастағы жасөспірім рульге ие бола алмай, автомобиль жолдан ұшып кетеді де, ағашқа соқтығысады.
Апаттан тек Тим Бешкентаев қана қаза тапты. Қалған студенттер дене жарақаттарын алған. Бүгінде Тимнің үлкен ағасы оқиғаның мән-жайына қанығу үшін АҚШ-қа ұшып кетті.
Тим Бекшентаев ағылшын және неміс тілін өте жетік білгендіктен, өткен жылдың тамызында «FLEX» бағдарламасы бойынша АҚШ-та білім алу мүмкіндігіне ие болған өскемендік жалғыз студент екен.
Осы оқиғаға орай, АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джордж Кролл Бекшентаевтар отбасына көңіл айтты.