АҚПАРАТТЫҚ ЭКСПАНСИЯ ТӘУЕЛДІЛІККЕ ҰРЫНДЫРАДЫ

0
103

Қазіргі таңдағы әлемде мемлекеттер арасындағы түрлі шиеленісті жағдайлардың ушығып, қарама-қайшылықтары ақпараттық шайқасқа ұласып жатқандығын ескерсек, еліміздің ақпараттық кеңістігінің қауіпсіздігі, бәсекеге қабілеттілігі, ішкі нарықтағы ақпараттық сұранысты толығымен қамтамасыз етуі секілді мәселелердің өзектілігі арта түседі. Бұл тақырыпты кеңінен талқылау мақсатында белгілі саясаттанушы Расул Жұмалымен сұқбаттасқан едік.


– Үстіміздегі жылғы 1-қаң­тар­дан бастап Еура­зия­лық эко­номи­калық одақ кү­ші­не енді. Әлемдік сарапшылар Ре­сей­дегі аса ауыр эко­номи­ка­лық ахуал одан әрі құл­дырай түсетіндігін айтады. Осындай жағдайда одақ­тың жұмысы тек қағаз жү­зін­де қалып қоймай ма? Бұл одақ дамуының ендігі сцена­рий­лері қандай?
– Еуразиялық экономика­лық одақ­тың болашағы алаң­дау­шылық туғызатынын жоққа шы­ға­руға болмас. Себебі, ықпал­дас­тық­қа негізделген ұйым­ға енуші мемлекеттердің әу баста алдына қойған мақсаттары әр­қалай болатын. Мәселен, осы ұйым­дағы алып мемлекет – Ресей үшін ең алдымен бұл геосая­си жоба болды. Яғни, бұрынғы Ке­ңес заманындағыдай қырғи-қа­бақ соғыс туындай қалған жағ­дайда өзін Еуропаға, Аме­ри­ка­ға қарсы қоятын, сол қар­сы­лас­тықта өзінің жетіспей жат­қан әлеуетін серіктес мемлекеттер есебінен күшейту мақ­саты және белгілі бір дең­гей­де Кеңес одағын қалпына кел­тіру мәселесі көзделген. Бұл жайында Путиннің өзі де талай мәрте айтқан. Атап айт­қан­да, орыс жерлерін қайта қай­тару тұрғысында ерекше “армандары” бар. Ал Беларус мемлекеті үшін бірінші кезекте экономикалық жоба болды. Яғни, бұл елдегі демо­кра­тия­ның аяққа тапталуына қатыс­ты Еу­ро­па­лық мемлекеттердің енгіз­ген санкциялары бар. Екінші жа­ғы­нан бұл елдің шығаратын өнім­дері әлемдік нарық үшін сапасы төмен, бәсеке­лес­тік­ке қа­бі­лет­ті емес. Сондықтан Беларус мемлекеті осы тұрғыда ТМД кеңістігінде өз тауарларын сатуға аса мүдделі. Осы мақсатқа интеграциялық ұйым­ның айтарлықтай оң әсері бар. Себебі аталмыш интеграциялық ұйымның аясында енген үш мемлекет өте жоғары кеден баж­дарын қойған болатын. Тиісінше, үшінші мемлекеттерден келетін импорттың бағасы күрт қымбаттап кетті де, бұған дейін сұранысы төмен болып келген ресейлік және беларус тауарлары бәсекеге «қабілетті» болып шыға келді. Айталық, Бела­рус­тің тракторлары, тоңазыт­қыш­та­ры, үй жиһаздары немесе Ресей­дің станоктары, «Лада» се­кіл­дері көліктерінің сатылым бел­сен­ділігі артты. Себебі Ке­ден­дік одақ салдарынан күрт қым­баттаған импортты қалтасы көтермеген отандастары­мыз одақтас елдердің тауарларына тәуелді болып қалды. Яғ­ни, қа­зақ­стандық тұтынушылар белгілі бір дәрежеде отан­дық өн­ді­ру­ші­лерімізді емес, отандық ша­ғын бизнесті емес, бөтен мем­ле­кет­тердің бизнесін, экономикасын қаржыландырып отыр. Қа­зақ­стан үшін де бұл эконо­микалық жоба болды. Өкі­ніш­ке қарай, сол өткен бес жыл­дың ішінде, әу баста көз­дел­ген тиімді мақсаттарға, же­тіс­тіктерге қол жеткізілген жоқ. Әу баста интеграция нәтиже­сін­де тауар­лардың сапасы артады, ба­ға төмендейді, халықтың әлеу­мет­тік жағдайы жақсарады деп кү­тілген еді. Іс жүзінде бәрі ке­рі­сінше көрініс беруде. Сапа тө­мен­деді, баға өсті. Мәселен, азық-түлік, жанар-жағармай, ком­мунал­дық төлемдер бағасы өс­ті.
Осы күнге дейін Қазақстан­ның Дүниежүзі сауда ұйымымен келіссөздері біршама деңгей­ге жеткен болатын. Тіпті Кеден­дік одақтың алғашқы келіссөзде­рі жүргізіліп жатқан тұста, Ресей оған мүше мемлекеттердің ДСҰ-ға бірге енетіні жайында да мәлімдеме жасады. Алайда, келіссөздердің ДСҰ саясатына қайшы келетіндігі салдарынан Кедендік одаққа мүше мемлекеттер тұтас одағымен ДСҰ-ға мүше бола алмайтын болды. Сөйтіп, Ресей сөзінде тұрмады. Кедендік одақ бойынша, әріптестерін орта жолда қалдырып, 2012 жылы өзі жеке дара ДСҰ-ға мүше болып кетті. Қазақстан болса әлі енген жоқ. Беларустің тіпті енетін түрі жоқ. Ал енді Үштік одақ­тың құ­ра­мы Армения және Қырғыз мем­ле­ке­тімен толықпақ. ДСҰ құра­мын­дағы Қырғыз­стан­ның ЕАЭО-ға кіруі өз ішіндегі қа­рама-қайшылықтардың одан әрмен өршуіне әкеліп со­ға­ды. Жә­не ең бастысы, әу баста Ке­ден­дік одақтағы келісімдер тең дә­ре­же­де болды, интеграция тең дәрежеде жүргізілді деп айту қиын. Бұл енді бел­гі­лі фак­тілер. Айталық, Кеден­дік одақ­тағы ең негізгі алғышарт – ор­тақ кедендік баждар. Ор­тақ Кедендік кодекстегі бел­гі­ленген салықтар, баж салығы­ның 92% Ресей орнатқан жүйе болып табылады. Ал қалған 8 пайызы ғана Беларус пен Қа­зақ­стан­ға тиесілі. Яғни бұл жерде еліміз­дің экономикалық мүд­де­сі толыққанды қарасты­рыл­ма­ған. Кедендік одақ­тың ең негізгі органы – Кеден­дік комиссия деп аталады. Яғни оның қандайда бір шешімдері Қазақстан, Ресей, Беларус мем­лекеттерінің Үкіметтері­не орындалуы шарт. Бұл ұйым­дағы да дауыстың 3-тен 2-сін Ресей тарапы иемденген. Жә­не сол шешімдер көпші­лік дауыс­пен қабылданады яғ­ни Ре­сей­дің айтқаны жүре­ді. Жә­не бұл ұйымға ұзақ уақыт төр­аға­лық­ты Ресейдің өкілі Виктор Христенко жүргізді. Енді міне, биылдан бастап Еура­зия­лық экономикалық одақ­қа еніп отырмыз. Бұл жа­ңа­ғы ке­ден­дік одақтан бас­тал­ған ин­те­гра­цияның келесі бас­пал­дағы. Яғни әу баста тең және әділ деңгейде емес осындай ин­те­гра­циялық ұйым одан әрі ты­ғыз ық­пал­дастыққа кө­шіп отыр. Бұл өз кезегінде белгілі бір тәуе­кел­дерді, алаң­дау­шы­лық­тар­ды туғызады. Тағы айта кете­тін жәйт, бұл интеграция­лық ұйымның тек экономика­мен шектелмейтіндігі. Ресей бұ­ған мүмкіндігінше саяси сер­пін беретіндігі байқалып отыр. Оны Ресей жағы тіпті жасырып та отырған жоқ. Ортақ парламент, ортақ валюта, ортақ ақпарат­тық кеңістік, ортақ қорға­ныс жа­сақ­тау тіпті Қазақ­стан­дағы қа­зақ мек­теп­тері­не қа­зақ тари­хы­ның оқу­лы­ғын біз жазып бе­ре­міз деген пікірлер үл­кен алаң­дау­шы­лық туғызады. Әсі­ресе, осы 2013-2014 жылдары ара­лы­ғын­да орын алған оқи­ға­лар­ды ес­ке­ре­тін болсақ, бо­ла­шақ­қа бү­гін­нен бастап қам­дан­ға­ны­мыз жөн.
Мысалы Украинадағы соғыс­та Ресейдің сепаратистерге астыртын қолдау көрсетуі, ха­лық­аралық талаптарды аяққа таптап, өзіне жақын бауырлас ел­дегі Қырым түбегін тартып алғаны қатты алаңдатады. Ук­раи­на­ның оңтүстік шығы­сын­дағы арандатушылық әрекет­те­рі салдарынан қазір Ресейге қар­сы халықаралық қысым күшеюде, санкциялар үдеп барады. Әрине, бұл санкциялар Қазақстанға да кері әсерін тигізетіні сөзсіз да. Себебі Ресей қалай болғанда Қа­зақ­станның ең ірі саяси, сауда, эко­номикалық, инвестиция­лық әріп­тесі. Сондықтан Ресей­дің басындағы бүгінгі келең­сіз­діктер Қазақстанды айналып өт­пек емес. Оның үстіне Ке­ден­дік одақтың «арқасында» біз­дің тәуелділігіміз де соң­ғы жылдары біршама ұлғайып кетті. Айталық, Ресейде тұты­ну тауарларының бағасы көте­ріл­се, бізде де сол сценарий қай­та­ла­нады. Ресейде валютасы құнсызданса, бізде де теңгенің девальвациясы болады деген сиқты жағдайлар. Енді мі­не, Еу­ра­зия­лық экономикалық одақ ар­қы­лы күшейтілген интеграция жағ­дайында алаңдау­шы­лық­тар артып отыр. Осының бар­лы­ғын екшей келе, еліміз үшін табыстар мен жетістік­тер­ден гөрі ұтылар тұстарымыз артып отырғандығын аңғаруға болады.
– Демек бұл одақтың бо­ла­ша­ғы бұлыңғырланып тұр­ға­ны ғой...
– Одақтың болашағы бұ­лың­ғыр болатын шығар. Себебі, жо­ға­рыда атап өткеніміз­дей, одақ­қа мүше мемлекет­тер­дің мүдделері әрқалай болды. Беларус үшін экономикалық әле­уе­тін сақ­тап қалу әрекеті, Қа­зақ­стан үшін бәлкім эконо­ми­ка­лық жа­ғы, қауіпсіздік жа­ғы, Ресейдің ашу-ызасына тимеу ре­ті болатын шығар. Ал Мәс­кеу үшін бұл орыс жерлерін жинау, үс­тем­дігін орнату, Ресейдің тізеден тік тұруының бір жолы. Тіп­ті Ресей империясын қал­пына келтірудің әрекеті дер едім. Себебі жекелеген ресейлік саясаткерлердің көршілес мемлекеттерге қатысты «бұлар то­лық­қанды мемлекет болмаған немесе бұларды Ресейдің губерниясы ретінде қосып алуымыз керек» деген пікірлері осы­ған саяды. Сонымен қатар, осыдан бір ай бұрын Путиннің айт­қа­нын еске түсірсек. «Ресейдің өз аумағынан тыс екі ғана әскери базасы бар (Біреуі Қыр­ғыз­станда, екіншісі Арменияда). Одан басқа өз аумағынан тыс әскери базасы жоқ» деді. Алайда Қазастанның жерінде алты әскери базасы бар. Алып жатқан ау­ма­ғы Польшамен пара-пар. Оларды Путиннің сырттағы әс­кери база деп санамауының өзі­нен нені меңзегендігін аңғаруға болады. Яғни Ресей саясаткерлерінің ойында Еуразиялық экономикалық одақ белгілі бір дәрежеде сол Ресей империясының синонимі іспеттес.
– Бүгінгі таңда Қазақстан­ға бағытталған ақпарат­тық экс­пансия күшейген үсті­не кү­шеюде. Осы қоғамға түр­лі­ше әсер ететін ықпалды күш жа­ңа қауіп-қатерлер туындатпай ма? Айтыңызшы, Қа­зақ­стан өзінің ақпа­рат­тық ке­ңіс­ті­гін жат пиғылды идея­лардан қор­ғау­ға қауқарлы ма?
– Қауқары менің ойымша шамалы. Қазіргі XXI ғасырды ақ­парат пен ақпараттық техно­ло­гия­лардың заманы деп атаймыз ғой. Ал өткен ХІХ, ХХ ға­сыр­дың басында халықара­лық қа­ты­настарда қысым көрсету не­гізінен әскери соғыс арқы­лы болса, соңғы онжылдық­тар­да біз­дің байқайтынымыз осындай қысым көрсетулер көбіне эко­но­микалық, қаржылық және ақ­па­раттық көздер арқылы іске асырылуда. Сондықтан өзі­нің еге­мен­дігін, тәуелсіздігін ойлайтын ел қауіпсіздік дегенде тек қана әскери қорғаныс­ты ға­на ойламай, экономи­ка­лық, сауда, азық-түлік және ақ­па­рат­тық қауіпсіздікке үлкен мән беруі керек. Бұл – халық­ара­лық қа­ты­нас­тардың аксиомасы. Мұ­ны­мен әлемнің барлық мем­ле­кеттері айналысады. Мә­селен, АҚШ болсын, Еуропа болсын қанша жерден сөз бос­тан­ды­ғы дегенмен, олар өзінің ақ­па­рат­тық кеңістігін қы­ра­ғы­лықпен бақылап отырады.
Мәселен, Ресейдің Астрахан, Омбы, Саратов секілді шекаралас аймақтарында бірталай қан­дас­тарымыз тұрып жатыр. Ке­зінде біздің солтүстік өңір­лерде, батыс өңірлерінде шы­ға­тын жекелеген газеттерімізді Ре­сей­дің өзіне емес, тіпті сол шекаралас аймақтарға жеткізейік, Қазақстанда болып жат­қан оқиғалардан хабардар болсын деген мақсатпен мәселе кө­те­ріл­ген еді. Алайда со­ның өзіне түрлі «желеулермен» рұқ­сат берілмеді. Сондағы Ресей елшілігінің айтқаны «таралымы өте шектеулі, бірінші­ден, орысшаға аударасыздар, но­та­риал­дық куәландырудан өт­кі­зе­сіз­дер, сосын бізге әке­ле­сіз­дер, біз Ақпарат министр­лі­гі­не жі­береміз және мақұлдай­тын болса, сонда ғана оқыр­ман­ға таралады» деді. Бұл енді тек Ре­сей­дің ғана әрекеті емес, бү­кіл мемлекеттер осымен айналысады. Ал біз түрлі себептермен ақпараттық кеңіс­­­ті­гі­міз­дің «есігін» айқара ашып қой­дық. Әсіресе ресей­лік БАҚ-тар алдында. Салдарынан – тәуелділігіміз өте зор. Әлем­де болып жат­қан оқи­ға­лар­ға өз «терезе­міз­ден» емес, басым жағдайда ресейлік ақпарат құралдарының кө­зі­мен қарайтын болдық. Себе­бі, өзіміздің БАҚ-тар­дың мүмкіндіктері өте шектеулі. Шет елдердегі «ақпа­рат­тық бекеттер» жоқтың қа­сы. Болса да санаулы ғана. Тиісін­ше, отандық ақпарат кеңіс­ті­гін­де­гі телеарнаның болсын, газет­тердің болсын басым үлесін Ресейден шығатын ақпарат көздері құрап отыр. Бұл–іс жүзінде ақпараттық экспансия. Тіпті өзі­міз­дің Қазақстан­да шы­ға­тын, қа­зақ­стандық са­лық тө­леу­ші­лердің есебінен шы­ға­тын газеттердің өзінде сол ресей­лік сарынды байқаймыз. Мысалы ОРТ-Евразия арнасы­ның ақпараттық саясатын алып қа­райық. Украинадағы сепара­тизм­ді ақтау, ресейшіл аранда­ту­шы­ларды мадақтау осының бар­лы­ғы ақпараттық шабуыл­дың бір түрі. Айналып келгенде бұл қазақстандық азамат­тар­ға кері әсерін тигізіп отыр. Есі­ңіз­де болса, бұған дейін біз­дің бірталай азаматтарымыз Украинадағы сепаратис­тер жағында соғысуға ке­тіп қалды. Мүмкін бұл бір жағы­нан өздерінің жіберген қателікте­рі шы­ғар. Алайда бұл жерде мем­ле­кеттің де жауапкерші­лі­гі болуы тиісті. Буыны қатпа­ған жап-жас жігіттер ертеңнен қара кешке дейін ресейлік арналарды қарайды, біржақты ақпаратқа сенеді және соның жетегін­де ке­тіп жатыр. Мұндай келең­сіз­дік­тер ішкі қауіпсіздігі­міз­ді сетінетуге жетелейді. Жалпы өзінің ақпараттық кеңістігін бөтен мемлекетке беріп алған ел­дің қауіпсіз жағдайдамыз деп жай­ба­рақат отыруы қисынсыз. Ерте ме, кеш пе, осындай ақпа­рат­тық қару Қазақстанның би­лігіне, мүдделеріне, азаматтарын біріне-бірін қарсы айдап са­лу­ға қолданылуы мүмкін. Мә­се­лен, бүгінгі таңда Ресейге ең жақын мемлекет Беларус болып табылады. Сол Беларусқа Ресей осыдан 3-4 жыл бұ­рын ақ­па­рат­тық соғыс жария­ла­ған болатын. Лукашенко­ның би­лі­гі­не қарсы, президен­ті­не халқын қар­сы қоюға негіз­дел­ген ма­қа­ла­лар жазылды. Сон­дық­тан елі­міз­дегі отандық ақ­парат құ­рал­дарын барынша дамыту үшін осы саланың мамандарына мүм­кін­діктер жасау керек. Ал ақпа­рат­тық экспансия тәуел­ді­лікке ұрын­дырады.
– Енді осы Қазақстанның ақ­парат нарығының басым бө­лігін жаулап алған ресейлік телеарна, интернет-сайт, газет пен радио тұтынушыларын қазақ тілді БАҚ-тарға «қай­тару» үшін не істеу керек?
– Алдымен ресейлік ақпарат құралдарының санын шектеу керек. Мысалы біздер Ресейдің жекелеген қалаларында не болып жатқанынан хабардар болып отырамыз да, көрші Өзбек­стан­да не болып жатқанын біл­мей­міз. Ата заңымызда «Қа­зақ­стан өзін де­мократиялық мемлекет ретінде орнықтырады» деп көр­се­тіл­ген, ал азаматтары­ның таң­дау құқы неге бұзылады? Олар Қазақстаның да, Өзбек­стан­ның да, Түркияның да, Әзер­бай­жан­ның да арналарын көр­сін.
Яғни ақпараттық нарықтың үлкен бөлігін алып жатқан Ресей ақпарат құралдарының үлесін азайтып, орнына басқа елдердің арналары енгізілгені дұрыс. Мысалы, Қытайда қазақтілді төрт арна бар, солардың бір-екеуін неге көрсетпеске!?. Cонымен қатар әрине, өзіміздің төл қазақ баспасөзін дамыту алдыңғы орында болуы қажет. Осыны жүзеге асыруға тәжірибеміз де, бі­лікті мамандар да жеткі­лік­ті, тек қана оларға мүмкін­дік­тер бе­рілсе болғаны. Мәселен, біз­дегі ақпарат құралдарына жыл сайын қыруар қаржы бө­лі­неді. Алайда олардың үлес­ті­рі­луі көңіл көншітпейді. Кө­бі­не сол мемлекеттік тапсырыс ре­тін­де орындалады. Одан қалды ресейшіл кейбір ақпарат құралдарына жіберіледі. Ал шын мәнісінде халықтың көңі­лі­нен шығатын, әржақты ақ­паратты беретін тараптарға ол ақша онша тие бермейді. Екінші жағынан цензура мәселесі бар, үшінші жағынан Ресейдің қысым жасауы бар. Мысалы елдегі бірен-саран ақпарат құрал­дары ғана Украинаға қатысты ха­лық­қа шынайы ақпарат беруге тырысты. Алайда олар­дың өздеріне қаншама қысым жасалды. Бір ғана «Таң» телеарнасы Украинаға барып шынайы ақпаратқа негізделген бағдарлама түсіріп келді. Алайда эфирден алынып тасталды. Немесе «Адам бол», «Аңыз адам» журналдарына қатысты мәселелер сол Ресей елшілігінен басталған болатын. Олар «Қазақстанда мұндай ақпарат құралдары болмауы» керек деп тікесінен айтқан еді. Бұл өзге елдің ішкі ісіне араласу, ха­лық­аралық заңдарды бұзу ғой. Сот, әкімшілік жағынан қысым жасау дәл осы мәлімдемеден кейін басталды.
– Кейбір саясаткерлер «елі­міз латын әліпбиіне көшсе, апа­рат­тық тәуелсіздікке қол жет­кізуге оң ықпал етер еді» деген пікірлер айтады. Сіздің бұ­ған көзқарасыңыз қандай?
– Біздің төл жазуымыз сонау Орхон-Енисей жазбаларынан бастау алатыны белгілі. Бір­ақ олар кейіннен ұмыт болды. Тілдік қолданыс тарихымызда төте, латын және кіріл алфавиттері болды. Жалпы бұл жақсы бастама. Бүгінгі таңда соған көшкен Әзер­байжан, Түркия секіл­ді бір­неше бауырлас түркітілдес мемлекеттер бар. Түркмендер өтуге талпынып жатыр. Бәлкім осы жағынан бұл дұрыс та шығар. Өз басым қолдаймын. Дегенмен, дәл қазіргі жағдайда бұл мәселені төтесінен қоюға әлі ертерек секілді. Өйткені, қазақтардың 30–40 пайызы, өзге этностардың 90-95 пайызы қазақ тілін білмеген жағдайда бірден латынға көшу дүрбелең туғызатын әрекеттерге әкеліп соқтыруы ықтимал. Сондықтан арбаны аттың алдына қоюдың қисынын көріп отырғаным жоқ. Яғни қазақ тілінің мәселесі өз деңгейінде шешілген жағдайда екінші қадам ретінде латынға көшуге болар.
– Қазақстанды әлем­нің озық ел­деріне кеңінен таныс­тыру үшін Отандық ақпарат құ­рал­дарымыздың әлемдік ау­ди­то­рия­ға кірігуі қажет еке­ні даусыз. Мұның тетікте­рін қа­лай жүзеге асыруға болады?
– Қай салада болмасын (мейлі ол саясат, экономика, сауда т.б) алға жылжу­дың бір­ден-бір жолы – шынайы бәсе­келес­тік. Яғни қайсы креа­тив­ті, тәжірибелі, кәсі­би дең­гейі жо­ғары сол суырылып алға шы­ға­ды. Жоғарыда айтып өт­ке­нім­дей, отандық ма­ман­дар­ға ашық әрі әділ бәсе­ке­ле­стікке тү­суге мүмкіндік беру өзімізді әлемге таныту тұрғысынан да, наси­хат­тық жағынан да ауадай қажет. Бүгінде біздің бір ғана арнамыз спутниктік желі ар­қылы шетелдерге шығып отыр­ған жайы бар. Ол жазылуы да қате Kazakh TV арнасы. Арнаның мазмұндық және ақ­па­рат­тық танымдық жағын жо­ға­ры дәрежеде деп айту қиын. Себебі, мықты мамандар ол жерге жинақталмаған, жақсы әре­кеттер жүргізіліп отыр­ған жоқ. Біздер «Қазақстанды бәрі біледі, бәрі сыйлайды, әлем қауым­дастығы мойындайды» деп соғамыз. Ал енді шетелге шықсаңыз, Қазақстанды бі­ле­тін болса сол ТМД елдері біледі. Бәлкім Түркия, Қы­тай­дың сол Шыңжаң өлкесі білер. Одан басқа біліп жатқан елдер шамалы. Мысалы өз басым АҚШ-та, Араб мемлекет­те­рін­де, Еуропада болдым. Сонда өз жерің туралы сұрай қалсаң Қа­зақ­станның қай жерде орна­лас­қанынан да бейхабар. Мұ­ның барлығы біздің ақпа­рат­тық саясатымыздың осал тұс­тарын көрсетеді. Бірақ ондай жағымсыз үрдістерді өзгертуге болады. Әлемдік тәжірибелер жет­кілікті. Мысалы кішігірім Қа­тар деген мемлекет бар. Сол елден осыдан 15 жылдай бұрын Әл-Жазира жерсеріктік телеарнасы іске қосылды. Бірталай қар­жы бөлді. Ашық әрі шынайы бә­се­келестік нәтижесінде маман-кадрларды жинады, мықты штатты жасақтады. Соның нә­ти­жесінде Қатардың мүддесін жүргізетін ғана емес, жақын жатқан Араб мемлекеттерімен қатар бүкіл әлемге танылған қуатты ықпалға ие арнаға айналды. Әл-Жазираны бүгінгі әлем­дік нарқасқа БАҚ-тар қата­рын­да­ғы ВВС, СNN-дердің дең­гейін­дегі ірі ақпарат құра­лы деуге болады. Алғашында олар­дың алдына қойған мақсаты Қатар­дың мүддесін ғана жүргізу, көз­қа­расын таныту болды. Кейіннен бұл мақсаттарын басып озды да, қазіргі кезде үлкен бір стратегиялық саяси ықпалға ие күш­ке айналды. Яғни мұның ақ­парат­тық-насихаттық жағы ғана емес, қауіпсіздікте, басқа елдерге ықпал етуде үлкен рөл ойнайтындығына көз жеткіземіз. Өкінішке қарай, өткен 23 жылдың ішінде біз отандық ақпараттың әлеуетін асырумен сындарлы, мардымды түрде айна­лысқан жоқпыз. Дегенмен, кі­шігірім Қатар мемлекетінің қо­лынан келген шаруаға біздің де әлеуетіміз жетеді, тек осымен кешенді түрде айналыссақ бол­ғаны.
– Расында да, еліміз тәуел­сіз­дік алған жылдардан бермен қарай «алдымен экономика, сосын саясат» ұс­та­ны­мында болды. Ендігі кезекте билік ақпараттық кеңістіктің техникалық және психикалық тұр­ғыдан қорғалуын жіті қол­ға алатын кез келді дейсіз ғой.
– Әрине, ақпарат деген тек қа­на болып жатқан оқиғалар ғана емес қой. Ол азаматтық ұс­танымды, тарихи, мәдени, саяcи тұрғыдан көзқарасты қа­лып­тастырады. Мұның бар­лы­ғын азаматтар, студенттер, оқу­шы­лар қай жерден алады? Әри­не, кі­таптан, теледидардан, газет беттерінен алады. Ал кітапха­нада 80–90 пайыз ресейлік кі­тап­тар болатын болса, телеарна­ны қо­сып қалса, бөтен ел­дер­дің бағ­дарламалары сайрап тұрса, қа­лайша қазақи негіздегі азамат қалыптасады?! Бұл да үлкен мәселе. Кезінде Мұстафа Шоқайдың «Бала қай тілде білім алатын болса, түбінде сол халыққа қызмет етеді» деп айт­қа­ны бар. Ана тілінің уызына жарымаудың салдарынан өз билігінен өзге елдің билігіне жалтақтау, бүйрегі бұру се­кіл­ді үрдістер тоқталмақ емес. Ал тарихты дәріптеу, оны зерттеу, насихаттау ақпаратқа ке­ліп ті­ре­ле­ді. Осы арқылы сапалы ұлт қалыптасады. Ал ұлт­ты ұлт ететін – ортақ тіл, ор­тақ мә­де­ниет, ортақ ұстаным секілді құн­ды­лық­тар. Мұның көп­ші­лігін жасайтын осы ақпарат құ­рал­дары.
– Өкінішке қарай, бү­гін­де те­леарналарда сауатты қа­за­қи ток-шоулар, сарап­та­ма­лық хабарлар сау­сақ­пен санарлық қана. Қал­ға­ны арзан ойын-күлкі­лік бағ­дар­ла­ма­лар мен ішкен-же­ге­нін ай­татын әншілер туралы ха­бар­лар. Бұл түптеп келгенде кө­рер­мен­ді мезі етеді ғой. Жағ­дай­ды оңалтудың жол­да­ры қандай?
– Біздің қоғамда елдің іш­кі-сыртындағы оқиғаларға қа­тыс­ты ақпараттық-тұтыну­шы­лық сұраныс бар. Алайда осы сұ­ра­нысты отандық ақпарат құ­рал­дары жеткілікті дәрежеде өтеп отырған жоқ. Телеарналар тек қана әзіл-сықақпен ға­на шектеліп қалмайды ғой. Сон­дықтан телеарналар­да­ғы бұл құ­бы­лыс қоғамдық ойды, сананы басқа бір арнаға аудару, өмір шындығынан аластату әре­кеті іспеттес. Өз тілін, ді­нін, мәдениетін ұмыт­ты­ру әре­ке­ті де болуы мүмкін. Ал өр­ке­ниет­ті елдерде керісінше, өз­де­рі­нің аза­мат­та­ры­ның санасын қа­лып­тас­ты­руға баса назар аударылады. Түрлі ток-шоулар арқылы, зерттеу ма­қа­ла­лары ақылы мем­ле­кет­тің сая­сатын тү­сін­ді­ріп отырады. Тіп­ті Ре­сей­дің арналарында да әзіл-қал­жың­ға негіз­дел­ген шоу­лар көп болса да, жақсы са­рап­тамалық бағ­дар­ла­ма­ла­ры жоқ емес. Ал Араб мем­ле­кет­тері, Еуропа елдерінде тұ­щым­ды ток-шоулар, са­рап­та­ма­лық бағдарламалар өте көп. Аза­мат­тарымыздың ой-түй­сі­гін қалып­тас­ты­ра­тын, мә­де­ни, тарихи иммунитетін арт­тыратын дү­ние­лер бізде өкі­ніш­ке қа­рай жоқ. Тіп­ті бол­ған дүние­лер­дің өзін түр­лі себептермен жауып тастап отырмыз. Қаржы бөл­ме­се де, ең құ­ры­ған­да мүм­кін­дік берсе тұщымды дү­ниелерді өз­дері-ақ жасар еді. Әрине, Қа­зақ­стан­ның ақ­па­рат ке­ңіс­ті­гін­де осындай ол­қы­лық­тарға жол бе­рі­луі өзге мемлекеттерге өте тиімді екені анық. Ер­те­ңін ойлайтын мемлекет мұн­дай кемшіліктерге көз жұ­мып қа­рау­ына болмайды. Сон­дық­тан саяси ерік жігермен кем-ке­тік­те­рі­міз­ді түзейік, әйтпесе кеш болады.

Сұхбаттасқан Ерлан БАПАНОВ.

 Абай.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз