Ал Шымкентте шенеуніктердің кесірінен 200-ге тарта отбасы жерсіз қалды. Қала сыртындағы «Солтүстік саяжай» шағын ауданын әкімдік 2011 жылдан бері тұрғындарға үй салу үшін жаппай сатқан. Қыруар қаржыға жер алып қарық болғандардың көп ұзамай қуаныштары су сепкендей басылды. Себебі, учаскелер жеке кәсіпкерге тиесілі екен. Енді қолдарында құжаттары бар адамдар жер сипап қалды. Ал, әкімдік болса бұл бұрынғы шенділердің былығы деп бет бақтырмай отыр.
Әлия Ошаеваның көп жылдан бері үш баламен пәтер жалдап тұрған. 2012 жылы алған жеріне осы үйді тұрғызды. Қала сыртынан болсын әйтеуір өз баспанамыз болады деп қуанғаны да көпке созылған жоқ. Баспанасының құрылысы бітпей жатып-ақ бұл жерге құқы жоқ екенін біліп аң-таң.
Әлия Ошаева, Шымкент қаласының тұрғыны:
-Осы жерді сатып алған кезде өзімізше бір қуанып едік. Қандай шығынға түсіп, осы үйге қанша ақша шығардық. Енді сол арманымыздың күл-талқаны шықты.
Бұл шағын ауданда Әлияның күйін кешкен 200-ге тарта отбасы бар. Бәрі 10 соттықтан жер алғандар. Учаскелерінің 2004-тен бері өзге иесі барын енді естіп отыр.
Ержігіт Сариев, Шымкент қаласының тұрғыны:
-197 отбасының барлығы құжаттарын жинап, әкімшілікті, қалалық жер комитетін, кадастр, Әділет басқармасын барлығының үстінен қылмыстық іс қозғауға сотқа арызданамыз. Өйткені, бұл жерді біз өз қаражатымызбен сатып алдық.
Ал, 20 гектар жерді осыдан 10 жыл бұрын шымкенттік кәсіпкер Әмірхан Шүменов сатып алған екен. Салық төлеп отырған жерін сатылып кеткенін білген соң әкімдікпен де соттасқан.
Әмірхан Шүменов, кәсіпкер:
-Алаяқтық, жемқорлық та бар.Біліп тұрып сатып жіберген ғой.
-Кімдер?
-Жаңағы кадастр бөлімі бар, жаңағы әкімшіліктер, баяғы әкімдер, комиссия мүшелері бәрінің білмей қалуы мүмкін емес.
Егістікке делінген жерді халықтың үй салуына бөліп берген шенді Арман Исмаилов қазір тіпті Ақмола облысының кадастр бөлімінде қызмет етеді екен. Қолын мезгілінен кеш сермеген әкім-қаралар енді тек сот шешеді деп мүләйімсиді.
Қасымбек Сайлауов, Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы:
-Кадастр бөлімшесі тоқтату керек еді. Сол жеке кәсіпкердің жер учаскесін заңдастырған. Ол жер учаскесі еш азаматқа берілмейді деп тоқтау салу керек еді.
Шенеуніктер енді өз шикіліктерін мемлекет есебінен толтыруға үмітті. Яғни, сот шешім шығарып,197 тұрғынға басқа жер немесе өтемақы төлетсе дейді.
–Енді алданған тұрғындар жер дауын ушықтырған басшыларды сотқа бермек. Оларға жердің қазіргі қожайыны кәсіпкер Шүменов те қосылмақ. Тек, Шымкентте бос жатқан 20 гектар жердің жоғын ескерсек, халық соттан жеңіп шыққан күннің өзінде жерсіз қалатын түрі бар.
источник: КТК