Атырау облысында «Тойота» минивэні «Мерседес» үлкен жүк көлігімен соқтығысқан. Салдарынан 3 адам мерт болды. Қаза болғандардың ішінде кішкентай бала да бар.
Жол-көлік оқиғасы 7 қаңтар кешке Атырау-Құлсары күрежолының бойында болған. Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласынан шамамен 30 шақырым жерде.
Жол-көлік оқиғасы болған жерде минивэндегі екі ересек адам және бір бала мерт болды. Қаза болғандардың бәрі де – Украина азаматтары.
«Апатқа ұшыраған минивэнде украиндық нөмір белгілері болған. Бірқатар сараптамалар тағайындалды. Тергеу жүргізілуде», – деп хабарлады өңірлік ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира Мұхтарова.
Еске сала кетсек Атырау облысында күшті қар жауды. Күн жылы болғандықтан қар еріп, кешке қарай мұз қата бастады, жолдар өте тайғақ болған еді.